Жастарды жұмыспен қамту – басты міндеттердің бірі

Бүгінде жастардың жұмыспен қамтылуына, олардың қоғамда өз орнын табуларына қолдау көрсету – мемлекет алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіліп, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жан-жақты түсіндірілді.

Бүгінде ел жастары мен жұмыссыздарды мемлекет тарапынан қолдап, аяқтарынан нық тұруға демеп жіберу мақсатында түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдауға ие болып, облыста кәсіп ашып, өзін де, өзгені де еңбекпен қамтып отырған жастар қаншама.

–Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізуде. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы халықтың экономикалық белсенділігін арттыру. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес «Бастау Бизнес» оқыту жобасына ауылдық жерлерде, қалаларда, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар, мүгедектер, елу жастан асқан адамдар, NEET санатына жататын жастар, аз қамтылған немесе көп балалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады. Оқу мерзімі 21 күннен аспайды.

Мерзім аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. 2021 жылы «Бастау» жобасы бойынша 1300 адамды оқыту жоспарланды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бұл жобаға 1495 адам қатысып, оның 413-і жастар, олар қатысушылардың жалпы санының 28 пайызын құрайды, – деді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Осы адамдардың 1013-і өз жобаларын жүзеге асырған. Бұл мақсатқа 2 миллиард теңге бағытталыпты. Нәтижесінде
1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған екен. Өңірде жемісті жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың қатарында «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» да бар. Соңғысы NEET санатындағы, яғни, не оқуда, не жұмыста жоқ жастарға арналған. Жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында бірнеше ауданда жас кәсіпкерлердің қатары да көбейді.

– Биыл біз «Жастар тәжірибесі» аясында 532 жас маманды оқытуды жоспарлап отырмыз. Олар жаңа талапқа сай 6 ай емес, 1 жыл оқиды. Оларға төленетін ақша 25 емес, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Ең маңыздысы, олардың оқуына кеткен осы бір жыл мерзім еңбек өтілі ретінде есептеліп, еңбек кітапшасына енгізіледі, –дейді облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина.

Биыл жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру аясында 367 адамға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Әзірге, бұл мүмкіндікті жобаның 100 қатысушысы пайдаланып, 416 миллион теңгеге жуық несие алған.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар