Отбасының қос қуанышы

Ынтымақ-бірлігі жарасқан Омаровтар әулеті өткен қараша айында қос мерейтойды атап өтті. Шаңырақтың отағасы, милиция полковнигі Қарабек ақсақал мен отбасының шырақшысы Лидия Қажыкенқызы 85 жасқа толды.

Кербез Көкшенің табиғаты шұрайлы Арықбалық ауданындағы Привольное селосында 1936 жылғы 17 қарашада өмірге келген Қарабек Омарұлының балалық шағы үш елді мекен, Қырымбет және Шағалалы ауылдарында өтті. Әуелі 3 класты орыс мектебінде, жетіжылдықты қазақ тілінде оқыды. Сабақты жақсы үлгергені үшін ол Көкшетау қазақ педагогикалық училищесіне емтихансыз қабылданып, оқуын 1955 жылы құрылған кітапхана техникумында жалғастырды.
Аталған оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, концерттік-эстрадалық бюрода әкімші болып істеп жүрген талапкер жігіттің іскерлік қабілетін байқап қалған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мүсіреп Есенжанов инспекторлық қызметке қабылдайды. Ел ағасының тарапынан көрсетілген бұл сенім оны қанаттандырып, қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастайды. Мәдениет басқармасына қарасты кітапханалар мен өнер ошақтарындағы жастарды біріктіретін комсомол ұйымының тізгінін қолға алып, игі бастамаларға ұйытқы болады. Еңбегі бағаланып, облыстық комсомол комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылды.

Комсомол органдарында жинақтаған азды-көпті тәжірибесі Қуйбышев қаласындағы әуе қорғанысы әскери корпусында азаматтық борышын өтеген кезде көп пайдасын тигізеді. Шалғайдағы ауылдан келген қазақ баласына зор сенім көрсетіп, саяси бөлімнің комсомол жұмыстары жөніндегі нұсқаушысы міндеті жүктеледі. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін өршіл өрен бос уақытында жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін дайындық курсында оқиды. Бұл талабының пайдасын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түскен кезде көрді.

Сабағын жақсы оқығаны үшін Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысуға мүмкіндігі бола тұрса да, ол отбасы жағдайына байланысты сырттан оқу бөліміне ауысады. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы В.Клеповтің қолдау-көмегімен нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып істейді. Сол кездегі қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша жігерлі жастар құқық қорғау органдарына қызметке көптеп тартылатын. Таңдау Қарабекке де түсіп, үш жылдай облыс прокурорының көмекшісі болып істеп жүрген қызметінен қалалық ішкі істер бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары болып ауысады. Осылай кадрлардың кәсіби біліктілігі және тұрмыс жағдайымен жақынырақ танысу саяси жұмыс жөніндегі орынбасар болып істегенде де көп пайдасын тигізді. Тоғыз жылдай партия ұйымының хатшысы болған кезде Қарабек Омарұлы, әсіресе, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Мәскеудегі ішкі істер академиясында оқығаннан кейін облыстық ішкі істер басқармасында бірнеше лауазымды қызметтер атқарып, өзін білгір, сауатты офицер ретінде таныта білді.

Омаровтар әулетінің шырақшысы Лидия Қажыкенқызы 1936 жылғы 23 қарашада Арықбалық селосында өмірге келді. Тұңғыш қызы болғандықтан, есімін әкесі қояды. Оған Ленинград қаласынан дәрігерлік қызметке келген Лидия есімді орыс әйелі себепші болады. Достарымен сауық-сайран құрып отырған бір кеште Қажекең: «Егер біздің отбасымызда қыз туса есімін Лидия қоямын»,–десе керек. Алайда, Бану әжесі намыстанып, немересін Қаншайым деп атап кеткен. Қажыкен Исақанов соғыстың алғашқы үш жылын Қиыр Шығыс майданында өткізеді. Отызды алқымдаған сауатты жігіт штабта писар болып істеп жүргенде, денсаулығы сыр беріп, 1943 жылы елге оралды. Сөйтіп, Қорғаныс Комитетінің Көкшетаудағы №2040 госпиталы бастығының көмекшісі болып қызметке орналасады. Бұл кезде зайыбы Ғарапа Махметова да осында санитарка болып істейтін-ді. Анасы сегіз жасар кішкентай қызы Лидиясын өзімен бірге алып жүріп, жуылған бинттерді жинатып қоятын.

1944 жылы Көкшетау облысы құрылғанда Қажыкен Исақанов облыстық партия комитетіне қызметке шақырылып, нұсқаушы, қаржы бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Зейнетке шыққанша бас бухгалтердің міндетін абыроймен атқарды. Ата-анасы қызының болашағынан үлкен үміт күтіп, 1954 жылы №3 орта мектепті бітргеннен кейін Алматыға баруға кеңес береді. Қазақстанның сол кездегі астанасына келгенде Кеңес Одағының 48 қаласы бойынша жоғары оқу орындарына абитуриенттерді қабылдау емтиханы жүріп жатқан-ды. Қаншайым барлық сынақты сәтті тапсырып, Омбы гидро-мелиорациялық институтының суландыру факультетіне түседі. Қыз бала үшін келешекте бұл мамандық бойынша істеу қиынға түсетіндіктен, ол екі жылдан кейін ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру және экономика факультетіне ауысады.

Ардақты әкесі «Победа» машинасымен Омбыға келіп, қызының диплом алу салтанатына қатысады. Қуанышы қойнына сыймаған Қажыкен Көкшетауға жеткенше қызының дипломын анасына, туыстарына көрсеткенше асығады. Ресейдің жетекші оқу орнында білім алып келген Лидияны облыстық жоспарлау комиссиясының ұжымы құшақ жая қарсы алады. Сөйтіп, 1958-1973 жылдар аралығында аға экономист болып істеген он бес жылдың ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырады. Бай тәжірибе жинақтаудың нәтижесінде Лидия Қажыкенқызы «Көкшетау су құрылысы» тресінде істеген 16 жылда да кәсіби біліктілігімен әріптестерінің ілтипатына бөленеді. Қоғамдық жұмыспен де белсене айналысып, жеті жылдай партия ұйымының хатшысы болды.

Аталған мердігерлік ұйым мәскеулік атақты бригадир К.Злобиннің әдісі бойынша тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салумен айналысты. «Шарық» совхозында егіс алқаптарын жаңбырлатып суландыратын қондырғы орнатып, «Қайрат»» совхозында су құбырын тартты. Өндірістік жоғары көрсеткіштері үшін сан мәрте ауыспалы Қызыл туларды жеңіп алды. Ұжымдық бұл табыста талантты экономист Лидия Қажыкенқызының да сүбелі үлесі болғанын мақтанышпен айтамыз. Еңбегі жоғары бағаланып, Ұлы Жеңістің 65, 70, 75 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталып «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» атағын иеленді. Осы наградаларының ішінде Лидия Омарова СССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Н.Байбақовтың қолы қойылған грамотаны ерекше құрмет тұтады екен.

Әке жолын қуған полиция полковнигі Нұрлан Омаров Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында криминалдық полиция, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып істеді. Аяулы жары Жаңагүл екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. «Қазақ теміржолы» акционерлік қоғамының бас менеджері болып істейтін Данияр ұлдары мен Айгүл келінінің де мамандықтары – заңгер, екеуі Қарағандыдағы Е.Букетов атындағы университетті бітірген. Төрт немересінің үлкені Темірлан атасының жолын қуып, қазір Есіл ауданының ішкі істер басқармасының криминалдық бөлімінде істейді. Сүйкімді келіні Жанеля екеуі арғы жылы отау құрыпты. Иә, ата-ана үшін ұрпақтарының өмірдегі әрбір сәтті қадамына сүйсінуден артық бақыт жоқ шығар. Ендеше, 85 жасқа толып, Көкшенің мақтанышына айналған Қарабек Омарұлы мен Лидия Қажыкенқызына айтарымыз бақыттың бақшасында осылай сайрандап жүре беріңіздер.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар