Темірхан Ниязұлы бауырымызбен 2018 жылдың мамыр айында таныстық. Мені сол жылы осы Көкшетау жерінде орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетіне ректор лауазымына тағайындаған еді.
Ұжымда алғашқылардың бірі болып, Темекеңмен таныстым. Ол түсінікті де, Темекеңнің осы ұжымда істегеніне төрт-бес жылдың жүзі болған, әрі бірінші проректор қызметінде жергілікті жағдайды жақсы білетіндігі көрініп тұрды. Оқу орнының материалдық жағдайы, нысандары, оқытушылар мен ғалымдардың әлеуеті, жетістіктері мен осал тұстары жағынан көп мағлұмат алдым. Кейін менің алдағы жоспарларыма, негізгі бағыттарға күш салуға, олқылықтарын оңтайландыруға осы көп септігін тигізді.
Темірхан өзі оңтүстік елдің тумасы, киелі Түркістан жағынан, сүйегі қалың Қоңырат елінен, ал анасы солтүстіктен, осы Атбасар өңіріндегі Арғын, Алтай тармағынан. Жолдасы Ардақ Абай елінің қызы, Семейден екен. Өсіріп отырған ұл-қыздары бар, ұйып отырған отбасы екені көрініп тұрды. Өмірді көргені, көңілге түйгені бар азаматтығын кейін ақырын-ақырын жұмыс бабында араласа жатқанда байқадым. Екінің бірі ұлттық университетте істеп, шеткері оқу орнына келе бермесі анық. Өзім де Алматыда оқып, оқу орындарында істегендіктен әңгімеміз де тез жарасып, ортақ таныстарымыз табылып, оңтүстік жақтағы үйренген, бойымызға сіңірген жақсы бір қасиеттерді Көкше өңірінде де пайдалануға, іске асыруға атсалыстық. Әр өлкенің өзінің бір еркешеліктері, өзіне тән қасиеттері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, менталитеті болады.
Темірханның бауырмалшылдығы, қонақжайлығы, кісіге үйірлігі, өмірлік тәжірибесі, көптеген адамдарды білуі, тануы жұмыс барысында көп септігін тигізіп отырды. Бірге істеген үш жылдай уақыт ішінде біз қаншама рет көптеген іс-шаралар өткіздік. Конференция, мерейтойлар, тіпті, комиссиялар, тексерулер өтті, сонда бір байқағаным, Темірхан әрқашанда сабырлы, байыпты, тіпті жүзінен де ешбір абыржығанын, күйіп-піскенін байқамайтынмын. Қайта ақылға салып, асықпай ойлана отырып, өзінің шешімін айтушы еді. Содан өзің де сабаңа түсіп, қайсыбір істен абыроймен шығып кететінбіз.
Тағы бір таңқалғаным, Ардақ екеуі тез арада, қысқа мерзім ішінде Көкше жұртымен, осындағы жерлестерімен де, әріптестерімен де, етене араласып кетті. Бірінің қуанышын, бірінің қиындығын бөлісе жүріп, біте қайнасып жататын. Жігіттермен бірге аңшылыққа, балық аулауға барады, Бурабай, Зеренді, Айыртау, Сандықтау, Имантау дейсіз бе, осы өңірдің барлық сұлу жерлерін, қыр-сырын меңгеріп алған. Бірде Сандықтау-Балкашин аумағындағы ағаш ішіндегі керемет бір жерге алып барған-ды. Жанымызда ылғи сыйлы меймандар, бәріне Темекең әлгі әдемі алаңқай жерді көрсетіп, бір демалдырған-ды. Аталмыш шағын ғана оймақтай жерді ғалымдар да дәлелдеп, адамға жақсы бір аура сыйлап, табиғи таза әсер беретінін Темірхан толықтай айтып, қонақтарды таңқалдырып еді. Кейін «Тұлпар» атты сауықтыру кешеніне алып келіп, өз қолынан дәмді етіп, өзбекше палау да жасап беріп еді.
Оқу орнының жұмысы көп, бірі келіп, бірі кетіп жатады, бірде жетіп, бірде жетпей дегендей, сондай уақытта Темірхан киіздің бір шетін ұстап, көмектесе кететін. Уақытпен санаспай, білек сыбана кірісіп, әрқашан жанынан табыла қоятыны қазір де жетіспейді. Осы пандемия басталғанда Темірхан Ниязұлы бас болып, игілікті істерді қолға алғаны есімде. Бірден студент медиктерден еріктілер отрядын құрып, барлық аурухана, емхана, клиникаларға көмекке жіберуді ұйымдастырып еді. Өзі де асханада Ардақ екеуі ыстық тамақ дайындап, облыстық ауруханадағы медициналық қызметкерлерге бірнеше рет апарып, көмек көрсетіп еді. Кейін облыстық әкімшілікпен келісе отырып, бір жатақханамызға осы індетпен күресіп жүрген қызметкерлерді, медбике, дәрігерлерді орналастырдық, оның да басы-қасында Темірхан жүрді. Оларға керек-жарақтарын әперіп, қажетті шаруаларын ұйымдастырып, барлық жағдайларын жасауға барынша күш салып еді. Біреуге қол ұшын беруге дайын тұрушы еді, тегі, әлде тәрбиесі солай ма? Екеуі де шығар, әрине.
Тіпті, осы Темірхан бұл өмірден кетеді деп ешқашан ойламап едім, кәртайып тұрған жоқ, денсаулығы да қатты сыр бергенін байқаған жоқ едім, ұсақ-түйек, ыңқыл-сыңқыл бәрімізде де бар ғой, жұмыс жағдайында елемей жүре бересің, мән бермейсің. Ауруханаға жатар алдында кабинетіме келіп, біраз шаруаларды ақылдасқан болатынбыз, сонда қызуы көтеріліп өзін жайсыздау сезініп тұрғанын көріп, бірден емханаға барып, дәрігерге қаралу керектігін айтқанмын. Соның алдында ғана бір-екі апта бұрын ақсақалымыз, сексеннің үшеуінен асқан профессорымыз, арамызда шауып жүрген Қадыржан Әбуев ағамыздан да ойламаған жерден осы бір жұқпалы індет жұғып, айырылып қалғанбыз.
Темірхан өзі бастап әріптестерімен менің, ұжымның атынан үйіне барып, бата жасап, көңіл айтып шыққан-ды. Басын шайқап, сақталмаса болмайды деп жүретін. Өзім де осы аурумен қатты ауырып, ауруханаға жатып шыққанмын. Содан сол күні, ұмытпасам ақпанның онынан былай болуы керек, Темірхан да ауруханаға түсті. Кім жамандыққа қияды, ойымызда еш уайым жоқ, жас қой, тез жазылып кетер деп жүрдік, алайда, айналасы бірер аптаның ішінде ажалдың құшағына кете барды… Қайтеміз, қимаймын, қайғырамын, орны толмай ойсырап тұр. Ендігі айтарым, зайыбы Ардаққа, бала-шаға, ұрпақтарына Алла жақсылығын берсін.
Аз ғұмыр кешсе де артына тәрбиелі үрім-бұтағын қалдырды, немересін көрді. Бір адамға жетерлік атақ-дәрежесі, бір елге сыйарлық абыройы, бір азаматқа тән адами асыл қасиеттері болды. Шоқан университеті, Көкшетау елі, әріптестері, шәкірттері ешқашан ұмытпақ емес. Қазір атын есте қалдыру шараларын қолға алып, еңбектерін, өмір жолын насихаттау, қалың жанашыр қауымға қауыштыру жағын қарастырып жатырмыз. Басқа қолдан келер амал қайсы?! Жатқан жері жайлы болсын.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры.