Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың жолдары қарастырылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов «Азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы» хабарлама жасап, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

–Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфляцияны тежеу халықтың табысын арттырумен қатар, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалды деген болатын,– деп бастады сөзін Ербол Оспанов. –Президент тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдары инфляцияны қадағалау мен төмендету жөнінде шаралар кешені даярлану үстінде. Осыған орай, азық-түлік өндіру көлемін арыттыру, ішкі нарық сауда-саттығын жүйелеу, осы мәселеге қатысты тағы басқа тетіктер реттелуде. Айта кетер болсақ, кейбір ұсыныстар біздің өңірде қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Мысалы, басқарма аудан әкімшіліктерімен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыру үшін көптеген шараларды жүзеге асырды.

19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12-сі облысымызда өндіріледі. Олар 1-ші сұрыпты нан, 1-ші сұрыпты ұн, сиыр және тауық еті, сүт, айран, ірімшік, сары май, тауық жұмыртқасы, сұйық май, сәбіз және картоп. Қалған тауарлар еліміздің басқа өңірлері мен жақын шет елдерден жеткізіледі.

2021 жылы облысымыз 141,6 миллиард теңгеге азық-түлік өндірді. Бұл 2020 жыл көрсеткішінен 15,5 пайызға артық. Ет және ет өнімдерін өндіру 45,8 пайызға, еттен дайындалған жартылай даяр өнім 65,5 пайызға, өңделмеген сұйық май 2,8 пайызға, сүт 2,7, сары май 28,5 пайызға, сыр мен ірімшік 5, жарма 40,3, дайын өнім 30,4 пайызға өскен. Қазіргі уақытта барлық азық-түлік сату нысандары штаттық режимде жұмыс жасап тұр, негізгі тауарлар қоры бар және ол үнемі толықтырылады.

Жыл басынан бері қырыққабат бағасының 37,6 пайызға, картоптың 8,5 пайызға, ірімшіктің 1,7 пайызға, сәбіздің 1,5 пайызға, пияздың, қанттың бір-бір пайызға өскендігі байқалып отыр. Бағалардың өсуі өнім өндірушілердің бағаны көтеруіне байланысты болды.

Жекелеген тауар түрлері бағаларын тұрақтандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ерте пісетін қырыққабат жөнінен Түркістан облысымен, көрші елдермен келісімдер жасалуда. «Зеренді Сақтау Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа қол қойылып, «KOKSHE MARKET» әлеуметтік дүкендер жүйесі арқылы 1500 тонна картопты әр келісін 145 теңгеден сатуға қол жеткіздік. «ТД Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен де ірімшіктің әр келісін 1200 теңгеден, қанттың бағасын 320 теңгеден сатуға мүмкіндік туды.

Бағаны тұрақтандыру қоры «Агротрейд Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Сапаров» жеке шаруашылығынан 70 тонна сәбіз сатып алып, әр келісін 130 теңгеден сататын болды. Сондай-ақ, 50 тонна пияз алынып, оның сатылу бағасы 100 теңгеден қойылмақ.

Өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста бағаны тұрақтандыруға қатысы бар делдалдар сұлбасын зерттеу туралы комиссия құрылған болатын. Комиссия құрамында кәсіпкерлік және туризм басқармасының, бәсекелестікті дамыту мен қорғау департаментінің, тұтынушылар құқын қорғау, техникалық реттеу және метрология, экономикалық сараптама департаменті, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдері, «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы төрағасының міндетін атқарушы, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының өкілдері бар.

2021 жылдың тамыз айынан бері комиссияның 15 отырысы өтіп, 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасуына қатысы бар мекемелер сарапталып, мемлекеттік органдарға, аудан, қалалар әкімшіліктеріне бағаны қалыптастыру жөнінде ұсыныстар жасалды.

Бизнес өкілдерімен түсінік жұмыстары жүргізіліп, алыпсатарлықтың килігуіне жол бермеуді жүзеге асыруға жауапкершілікпен қараулары қажеттігі жеткізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда нысандарында 15 пайыздан жоғары баға қоспау жөніндегі талаптың орындалуы жөнінде мониторингтер өткізілді. Тәртіп бұзушыларға әуелі ескерту жасалып, ол қайталанған күнде айыппұл салынатыны ескертілді. Осындай жұмыстардың арқасында сауда нүктелеріне азық-түліктің екі арадағы делдалдарсыз жеткізілуі жүзеге аса бастады.

Облыста 6 мың тонна көлемінде тауар қоры жасақталды. Жыл басында қалыптастасқан қолайсыздықтарға қарамастан, өңірде 9 жәрмеңке өтіп, 40,7 миллион теңге тауар 10-20 пайызға төмен бағамен сатылды. Бағаны тұрақтандыру жөнінде 645 келісімге қол жеткізілді. Ауа райы түзелген соң барлық өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіле бастайды. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, азық-түлік бағасын тұрақтандырудың жолдары тиісінше қарастырылатын болады.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар