Парламент Мәжілісінің депутаты сайлаушыларды қабылдады

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,  «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мәди Елубаев  «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында Көкшетау қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша  қабылдап,   азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныс-тілектерін  тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселелерді алға тартты. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу, жұмысқа орналасу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, атқарушылық іс жүргізу және  сот орындаушылардың мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар және тағы басқа өзекті мәселелер айтылды.

Халық қалаулысының жеке қабылдауына келген алғашқылардың бірі   –Бурабай ауданы, Щучинск қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Жанат Бекбаева. Жанат апа Мәжіліс депутатының қабылдауы болады дегенді естіп, Щучинск қаласынан облыс орталығына арнайы келіпті. Сегіз баланың анасы Жанат Елубайқызының бір ұлы тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстарға қатысып,  қаза тапқан екен. Қазіргі таңда  қарт ана аудан орталығы Щучинск қаласында мемлекеттік қордан берілген жалдамалы үйде тұрып жатқан көрінеді. Бұл пәтердің құжаттарын өз атына түбегейлі түсіру үшін 3,5 миллион теңге көлемінде қаражат керек екен.  Қарт ана мұндай қаражатты қайдан табамын деп налиды?!

– Ажал айтып келмейтінін бәріміз де жақсы білеміз.  Ана үшін әрбір баланың орны бөлек қой. Отан алдындағы борышымды өтеймін деп аттанған ұлымның тәжік-ауған соғысына тап болатынын болжадық па? Тағдырдың жазуы деп қабылдадық. Алайда, жүрек әлі де тыншымайды. Еліміздің әр өңірінде тәжік-ауған соғысына қатысып, баласынан қапияда айырылып қалған мен сияқты аналар көп–ақ. Солардың біразымен хабарласып, сыр тарқасып, мұң-шерімізді бөлісеміз. Естіп білгенімдей, олардың басым көпшілігіне өздері тұрып жатқан өңірлерден пәтерді басыбайлы берген екен. Ал, мен әлі күнге дейін бұл пәтерді атыма түсіре алмай келемін. Сіздің қабылдауыңыз өтеді дегенді естіп, баламмен сол қақтығыста бірге болған жолдастарына хабарласып, ойымды білдірдім. Аллаға шүкір жолдастарына дән ризамын. Үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп тұрады. Пәтерді атыма түсіру үшін 3,5 миллион теңге қаражат қажет екен. Көмек көрсетіңізші,– дейді Жанат Елубайқызы.

Қабылдауда Көкшетау қалалық «Тәжік-ауған шекарасында әскери қақтығыстарға қатысушылар» ардагерлер одағының төрағасы Қайдар Бәкіров те өз ойын ортаға салып, халық қалаулысына бұл мәселенің анық-қанығын, егжей-тегжейлі түсіндіріп, қарт ананың өтініш-тілегіне қолұшын беруді өтінді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, бұл мәселені шешу үшін демеушілердің көмегіне жүгіну керек екендігін баса айтып, алдағы уақытта мәселені өз  назарында ұстайтындығын қадап айтты.

Мәди Елубаевтың  қабылдауына жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы төрағасының орынбасары Райма Молдағұлова бастаған бірнеше сот орындаушылар бірге келді. Олардың айтуынша жеке сот орындаушыларына айлық есептік көрсеткіштен төмен шағын қарыздарды жіберуді тоқтату керек. Өйткені, екі мың теңге қарызы үшін қарыз алушы екі есеге жуық ақша төлеуге мәжбүр. Сонымен қатар, сот орындаушылар өздерінің құзіретіне жатпайтын басқа да міндеттерді алып тастау туралы ұсыныс жасап, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.

Бұдан кейін халық қалулысының қабылдауына Қазақстан ата-аналар одағының мүшелері келіп, білім саласында болып жатқан кейбір мәселелерге көңілдері толмайтындықтарын  баяндады. Олардың пікірінше, мектептерде психолог маман кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін психодиагностика жүргізбеуі керек. Себебі, мектеп психологы баланың психодиагностикасымен айналыса алатындай құзіреті жоқ.  «Мектеп психиатриялық аурухана емес» дейді бірауыздан олар.

Көкшетау қаласында өткен Мәди Елубаевтың қабылдауында 20-дан астам адам болып, халық қалаулысы солардың әрқайсысының жағдайына бойлап, барлық өтініштер мен ұсыныстар бойынша шешімдер заңнамаға сәйкес шешілетінін баса айтып, кейбірін Мәжілістегі жұмыс топтарында талқыланады деп сендірді.

Айта кетуіміз керек, Мәди Елубаев Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде өңіріміздің Қорғалжын, Егіндікөл, Целиноград, Ерейментау және Көкшетау мен Қосшы қалаларында болып, қалалар мен аудандардағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп,  өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысымен танысты. Алдағы жұмыс жоспары бойынша Аршалы ауданына да баратын болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар