Өз болашағымыз үшін техникалық мамандықты меңгеру керек

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдында өте маңызды міндеттер белгіленіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық беруді талап етті. Олай болса, ең алдымен бәсекелестік нарығына қажетті кадрларды даярлауда білім беру мазмұнын трансформациялау мен колледждердің академиялық дербестігі туралы айтқан жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет» деп қадап айтқан болатын. Облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру саласында бұл бағыттағы жұмыстар бұрнағы жылдардан бері оңтайлы жүргізіліп келеді. Әсіресе, жастардың басым бөлігі техникалық, өңдеуші, құрылыс секілді бүгінде нарықта аса қажет мамандықтарға ден қойып жатқанына ерекше назар аударғым келеді.

Кәсіптік және техникалық оқытуды жаңғыртудың өте маңызды бағыттарының бірі – колледждерге түсу үшін талапкерлердің қолжетімділігін сапалы қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жерде 9 сынып бітіріп келген талапкерлерге басымдық беріледі. Республика бойынша 9-сыныптар базасында колледждерге қабылдау жыл сайын ұлғайып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін цифрландыру жалғасын табады. Жұмыс берушілер кадрларды даярлау процесіне белсенді тартылып, дуальді оқытуды қолдану кеңейтіледі. Агросалаға мамандар даярлайтын колледждердің жұмысын дамытуға және жетілдіруге көп көңіл бөлінеді. Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде педагогтердің біліктілік деңгейін және білім беру менеджментін арттыру бойынша да жұмыстарды жолға қойып, жалғастыруда.

Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 32 колледж бар, олардың 26-сы мемлекеттік және 6-уы жеке меншік болып табылады. Аталмыш ұйымдарда 22 мыңға жуық студент білім алады, оның ішінде 17,5 мыңы немесе 80 пайызы бюджет қаражаты есебінен оқиды. Кадрларды даярлау экономиканың 10 саласы бойынша жүргізіледі, яғни, еңбек нарығында сұранысқа ие 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша оқытылады.

Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, студенттердің 44 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша мамандануда, атап айтқанда дәнекерлеу ісі, токарьлық іс, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, электрмен жабдықтау, маркшейдерлік іс, пайдалы қазбаларды байыту (кен байыту), жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары, пайдалы қазбалар кен орындарын ашық игеру, машина жасау технологиясы, сәулет, автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу және пайдалану, темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы секілді тағы басқа біліктіліктер бойынша білім алуда.

Мемлекеттік тапсырыс білім берудің екі деңгейіне – техникалық және кәсіптік білім беру және орта білімнен кейінгі білім беруге (қолданбалы бакалавриат) бөлінеді. Қолданбалы бакалавриат шеңберінде техникалық бағыт бойынша кадрлар даярлау машина жасау технологиясының қолданбалы бакалавры, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, автомобиль жолдары мен әуеайлақтарды салу және пайдалану мамандықтары бойынша жүргізіледі. 2021-2022 оқу жылында бюджеттік орындардың 49 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді. Сонымен қатар, биыл дуальді оқытуға 440 кәсіпорын тартылып отыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша әрі дуальді оқытумен қамтылған студенттердің үлесі 22 пайызды құрап отыр.

Облыстағы дуальді оқытуға қатысатын колледждердің негізгі серіктестері ретінде «Степногорск еуропалық подшипник корпорациясы», «Тыныс», «Қазақалтын тау-кен металлургия комбинаты», «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамдары мен «Ст Агро», «Новопэк», «Көкшетау Жолдары», «РегионСтрой», «Степногорск энергокомплекс», «Степногорск Теплотранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін және тағы басқа ірі кәсіпорындарды атап өтуге болады.

Облыстың «Жас маман» жобасына қатысуы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға көп көмегін тигізуде. Өңірде аталған жоба 2019 жылдан іске асырылып келеді. Облыстың 11 колледжі конкурстық республикалық іріктеу арқылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айқындаған, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру процесі үшін озық жабдықтар сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

2020 жылы жобаға облыстың 5 колледжі қатысып, оларға заманауи оқу жабдықтарын сатып алуға республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаражат бөлінді, сонымен бірге облыстық бюджеттен 80 миллион теңге қоса қарастырылды. Бұл колледждер қатарында Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі, құрылыс-технологиялық колледжі, Щучинск қаласының жоғары техникалық колледжі, Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледжі, Степногорск қаласындағы жоғары колледжі енді.

Сөйтіп, машина жасау технологиясы, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, тамақтандыруды ұйымдастыру, сәулет, жиһаз өндірісі, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және өнеркәсіпте пайдалану, автомобиль көлігі, механикалық өңдеу, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика мамандықтары бойынша оқу орындарына жабдықтар сатып алынды. Бұл өңіріміздегі белді кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлауға үлкен сеп болады.

Былтыр, «Жас маманға» 6 колледжіміз қатысты. Олар Атбасар қаласындағы аграрлық-индустриялық колледжі, Краснояр селосындағы агротехникалық колледжі, Щучинск қаласының орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі, Степногорск қаласының тау-кен техникалық колледжі, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі, Астрахан ауылындағы агротехникалық колледжі. Республикалық бюджеттен оларды жабдықтауға 1,7 миллиард теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 170,3 миллион теңге қарастырылды. Бұл оқу орындарына қазіргі заманғы оқу-өндірістік жабдықтарды сатып алу ауыл шаруашылығын механикаландыру, жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары, маркшейдерлік іс, пайдалы қазбаларды байыту, ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, орман шаруашылығы, бау-бақша-саябақ және ландшафтық құрылыс, өнеркәсіптегі электр механикалық жабдықтар мамандықтары бойынша жүзеге асты.

Жалпы, бұл жоба облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне үлкен қолдау көрсетуде. Олай болса, 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарды жаңғырту және енгізу нәтижесінде облыстың жоғарыда аталған 11 колледжі WorldSkills стандарттарына сәйкес келетін белгілі бір мамандықтар бойынша салалық орталықтарға айналады деп сенеміз.

Көгершін ҒАЛИАҚБАРОВА,
Ақмола облыстық білім басқармасының
техникалық және кәсіптік,
орта білімнен кейінгі білім беру
бөлімінің басшысы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар