Ұстаздан жақсы із қалар

Уақыт деген неткен жүйрік. Жақсы адамдардың сол уақытта, өткен күн тізбегінде қалар өз айшықты іздері бар. Сол із, сол белгі мына өмірді сүйген, оны шуаққа бөлей түскісі келетін кез-келген абзал азаматты біздің көз алдымызда одан сайын биіктете, болмысын асқақтата түседі. Өзіне тән жарқын өмір жолын ұстанып келе жатқан Жұматай Абылқасов туралы да осыны айтуға болады.

11 ақпан «Арман» БЖШО күнтізбесінің мерекелік күндер қатарына енді десе де болады. Өйткені, бұл күн құрметті әріптесіміз, ұлағатты тәлімгер, қайырымды дос әрі құрмет пен ықыласқа лайықты азамат Жұматай Базарұлы Абылқасовтың 63 жасқа толған қуанышқа толы күні.

Демек, туған күндерде қалыптасқан игі дәстүр бойынша бүгін біз әріптесімізді құттықтап қана қоймай, оның жетістіктері туралы айтып, естеліктермен және жарқын сәттермен бөліскіміз келеді. Ал, жаңалыққа құштар, эрудициясы жоғары, позитивті тұлға ретінде Жұматай Базарұлының өмірінде мұндай сәттер көптеп кездеседі.
Алдымен атап өткіміз келетіні, әрине, Жұматай Базарұлының мінсіз кәсіби шеберлігі. Еңбек жолының ең басындағы дене шынықтыру мұғалімі қызметі ме, әлде Қарағай орта мектебінің, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры ретіндегі жауапты да маңызды қызмет пе, кейінгі атқарған мемлекеттік қызмет пе, өзі қызмет етуге мүмкіндік алған кез-келген салада жоғары нәтижелерге қол жеткізе алғандығы ақиқат.

Өңірімізде де, одан тысқары жерлерде де Жұматай Базарұлының тәлім-тәрбиесін, ізгі ақыл-кеңестерін, ашықтығын, ілтипатын, әділдігін әлі күнге дейін жадында ұстайтын әр жылдардағы түлектердің көп екеніне сенімдіміз. Бұл қасиеттердің барлығы әріптесімізге кейін басқа салаларда және қызметтерде жұмыс істегенде де пайдасын көп тигізді.

2011 жылдан бастап Жұматай Базарұлының еңбек жолы «Арман» орталығымен тығыз байланысты. Осы өткен жылдар ішінде ол біздің орталық үшін де, оның шәкірттерінің сапалы даярлығы үшін де көп тер төкті. Әсіресе, ұлттық ойын түрлерін, соның ішінде «тоғызқұмалақты» дамытуда Жұматай Базарұлының еңбегі орасан зор. Егер, осыдан бірнеше жыл бұрын «дала шахматы» аталып кеткен қазақтың бұл ұлттық ойын түріне қызығушылар аз болса, бүгінгі күні Ж.Абылқасовтың ерінбей еңбектенуінің және педагогикалық дарынының арқасында жас бурабайлықтар аталған спорт түрінен облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атануда. Оның сегіз бірдей шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атанды!

Кез-келген дарынды ұстаз сияқты, Жұматай Базарұлы да шәкірттерінің жетістігін басты жетістігі деп біледі. Біз, әріптестері, оның жеке жетістіктерін, «Білім беру ісінің үздігі» атағын, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, көптеген грамоталар мен алғыс хаттардың иегері атануын мақтан тұтамыз.

Біздің әріптесімізді кәсіби табысы ғана ерекшелендірмейді, ол өзінің ашықтығы, әділдігі, даналығы, сонымен қатар, көмек-қолдау көрсету қабілетінің арқасында ұжымда лайықты құрметке ие. Сол үшін де оған шын жүректен алғыс айтамыз!

Құрметті Жұматай Базарұлы, туған күніңізбен құттықтай отырып, барлық ойларыңыз табысты жүзеге асып, іс-жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз орындалғанын тілейміз. Өзіңіздің де, жақындарыңыздың да денсаулықтары зор болып, өмірде жасар жасыңыз, көрер қызықтарыңыз таусылмасын!

Ізгі тілекпен «Арман» БЖШО ұжымы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар