Азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қабылдауына келген тұрғындардың бұл жолы көтерген мәселелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты өрбіп, аймақ басшысы әр азаматқа арыз-талабының заң аясында шешілу жолдарын айтып, ашық диалог құрды.

Өңір басшысының қабылдауына алғашқылардың бірі болып бірінші топ мүгедектігі бар зағип жан Омар Мырзагелдинов кірді. 77 жастағы красноярлық тұрғын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу туралы өтінішін білдіріп, тұрғын үйі орналасқан жерінің артық 3,8 сотық телімін заңдастырудың жолдарын сұрады. Бірінші мәселесіне келсек, үйден 150 метрдей жерде жеке меншік кәсіпкерлердің жылу трассасы бар екен. Соған қосылу үшін кәсіпкер 1,5 миллион теңгедей ақша сұрап отыр. Аймақ басшысы қала әкімімен келісе отырып, кәсіпкерлерді тарту негізінде биылғы жылдың ішінде мәселені шешіп беретіндіктерін жеткізді және екінші мәселесі де заң жүзінде арызданушының игілігіне орай шешілетін болды.

Гүлмира Мұсабекова –  жетім балалар санатындағы, жалғыс басты ана. Былтыр оның уақытша тұратын жатақханадағы бөлмесіне мемлекет қаражаты есебінен 600 мың теңгеге қала әкімшілігі тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Арызданушы жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданды. Қала әкімі мән-жайға қаныққан соң жақын арада тексеріс жіберіп, сапасыз атқарылған жұмыстарды қалпына келтіріп, олқылықтарды жоюға көмек беретіндігін жеткізді.

Нұрлыкөш ауылының тұрғыны Нұрбақыт Жандархан тұрып жатқан баспанасын жекешелендіру мәселесін көтерді. Осы жылы ауылдағы үйлерді жеке меншікке беру туралы қаулы шыққан болатын. Ол үшін жергілікті тұрғындар арнайы маман шақыртып, үйдің құнын бағалату қажет. Десе де, кей жандар бағалаушылардың бағасына келіспейтін көрінеді. 2014 жылғы бағамен есептегенде арызданушының үйі 385 мың мен 500 мың теңге шамасында бағаланыпты. Қала әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуынша, мұндайда  «Нұрлы көштегі» баспананың орташа бағасы 500 мың теңге. Ал, бұл бағаға бүгінде баспана алу зор мүмкіндік. Осының өзін қымбатсынған қандастар әбден масылдыққа бой ұрып алған ба деген де ой келеді. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі жұмыссыз деп алға тартты Н.Жандархан. Алайда, өзінің кәсіпкер екендігін де жасырмады. Алдағы уақытта қала әкімі ауыл тұрғындарымен тағы бір кездесу өткізетін болды. Жалпы Нұрлы көш ауылына 2009 жылы екі пәтерлі 138 үй салынып, шеттен келген 1 жарым мыңнан астам қандас қоныстанған еді. Облыс әкімі де осы мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар