Жатақханаң жайлы ма, студент?..

Өткен аптада Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығында орналасқан жоғары оқу орнының студенттері тұратын жатақханалардың ахуалын, жай-күйімен жақынырақ танысу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлескен рейд болып өтті.

Оның барысында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев кейбір жатқханаларда кездескен олқылықтарды тез арада жойып, студенттердің жайлы тұрмысы үшін барлық қажетті жағдайларды оңтайлы шешу керектігін, әсіресе, карантиндік талаптар қатаң сақталуы қажет екендігін баса айтты.

Алдымен облыс орталығындағы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Студенттер үйінің» тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстық. Бұл нысан 2021 жылы пайдалануға берілген. Жалпы ауданы төрт мың шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Жатақханада 560 төсек-орын, 140 бөлме бар. Қазіргі уақытта карантиндік талаптар ескеріліп, әр бөлмеде екі-ақ адамнан, барлығы 320 студент ғана тұрады екен.
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті Сағынтай Елубаев өзі бас болып, рейд мүшелеріне «Студенттер үйін» аралатып, көрсетті. Жайлы өмір сүруіне барлық жағдайлар жасалған.

Атап өтерлігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан студенттерінің республикалық Альянсының мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша аталмыш оқу орнының «Студенттер үйі» Қазақстан Республикасындағы ең үздік «Студенттер үйінің» үштігінен орын алған. Шынында да мақтауға тұрарлықтай.
Ректордың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Динара Кәрімованың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінеді, осыған байланысты мамандандырылған қауіпсіздік қызметінің жұмысы жолға қойылған. Әрбір қабатта тәулік бойы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Студенттер үйінде тәртіп қатаң сақталған. Мұнда қауіпсіздік қызметі, күндіз және түнде кезекшілік ететін тәрбиешілер, комендант және басқалары жұмыс істейді. Күн сайын кестеге сәйкес оқу топтарының кураторлары кезекшілік етеді. Студенттер тарапынан Студенттер кеңесі бақылайды. Апта сайын студенттік кеңестің жиналыстары өткізіліп тұрады екен.

Әр қабатта ас үй, дәретхана, душ, студенттерге арналған демалыс орындары бар. Ас үйде түтін болған жағдайда автоматты өшіру сенсоры бар кәсіби сорғыштар мен итальяндық заманауи газ плиталары орнатылған. Жатақханада студенттердің денсаулығын жіті қадағалау мақсатында арнайы медициналық пункт және уақытша медициналық изолятор да бар.
Сабақтан бос уақытын тиімді пайдалануы үшін студенттерге арналған теннис залы бар. Жатақханада жоғары жылдамдықты интернет, студенттер үшін тегін вай-фай қарастырылған. Атап өтерлігі, университет студенттерінің өздері көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза.

Айта кетуіміз керек, таяуда университет жанынан Ақмола облысында өзінің ауқымы бойынша теңдесі жоқ Жастар сарайы мен спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Студент жастардың шығармашылық, рухани-мәдени дамуы үшін, спорт саласында да белгілі бір мақсатқа қол жеткізуі үшін, бір сөзбен айтқанда тұлға болып қалыптасуына, жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында қолға алынған бұл ауқымды жоба әлі талай жемісін береді деп сенеміз. Жастар сарайы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі, яғни, алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға берілмекші. Мұнда спорттың 18 түрі бойынша дайындық сабақтары жүзеге асырылады. Халықаралық жарыстарға қатысатын болашақ чемпиондарды даярлау үшін барлық жағдай жасалатын болады дейді университет басшылығы.

Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің №1 жатақханасындағы жағдай көңіл көншітпейді. Жатақхана 405 адамға лайықталғанымен, мұнда 437 студент тұрып жатыр. Санитарлық норма туралы айтудың өзі артық. Кей бөлмеде екі, кейбірінде төрт адамнан тұрып жатыр. Жалпы, студенттердің қай-қайсысымен сөйлесе қалсаңыз, жағдайымыз жақсы дейді бірауыздан. Алайда, олар да мән-жайды ашып айтпайтын сияқты. Мәселен, бір бөлмелерде жөндеу жұмыстары жүргізілген, енді бірінде басқасын айтпағанда терезелерінің өзі целофанмен қаптап қойған. Былтыр бар-жоғы тоғыз терезе жаңартылған деседі. Есіктері ескі, сонау кеңес кезінен ауыстырылмағандай. Жоғарыда біз айтып өткен қос университетте де жатақханада тұру үшін бір орынға 10 мың теңге төлеу керек. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бұдан басқа төрт жатақханасы бар. Рейд барысында олардың да барлығын аралап көрдік. Мұнда студенттерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, Жамбыл көшесіндегі №2 жатақханасында, Ақан сері көшесіндегі №3 жатақханасында жөндеу жұмыстары жасалып, тұрмысқа қажетті барлық жағдайлар қарастырылған.

Жасырары жоқ, биылғы оқу жылының басында Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университет студенттерінде жатақханада орын жоқ, жетпей жатыр деген бір мәселе туындаған. Осыған байланысты университет басшылығы облыс орталығындағы «Көкшетау» қонақ үйімен өзара меморандумға отырды. Қазіргі таңда аталмыш қонақүйде 150 студент 3-4 орындық бөлмелерде тұрып жатыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар