Ел қамын жеген жаңашыл Ерсұлтан

Ойы жетік, білімі мол Ерсұлтан Жақанов атты көкшетаулық жас жігіт ауыл шаруашылығын автоматтандыруды  қолға алып, әуелі өзі осы  бастамасын іс жүзіне асыруға кірісіп кеткен. Автоматтандырудың арқасында ол адам еңбегін жеңілдетіп, өнімді көбейтіп,  сапасын арттырып,  жұмысшылар еңбекақысын көтермек. Өзі сияқты жастар идеяларын игеріп, ауылдық жерде өнікті қызмет етсе, қомақты табыс тапса деп әрекет етуде ол.

Отыз жасар Ақан ауылының тумасы Ерсұлтан Жақанов 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің энергетика факультетін бітірген. Жас маман жұмысын «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамында бастаған.Елордадағы  «Нұр-Астана -Құрылыс» заводында да инженер болып қызмет істеген. Алайда, компьютер, техника тіліне жетік маман үнемі ізденіс, ой үстінде болған. Ел үшін пайдасы көп осы іспен біржола айналысуға 2016 жылы бел буған. Бір ғажабы- Ерсұлтанның әу бастан алға қойған  мақсаты өзі ғана табыс тауып, тез байып кету емес. Ойлап тапқан дүниелерін жалпы жұрт, ауыл тұрғындары пайдаланса дейді. Оны ауыл адамдарының бел жазбай, көп еңбек етіп, аз табыс табуы қинайды. Түпкі өнімдері үшін азыққа, малды бағып-күтуге кеткен шығынды, кірісі мен шығынын есептей алмаулары ойлантады. Әйтеуір, мал баққан, құс өсірген аш қалмайды деп қарбанған тірліктің қажытарын біледі. Сосын да, бірнеше адамның атқарар жұмысын бір адам тетікті басып қана атқаруын, жемшөп құнарын ғылыми жолмен арттырып, түпкі өнімнің пайдасын молайтуды көздейді. Ауылда жастар тұрақтамауда. Ересек адамдарға техника көмегін пайдалану көп жеңілдік әкелер еді. Қиналмай-ақ, көбірек мал ұстар еді. Оның үстіне, ауылда малшы болып жүруді қаламайтын жастар, инженер болып, әлгі техника түрлерін қадағалап, жақсы еңбек ақы алар болса, ауылда тұрақтар еді деп те ойлайды.

Алдымен, әртүрлі шағын бизнес ашып, оны жолға қояды. Оны еркін игеріп, дөңгелетіп әкеткен соң, негізгі ойларын жүзеге асыруға кіріседі.Сөйтеді де, былтыр Көкшетаудағы үш бөлмелі пәтерін сатып, күре жолдың бойындағы Келлеровка ауылынан үй алып, өз күшімен оның жанынан ені 39, ұзындығы 14 метр база салады. Онда 3000 бройлер тұқымдас тауық өсіруге кіріседі. Оны жұмыртқа күйінде біреуін 150 теңгеден сатып алып, жағдайын сәйкестендіріп, жетілдіріп, балапан етіп шығарады. Ол балапандар 45 күнде 2,0- 2,2 келі  таза  салмағы бар тауыққа айналады. Автоматтандырылған базасында  4 адамның жұмысын 1 адам атқаратын болғандықтан  оған  180 мың төлейді. Бұл тек ауыл адамы үшін емес, қала тұрғыны үшін де  жоғары еңбекақы.

Тауық өсіре бастағанына сәуір айында бір жыл болады. Қазір Ерсұлтан үйі жанынан жылыжай салуға кіріскен. Ойы – оны өзі дайындайтын биогазбен жылыту. Ол үшін тауық, басқа мал астын тазалағаннан шыққан қалдықтан биогаз өндірмек. Құрылғыны өзі қолдан жасайды. Оның қуатымен үй жылытуға, жарық алуға да болады.  Биогумус атты мұнай тәрізді сұйықтық өндіріп, оны тыңайтқыш ретінде пайдаланбақ. Оның құрамында неше пайыз азот, неше пайыз фосфор, тағы басқа қосындылар болатынына жетік. Ал, оны пайдаланса, егін өнімділігі 2-3 есеге артпақ. Тек тепе-теңдігі, пропорциясы мықтап сақталуға тиіс.Малға, тауыққа жемді турау, жармалау, түйнектеу артықшылығы туралы да  айтары көп.  Ол процесте жемдегі артық микробтар өледі, қалдық қалу мөлшері күрт азаяды, жем түгел желінеді. Үнем көп.  Екпе шөпті тез көтерудің де талай жолдарына қанық.Міне, Ерсұлтанның идеялары бірінен бірі шығып, осылай өрби береді. Тек өзінің ойлап тапқаны емес, өзгелердің ойлап шығарған дайын технологияларын да рұқсаттарын алып, пайдалануға, өзгеге үйретуге дайын.

Қазір тауық бағып-күтуді автоматтандырса, алға қарай ет үшін, сүт үшін қара малды да солай бағуды көздейді. Әрине, техникамен адам күшін салыстыруға болмайды. Мысалы, қазір тауық асты күніне 4 рет тазаланады. Әйтпесе, қалдықтан шығар иіс аммиакке айналып, тауық тәбеті мен денсаулығына, етінің дәміне кері әсер етуі ықтимал екен. Болашақтағы қара мал базасы да, әрине, автоматты түрде тазаланып, жем-суы уақытымен берілмек.

–Қыстың қақаған суық күндерінде қора қақпасы шалқалай ашылып, мал астын тазалауға трактор кіретін болса, оның зардабы көп болар еді, – дейді Ерсұлтан, –мал тітіркенеді, суық жел өтінде қалады. Трактор дауысы да шошытады. Содан, сиырдың сүт беруі кемиді. Ал, автоматтандырылған база ың-шыңсыз тазалық пен жылылықты, барлық қолайлылықты сақтап тұрады. Ол сондай қолайлылықта ұстаудың арқасында Украинада бір сиырдан күніне 40 литрден сүт алынатынын айтады. Біздегі бұл көрсеткіш 18 литр төңірегінде екен.

Ерсұлтанның бүгінгі ойы автоматтандырылған орында  тауық ұстағанына бір жыл толғанда жұмысының бәрін бастан аяқ бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, қызыққанның бәріне көрсету. Түсіндіру. Ауыл шаруашылығының қай саласына болсын, компьютрлендіру жөнінен ақыл-кеңесін айтып, оны іске қосудың арзан жолдарын жеткізу. Көбін өз қолымен жасау. Жұртқа аздан көп өнім алу тәсілін үйрету.

–Көкшетаудан көп қашық емес жерден маған 500 гектар жер бөлінсе мен сол жерді тиімді пайдалану үлгісін дәлелдеп шығар едім, – дейді өнертапқыш Ерсұлтан.

Ол өзінің жалғыз еместігін, елімізде өзі сияқты ауыл шаруашылығын ғылыммен байланыстыру бағытында көп нәрсе білетін жастардың көп екенін, тек олардың бірқатарының басқа елдерге кетіп қалып жатқанын айтты. Шынында, өзін де шақырушылар бар екен. Инвестор да іздеген. Біреуіоның идеяларынбүкіл жұртқа емес, тек өз шаруашылығына ғана пайдалануды көздесе, екіншісі бар идеяңды маған бер де, өзің менің компаниямда қызмет істе депті. Ал, Ерсұлтанның ойы басқа. Ол ауыл тұрғындарының бейнетін азайтып, табысын көбейткісі келеді.

Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар