Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықты әлеуметтік қорғауда назардан тыс қалған мәселелер бар - АРҚА АЖАРЫ

Халықты әлеуметтік қорғауда назардан тыс қалған мәселелер бар

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы  жанындағы отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес пен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамту жөніндегі қоғамдық кеңестерінің бірлескен отырысы болып өтті. Отырысты кеңес төрайымы Айнагүл Балташева ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды. Кеңес жұмысына «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен сараптамалық топтардың өкілдері қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ-ші съезінде партия реформаларды жүзеге асыруға белсене ат салысуға, қазақстандықтар қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс деп атап айтқан болатын. «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы  жанындағы отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің басты мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға, аналарға, интернаттық ұйымдарда тәлім алатын балаларға жан-жақты, уақытылы қолдау көрсету, олардың өмір сүру деңгейін жақсарту. «Бақытты отбасы» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан қоғамдық кеңес 2021 жылы бірқатар іс-шараларды жүзеге асыра алды.  Білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерімен тікелей жұмыс істелді. Сонымен қатар, күрмеулі мәселелердің шешімін табу мақсатында нақты іс-шаралар жүзеге асырылды, –дей келіп, Айнагүл Балташева күн тәртібінде тұрған алғашқы мәселені талқылау үшін сөз кезегін Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллинаға берді. Ол «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі  «Өзгерістер жолы: Әр азамат лайықты өмір!» атты бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.

– 2021 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жылдық жоспар бойынша 2500 іс-шара өткізу белгіленгенімен, біз былтыр 3489 іс-шара өткіздік. Алайда, облысымыздың  Ерейментау, Қорғалжын, Біржан сал аудандары мен Степногорск қаласында  жылдық жоспар ойдағыдай жүзеге аспағандығын айта кеткеніміз дұрыс. Жұмыспен қамту орталығының өкілдері өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды анықтау үшін қалалық, ауылдық және ауылдық округтерде үй-үйді аралап, қолдау көрсетуді қажет ететін отбасыларды анықтайды. Сонымен қатар, «Е-Халық» ақпараттық жүйесіне сәйкес «жайсыз», «қанағаттанарлық», «қолайсыз», «дағдарысты» және «шұғыл» деп аталатын бес критерий бойынша отбасыларға тұрақты мониторинг жүргізіледі,–дейді Шолпан Салыққызы. – 2022 жылдың 1 қаңтарына әлеуметтік карта мониторингіне сәйкес үй-үйді аралау деректері бойынша облыс бойынша «қолайсыз» отбасылардың үлесі 3 пайызды құрап отыр.

Жалпы, Ақмола облысында  барлығы 267 мың отбасы (709 мың адам) бар, оның ішінде берекелі – 73 мың отбасы (188 мың адам) болса, «қанағаттанарлық» – 187 мың отбасы (492 мың адам), «қолайсыз» категориясында – 7 мың отбасы (29 мың адам) бар. 2021 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда «қолайсыз» отбасылардың үлесі 25 пайызға төмендесе керек. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға облыс өңірлерінің бюджеттері қаражаты есебінен 372 миллион теңге сомасына 7194 адамға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 2751 отбасына (12456 адам) берілген, оның ішінде 827 көпбалалы отбасы. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек  саны 1918 адамға төмендеді. Сонымен қатар, өткен жылы облыста 17 мың жұмыс орны ашылған екен. Ағымдағы жылы тағы 10 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жиында «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Ақмола облысында атаулы әлеуметтік көмек алмайтын ауылдар немесе елді мекендер бар ма деген сауал қойған болатын. Алайда, басқарма басшысының орынбасары Шолпан Салыққызы бұл сұраққа дөп басып, нақты жауап бере алмады. Бұдан шығарар қорытынды – мәселе толық зерттелмеген. Ал, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілованың айтуынша, Степногорск қаласына қарасты бір емес, үш бірдей ауыл атаулы әлеуметтік көмек алмайды, яғни, өңірімізде ондай ауылдар жоқ емес, бар. Тіпті, көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмектен гөрі өздері кәсіп ашып, отбасыларын асырап, әрекет жасауда. Бірақ, бұл ахуалды басқарма қызметкерлерінің білмейтіндігі ойландырады.

Иә, рас мемлекет тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына және өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға көрсетілетін қамқорлық баршылық. Алайда, басқарма қызметкерлері атаулы әлеуметтік көмекке зәру жандарға мемлекет тарапынан берілетін ақшалай қаражатты таратумен ғана айналыспай, сондай отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында, оларға жұмыс тауып беру мәселесіне де айрықша көңіл бөлуі керек емес пе?!

Кеңес отырысында қоғамдық қор өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Мәселен,  «Ерекше өмір» қоғамдық қорының жетекшесі Әлия Рақымбекованың айтар базынасы бар екен.  Ол облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының кейбір қызметіне көңілі толмайтындығын ашық айтты.

– Жұмыс барысында  біз кейбір мамандарға тапшы болып, бос жұмыс орны бар екендігін айтып, басқармаға хабарласып, қажетті мамандар тізімін ұсынамыз. Бірақ, олар бізге сол қызметкерлерді өздеріңіз тауып әкеліңіздер дегенге дейін барады. Қоғамдық қордың жұмысымен айналысып, біршама тәжірибе жинақтап алдым. Енді бізге қажетті мамандарды өзіміз тауып алып, жұмыспен қамту орталығы арқылы рәсімдеп жұмысқа орналастыруды әдетке айналдырамыз, –дейді Әлия Рақымбекова.

Отырыс жұмысына қатысып, сөз сөйлеген Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов бұл мәселеге баса назар аударып, алдағы уақытта тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктейтіндігін айтып сендірді.

Жиын барысында Степноргск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова мен Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова  онлайн байланыс арқылы күн тәртібінде қаралып жатқан мәселелер бойынша өз өңірлеріндегі ахуалды баяндады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар