Әлі де «қызыл» аймақтамыз

Өңірдегі коронавирус жұқпасы бойынша апталық көрсеткіш айтарлықтай азайса да, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында Ақмола облысы әлі де «қызыл» аймақта. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Ақмола облысында ағымдағы жылдың 30 қаңтарынан бастап 8 ақпанға дейінгі аралықта індеттің тіркелу деректері 2,2 есеге дейін азайған. Облыс республикада коронавирустың анықталуы бойынша жетінші орында. Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, жыл басынан бері 17 782 жағдай ПТР арқылы зертханада анықталыпты, соның ішінде 3216-сы ақпанда тіркелген, соңғы тәулікте 177 адам індетке шалдыққан, олардың 45-і балалар. Сондақ-ақ, жыл басынан бері 30 адам коронавирустан көз жұмыпты.

Бүгінде жұқпалы аурулар стационарларында 593 науқас ем қабылдауда. Ауыл халде жатқан 30 адамның дені 60 жастан асқандар, олардың 2-еуінің жағдайы аса ауыр.

–Қаңтар айында мектеп оқушылары арасында індет аса өрши түсті. Үшінші тоқсан басталғалы 1963 оқиға тіркелді. Қаңтарда күніне орта есеппен 130-дан астам баладан індет анықталса, бүгінде 40-50 оқушыдан тіркелуде. Сонымен бірге, қазіргі таңда 31 мектептің 47 сыныбы қашықтықтан оқыту форматына көшірілді, –дей келе, Айнагүл Советқызы мектепке дейінгі ұйымдардағы, орта кәсіптік білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарындағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

Індетке қарсы вакцина алудың маңызы мен пайдасы туралы айтып берген облыстың бас санитарлық дәрігері Егіндікөл, Жарқайың, Қорғалжын аудандары мен Қосшы қаласында екпе алу процесі жоғары деңгейде екендігіне назар аударды.

– Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам адам әртүрлі себеппен вакцинаның екінші компонентін уақытылы алмаған. Естеріңізге сала кетейік, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес егер бірінші компонентті алғаннан кейін 21 күн ішінде сіз екінші бөлігін алмасаңыз, онда сіздің мәртебеңіз автоматты түрде «көк» түске өзгереді. Сондықтан, екінші компонентті алмаған барлық адамдар емханаға барыңыздар. Бүгінде вакцина жеткілікті, тіпті медициналық қызметкерді үйге де шақыртып екпе алуға мүмкіндік бар, – деді А.Мусина. Ревакцинаға келер болсақ, оны алуы тиіс тұрғындардың 43 пайызы, яғни, 78060-ы өткен.

Брифингте «Ашық» қосымшасы мен мониторингтік топтардың жұмысы туралы да мағлұмат айтылды. Жыл басынан бері 700-ге жуық адамның үй карантинін бұзыпты. Олардың 200-дейі «сары», 500-і «қызыл» мәртебеде болғандар. Барлық жағдайда да карантинді бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтін болады.

–Аурудың өсуіне жол бермеу үшін облыс тұрғындарынан карантиндік шараларды сақтауды сұраймын. Маска режимі, мекемені желдету, кварцтау, әлеуметтік қашықтықты сақтау, көпшілік орындарға бармау секілді шектеулерге бағыныңыздар. Коронавирусқа қарсы екпе алыңыздар, оны алғандар індетті жұқтырса да ауру жеңіл өтеді. Өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына мұқият болыңыздар. Вакцинация коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді әдісі болып табылады, ал ревакцинация иммунитетті одан сайын арттырады. Егу пункттері барлық емханаларда жұмыс істейді, –деді сөз соңында облыстың бас санитарлық дәрігері.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар