Испан еліне музыкалық саяхат

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Музыкалық кофейня» атты Испания елінің шығармаларына арналған мерекелік концерт болып өтті.

Дәл осы күні облыстық филармонияның концерт залына келген көрермендер өзге елдің мәдениетімен және әуезді әуендерімен танысуға мол мүмкіндік алды. Иә, Испанияның өзгеше әрі бай мәдениетіне арналған кеш көрерменін баурап алғаны жасырын емес. Өйткені, көрермен лектор-музыкатанушы Юлия Никитенконың және жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың орындауындағы туындылармен испан еліне саяхат жасап қайтқандай әсерде болды.

Осыған орай, симфониялық оркестрдің бас дирижері Берік Сарыбай:
– Концерт жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Біз Жорж Бизенің «Кармен» туындысымен қатар, басқа да үздік шығармаларды орындап, Испания елінің әсерлі де әуезді әндерін жеткізуге тырыстық, – дейді ол.
Концерт барысында симфониялық оркестрдің, солистер мен камералық музыка, хордың қатысуымен бірге, «Гәкку» хореографиялық ұжымының орындауындағы испан билері де көрермендердің көңілінен шықты. Оны пандемия кезіндегі шектеу шараларының әсерінен концертке келу тоқтап, енді өнер майталмандарымен қайта қауышып жатқандарына қуанған көрермендердің пікірі де растап жатты.

Концерт соңы қошемет білдірген көрермендердің ыстық ықыласы мен орындаушыларға ұсынылған гүл шоқтарына ұласты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар