Тоғызқұмалақ жарысы

Өткен жылдың қараша айында Көкшетау қаласында облыс ардагерлерінің, барша жұртшылықтың бастамасымен, облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қызу қолдауыменесімі елге танымал, халқына қалтқысыз қызмет еткен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековке еңселі ескерткіш қойылған болатын.Облыс жұртшылығының ұзақ жылдар бойы күткен мақсаттары орындалып, үлкен қуанышқа бөленген еді.

Міне, көкшеліктердің өміріндегі, жалпы Еркін Әуелбеков қызмет атқарған Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстары тұрғындарының қолдауымен республикамыздың түкпір-түкпірінде осындай қуанышты оқиғалар биыл да жалғасын тауып отыр. Өткен сенбі күні Шучинск қаласының қазіргі заман талабына сай бой көтерген нөмірі 7 мектеп-лицейінің жаңадан салынған ғимаратында Еркін Әуелбековты еске алуға арналған еліміздің ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан облысаралықбірінші ашық турнирінің өткізілуі осының куәсі. Бұл жарысқа Солтүстік Қазақстанның Шал ақын және Айыртау аудандарының, Петропавл қаласының, Балуан Шолақ атындағы облыстық жасөспірімдер ұлттық мектебінің, Ақмола облысының Бурабай, Біржан сал, Бұланды, Ерейментау, Шортанды, Целиноград аудандарының командалары қатысып сайысқа түсті.

Спорт мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Қазақстан РеспубликасыТоғызқұмалақ спорт федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлихан Байменов, облыстық спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Үкітай Ахмадеев, Еркін Әуелбеков қорының төрағасы Оразкен Нұртазин, Бурабай ауданы спорт бөлімінің өкілдері мен тоғызқұмалақ ойыны бойынша аудандардың жаттықтырушылары қатысты.

Тоғызқұмалақ жарысының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, бұл ұлттық спорт түрінің облыста қанатын кеңге жайып, әсіресе жастар арасында қызу қолдау тауып отырғандығына тоқталды. Жуырда ғана Көкшетау қаласында Еркін Нұржанұлына облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен еңселі ескерткіші қойылғаны белгілі. Сондықтан, бүгінгі жарыстың есімі елімізге белгілі, ардақты жерлесіміздің құрметіне өткізіліп отырғандығы ерекше қуантатынын және жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жарыс мерекесі болатынына сенім білдірді. Бір ғана бұл емес, ардақты жерлесімізді еске алып отыру мақсатында спорттың басқа да

түрлерінен жарыстар өткізілетініне де тоқталды. Жарысқа қатысушы жасжеткіншектерге дүбірлі сайыста жеңіс, оқуда табыс тіледі.

Одан кейін «Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорт федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлихан Мұхамадиұлы Байменов сөз сөйледі.

Қай жерде болмасын халқына қалтқысыз қызмет жасаған қайраткерлер есімдері ел есінде. Биік лауазымдарда адалдығымен, тазалығымен, қарапайымдылығымен аты аңызға айналған Еркін Нұржанұлы Әуелбековты еске алу шаралары тоғызқұмалақтан облысаралық жарыспен толыққаны орынды іс болды. Ұйымдастыруды үйлестіріп, қолдап, жоғары деңгейде өткізіп жатқан туысы Оразкен ағамызға, аудан, мектеп басшыларына тоғызқұмалақ қауымдастығы атынан ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі ұлттық спорт мерекесі тоғызқұмалақтан жарыстың еліміздің көрікті жерлерінің бірі Бурабай баурайындаөткізіліп отырғандығы ерекше қуантады. Ең бастысы, бүгінгі жарыс екі үлкен дүниені қамтып отыр. Біріншіден, Ерекеңді еске алып, жасөспірімдерге ол кісінің кім екендігін жеткізу, екіншіден, ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақты жастар арасында насихаттап, жоғары деңгейге көтеру болып табылады. Еркін ағамыздың құрметіне өткізілетін бұл спорт шарасын алдағы уақытта республикалық деңгейде өткізілетін шаралардың қатарына енгізуге атсалысамын, – деді өз сөзінде Әлихан Байменов.

Одан кейін сөз алған Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, Еркін Әуелбеков қорының төрағасы Оразкен Нұртазин спорт мерекесіне келген қонақтарға, барлық қатысушыларға ақ алғыстарын білдіріп, дүбірлі сайыста жеңіс тұғырынан көрінуге сәттілік тіледі. Жарыс әр жас аралықтары бойынша 2007- 2012 жылдары туған балалар, ұлдар және қыздар командалары арасында алты кезеңде өткізілді.

Тоғызқұмалақтан жасөпірімдер арасында өткізілген облысаралық жарыста бірінші орынды Бурабай, екінші орынды Шортанды және үшінші орынды Көкшетау қаласындағы Балуан Шолақ спорт мектебінің командасы жеңіп алды. Жүлдегер атанған командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Негізінен, бұл ұлттық жарыс түрі жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылық танытып келеді. Балалардың қызығушылығын арттыра түсуге оң ықпалын тигізуде деп нық сеніммен айтуға болады.

Оразкен НҰРТАЗИН,
Еркін Әуелбеков атындағы қоғамдық қордың төрағасы.

Үкітай АХМАДЕЕВ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар