Бірлік пен татулық ұйыған құтты мекенбіз

1 наурыз күні біз жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күнін атап өтеміз. Бұл мереке біздің ортақ тарихымыздың нышаны, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. 2016 жылы 14 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Содан бері үзбей аталып келе жатқан мереке Қазақстанда тұрып жатқан этностар мен ұлыстардың қазақ халқына деген сыйластығы мен достығын нығайта түсті деуге болады. 

Бұл мереке ұлы дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым. Біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім ретінде қабылданды деп ойлаймын. Алғыс айту күні Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады.

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қиын жылдары миллиондаған адам бір-біріне көмек көрсетті, қолдау танытты. Сол үшін қазақтарға ризашылықтары шексіз. Бұл барынан айырылған адамдардың үмітін қайта жалғап, өмірді қайта бастауға күш берді. Сол үшін басқа ұлыстардың қазақтарға айтар алғысы зор. Біз де ордалы ұлт ретінде бауырластарға, туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, ұлтқа, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреміз.  Жалпы, кәрі тарихқа көз жүгіртетін болсақ, өзге ұлттардың Қазақстанға жер аударуы XVI ғасырдан бастап XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Жүздеген мың адам жат жерге жазықсыз айдалды. Тек шаруаларды жаппай қоныстандыру кезінде ғана – Қазақ топырағына Ресей, Украина, Беларусь елдерінен 1 миллион 150 мың адам келген екен. Елбасы бір сөзінде: «Оларды жүк вагондарына тиеп, қыстың күні алаңқай ашық иен далаға әкеп тастады. Ол кезде бұл жерде тек қазақтар тұратын. Біз – өткенді ұдайы еске алып тұруымыз керек. Өйткені, біздің балаларымыз бұл оқиғадан бейхабар. Олар ата-бабаларының қандай қиындықты бастан өткізгенін білгені абзал. Қазақ отбасылар өздері жоқшылықтың азабын тартып отырса да, пана іздеп келгендерді үйлеріне кіргізді. Солардың бірі – біздің үй болатын. Бес адам тұратын шағын үйге тағы бес адам қосылды. Бірге тұрдық, бірге қыстадық. Жер аударылғандардың легі Кеңес тұсында одан әрі үдей түсті. Оған саяси қуғын-сүргін мен тың игеруді қосыңыз. Тек 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. Ал, жабық әскери нысандарда 150 мың маман мен олардың отбасы жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстандырылған» деген болатын. Міне, осындай кезеңдерді бірге бастан өткерген, елімізде тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар қазақтарға зобалаң кезеңдерде жақын тартып, бауырына басқандары үшін және өзара бір-біріне мейірімділік танытады. Сонымен бірге, біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске алып, ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, зейнеткерлер мен ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.

Биыл дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 27 жыл толады. Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық келісімнің бірегей моделі, өзара түсіністіктің ерекше атмосферасы қалыптасты десе болады. Әрбір азамат ұлтына қарамастан, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарды толық иелене алады және пайдаланады.

«Қоғамдық келісім» мекемесі ресурстық, мәдени және әдістемелік орталық болғандықтан, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қызметін қамтамасыз етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерін іске асыру үшін этномәдени бірлестіктерге, Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарына әдістемелік, ұйымдастырушылық көмек көрсетеді.

2021 жылы этномәдени бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту  аясында жүзеге асырылды. Былтыр жыл бойы «Достық» үйінің қабырғасында  қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған этнофестивальдер, этномәдениет күндері, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, түрлі кездесулер, конференциялар, бейне челлендждер секілді 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 2000-нан астам адам қатысты.

Өткен жылдан бастап «Қоғамдық келісім» мекемесі Қазақстан халқы ассамблеясының 4 негізгі мәдени-ағартушылық жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жобада «Қазақстан этностарының жалпыазаматтық сәйкестігін қалыптастыру», «Этностардың қазақстандық әралуандығын рухани-мәдени тұрғыдан насихаттау», «Көп этносты Қазақстан: этномәдени генезис» және «Этносаралық ортадағы жанжалды көріністерді қабылдамауға бағытталған әлеуметтік нұсқауларды әзірлеу арқылы медиация институтын дамыту» бағыты қарастырылған. Осы жоба шеңберінде былтырғы жылы 1 мыңнан астам  адамды қамтитын әртүрлі форматта 50-ге таман онлайн және оффлайн іс-шаралар өткізілді. Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жария еткен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін одан әрі дамытудың жаңа стратегиясын іске асыруды бастадық. Мемлекет басшысының тапсырмаларын негізге ала отырып, жастармен жұмыс істеу, этносаралық қақтығыстардың алдын алу, этносаралық келісімді нығайту бағыттарында жаңа тәсілдерді іздейміз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, «Достық» үйлері «мәжіліс және салтанатты жиын залдарына айналмай»,  Қазақстан халқы ассамблеясының халықтық бастамалары үшін ресурстық орталықтар мен жобалық кеңселерге айналуы тиіс, ал, этномәдени бірлестіктер бұл жұмысқа белсене қатысулары қажет. Биыл өңірдегі 49 этно-мәдени бірлестіктермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды орындайтын боламыз.

Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы бүгінгі күннің басты ұстанымы – болашақтың баянды болуына кепіл. Ұлан-ғайыр даладан ондаған ұлыс өкілдері отауын тігіп, Отанын тапты. Сыйластық пен сенім – біздің басты байлығымыз. Олай болса, барлық ақмолалықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, баршаңызға бақыт, денсаулық, амандық және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолында жаңа жетістіктер тілеймін!

Ермек НҰҒЫМАНОВ,

«Қоғамдық келісім»

мекемесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар