Бүгінде елімізде техникалық мамандыққа деген сұраныстың артып отырғаны белгілі. Осы орайда, білікті маман даярлауға да көңіл бөлінуде. Осыған орай облысымыз бойынша «Жас маман» жобасы қолға алынды.
Өңіріміздегі сұранысқа сай 100 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жетекші 11 колледж анықталып, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Шыны керек, кейінгі жылдары заңгер, экономика саласын меңгерген дипломмен көптеген жастарымыздың жұмыссыз жүргендерінің саны артып отыр. Ел, елімізде қарапайым құрылысшы, дәнекерлеуші сияқты мамандардың тапшылығы көзге ұрып тұр. Сол себепті де, қарапайым жұмысшылар басқа елдерден келіп жұмыс істеуде. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда.
Осы аталған бастаманың игілігін көрген оқу орындарының бірі – Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі. Өткен жылы осы оқу орны аталмыш жоба аясында заманауи жабдықтарды сатып алу үшін «Жас маман» жобасына қатысқан болатын. Қазіргі таңда елуге жуық құрал-жабдықтар колледж базасына толық орнатылған. Бүгінде материалдық-техникалық базасы жаңғыртылған колледждің жаңадан құрылған оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханалары, оқу аудиториялары қалыпты жұмыс істеп тұр. Колледжде «Жас маман» жобасы аясында алғаш сатып алынған жаңа жабдық – бұрғылау-қондыру станогын пайдалану бойынша оқыту жұмыстары жүргізілген. Бұл станокпен жұмыс жасауды оқытуда бірінші болып, «Дизайн (бейін бойынша)» біліктілігінің арнайы пәндерінің оқытушылары мен колледж қызметкерлері тәжірибеден өткен. Сондай-ақ, осы станок «Интерьерді функционалды кеңістік ұйымдастыру» кабинетіндегі жинақтаушы жабдық болып табылады. Бұл туралы, осы колледждің оқытушысы Зайра Мұхаева:
– Біздің шеберханада «Киім дизайны» мамандығына оқитын 3-4-курс студенттері осы жерде білім алып, тәжірибеден өтеді. Бүгінгі таңда біздің шеберханада «Жас маман» жобасы бойынша 21 тігін машинкасы сатып алынды. Онда тік тігісті, кесте тігетін, циклличный, зик-зак және басқа да машинкалар бар. Міне, осындай тігін машинкаларын сатып алу үшін бюджет есебінен 110 миллионнан астам қаражат қарастырылған, – деген ол, бұл жобаның жергілікті колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік беріп отырғанын мақтанышпен жеткізді.
Бүгінгі таңда осы білім ошағында 4 мамандық бойынша 400-ге жуық студент білім алады. Сондықтан, колледж оқытушылары материалдық-техникалық базаның жаңартылуы мұндағы жұмыскер мамандыққа деген білім алушылардың қызығушылығын арттыратынын да атап өтті. Ал, осы колледждің студенті Мәншүк Қарбаева:
– Біздің қазір өз мамандығымызға деген ықыласымыз артты. Оған заманауи тігін машинкаларының келуі жақсы ықпал етуде. Кесте тігетін машинкалар мен сурет жапсыратын құрылғылар арқылы болашақта жақсы дизайнер болуға талпынысымыз мол. Оған қоса, жаңадан жатақхана ашылады деп күтілуде. Қазірден соған тапсырыс алып, төсек-орын жабдықтарын тігіп жатырмыз, – деген білім алушы, сонымен қатар, осы бастама аясында колледжде «Жаңа өріс» орталығы ашылғанынан да хабардар етті. Болашақта осы колледжде оқу процесіне дуальді оқыту технологиясы енгізіліп, халықаралық талаптарға сай мамандар дайындалатынына да сенім мол.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.