Өңірлік коммуникациялар қызметінде білім саласына қатысты брифинг өтіп, онда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының Ақмола облысында іске асырылуы жан-жақты айтылды.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру секілді мәселелер қарастырылған. Мамандардың айтуынша, аталған жоба аясындағы жұмыстар біздің облыста жүйелі жүргізіліп келеді. 2021 жылы Ақмола облысында 10 көрсеткішке қол жеткізу көзделіп, ол 100 пайыз орындалған.
Облыста 1332 білім беру ұйымы жұмыс істеп, оларда 36 мыңға жуық адам еңбек етеді екен, оның ішінде 23 мыңы педагогтар. Ұлттық жобадағы алғақшы міндеттердің бірі мектепке дейінгі білім беру саласын жетілдіру мәселесіне келсек, өңірде мұндай білім беру ұйымдары – 599, олардың 255-і балабақша болса, 344-і шағын орталықтар. Бұл ұйымдарда 1-ден 6-жасқа дейінгі 41990 бүлдіршін тәрбиеленуде, яғни өңірдегі балалардың 80 пайызы, ал 3-тен 6 жасқа дейінгі балдырғандар толығымен мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Осы ретте, былтыр 784 орынға арналған 14 мектепке дейінгі мекеме ашылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 15 ұйым 338 орынға дейін кеңейтіліп, 1122 орын қосымша ашылған. Биыл бұл бағытта 7 балабақшаның құрылысы жүргізіліп, келешекте 1700-ден астам бүлдіршін жаңа балабақшаларға бармақшы.
Облыста осы күні 552 мектеп болса, оларда 133 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындауда. Сонымен бірге, өңір мектептерінде 16 мыңнан астам педагог ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Заман талабына сай мұғалімдердің біліктілігіне де көп көңіл бөлінуде. Олар жыл сайын тиісті аттестациядан өтіп, біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Осы күні облыстағы жалпы білім беретін мектептердегі педагогтардың 13 мыңнан астамы жоғары білімді. 10 мыңнан астам педагог аттестациядан өтіп, нәтижесінде, 53-і шебер педагог, 2700-ге жуығы зерттеуші-педагог, 4 мыңнан астамы сарапшы-педагог, қалған 3328-і модератор-педагог деңгейін иеленіпті.
Спикердің мәлімдеуінше, мектептердің барлығы карантиндік-санитарлық құрал-жабдықтармен қамтылған екен. Сонымен бірге, облыста 7 мектеп әлі де үш ауысыммен білім беруде. Бұл олқылықты жою мақсатында облыста 4500 орынға арналған 6 мектептің құрылысы жалғасуда.
–Үш ауысыммен оқытатын білім ошақтары мен апатты жағдайда тұрған мектептердің санын азайту – білім беру басқармасының алдында тұрған басты мәселелердің бірі. Өткен жылы Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында қосымша оқу корпустары іске қосылды. Осылайша, үш ауысым мәселесін 2024 жылға дейін түбегейлі шешу жоспарлануда. Ал, Біржан сал ауданының Бұланды ауылындағы білім ошағы апаттық жағдайда тұр, сондықтан, өткен жылы ауылға 80 орындық мектеп салу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, –деді басқарма басшысының орынбасары. БАҚ өкілдері тарапынан Краснояр селосындағы сақалды құрылыстың қашан ел игілігіне берілетіні туралы сауалға:
–Бұл мектептің құрылысын бірнеше жылға созып жіберген мердігерлер ақыры жұмыстарын дер кезінде аяқтамағаны рас. Ол жерде ауланы абаттандыру және мектеп ғимаратының ішін жабдықтау сұрақтары шешілген жоқ. Сондықтан, нысан қабылданбады. Ал, мердігер компанияның жауапсыздығы сот арқылы қарастырылатын болады. Тіпті, мердігерлердің ауысуы да мүмкін. Әзірге нақты айта алмаймын, –деді В.Гамазов.
Екі жылдан бері әлем елдерінде белең алған коронавирус індеті өңірдің білім беру саласына, яки карантиндік шаралар оқу сапасына кері әсерін тигізген. Сапаның төмендеп кеткендігін білім беру басқармасының өкілдері растауда.
–Абырой болғанда, осы аптадан бастап барлық білім беру мекемелері дәстүрлі форматқа көшіп, оқушылар парталарына жайғасады. Енді, кеткен кемшіліктерді реттеп, білім сапасының жоғарылауына көп көңіл бөлу керек, –деді журналистер алдында есеп берген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары. – 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша жалпы білім сапасының төмендегені байқалды. Айталық, Сандықтау, Қорғалжын аудандарында оқушылардың білім көрсеткіші ақсап кетті. Оған сол жерлерде жоғары білікті маман иелерінің жоқтығы да әсер етуде.
Брифингте кәсіптік-техникалық колледждердің материалдық жағдайы, дарынды балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша да жан-жақты ақпараттар берілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.