Ауғанстаннан ата жұртқа оралғандарына шексіз риза

Өткен жылдың қыркүйек айында Ақмола облысына Ауғанстаннан төрт қазақ отбасы көшіп келіп, қоныс аударған еді. Ауғанстандағы қақтығыстардың шеленісуі кезінде эвакуацияланған 35 адам өңіріміздің Атбасар мен Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласына орнықты.

      Қазіргі таңда оларға әлі қандас мәртебесі берілмесе керек. Жақында ғана халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көші-қон қызметкерлеріне құжаттарын тапсырыпты. Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері баяндағанындай, қандас мәртебесі берілісімен, оларға тиесілі мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жеңілдіктердің барлығы жүзеге асырылатын болады. Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, ресми мәртебесі бар қандастар заң аясында әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (200 мың теңгеден астам) біржолғы жәрдемақыға ие болады және олар жыл бойына тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін ай сайынғы жәрдемақы алатын болады. Әзірге оларға жергілікті әкімдіктер мен кәсіпорындардың басшылары, демеушілер жан-жақты қолдау көрсетуде.  Айта кетуіміз керек, жоғарыдағы басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Ақмола облысына 8983 қандас отбасы көшіп келген, бұл 10126 адамды құрайды. Ал, өткен 2021 жылы облысқа 89 немесе 157 адам отбасы көшіп келіпті.

Ауғанстаннан қоныс аударған  Дерман мен Озбаки отбасылары қазіргі таңда «Новопек» серіктестігінің жатақханасында тұрып жатыр. Жаңа жатақхананың жайлы бөлмелерінде жаңа жиһаз, тұрмыстық техника және тұрмысқа қажетті барлық жабдықтар бар. Отбасындағы кәмелеттік жасқа толған жандардың барлығы кәсіпорынның цехтарында тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, мектеп жасындағы балалар Көкшетау қаласындағы С.Жүнісов атындағы № 18 қазақ орта мектепте білім алуда. Жас жеткіншектер мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, мектеп формасы, киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Ауғанстаннан көшіп келгендер жергілікті билік пен компания басшылығына мейірімділік пен қонақжайлылық танытып, моральдық және материалдық қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтуда.  Күні кеше ғана Ауғанстанда болған әскери әрекеттер барысында жүректері қорқынышқа толған отбасы мүшелері бүгінде атажұртқа келіп, бауырларының ортасында бейбіт өмір кешуде. «Біз үшін бұдан асқан бақыт бар ма?» дейді олар.

– Менің әкем көзі тірісінде атажұрты – Қазақстанға оралуды армандап өтті. Алайда, әкем арманына қол жеткізе алмады. Ол кісі көзі ашық зиялы адам еді, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап өткен  мұғалім болатын. Бізді де білімге баулып өсті. Біз Ауғанстанның Тахар дейтін шағын қаласында тұрдық. Ол Тәжікстанмен шекаралас қала. Үйдегі балалардың барлығы 12 жылдық мектепті тәмамдадық. Мен орта мектепті бітірген соң, Джалал-Абадта «ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша білім алдым. Бірнеше тіл меңгердім. Бір жыл Түркияда білімімді жетілдірдім. Түркияда да қазақтар көп тұрады. Олармен қарым-қатынасым өте жақсы.

Ауғанстанда үлкен әпкеміз қалды. Ол сол жақта тұрмыста, екі баласы бар. Әпкем жоғары білімді мұғалім. Өкініштісі, жан жарымды өзіммен бірге алып кете алмадым, оның құжаттары дайын болмай қалды. Билікке тәліптер келген соң, Ауғанстаннан кету оңай-оспақ шаруа емес қазір. Әйеліммен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп тұрамын. Оның құжаттары дайын болған соң, оны да Қазақстанға көшіріп әкелгім келеді. Қазақстанға анам – Малиха, інілерім Мухаммад пен  Ахмад заки және қос қарындасым Адила мен Маджида алтауымыз көшіп келдік. Маджида Ауғанстандағы университеттердің бірінде теолог мамандығы бойынша төртінші курста оқитын. Кейін тәліптер қыздардың оқып-білім алуына қарсылық білдіріп, оқу орнын жауып тастады.  Көп қиындық көрдік. Жағдай ушығып кетті, көшеде жүрудің өзі қорқыныш болатын. Қазіргі таңдағы басты уайымым – сол жақта қалған бауырларымды тезірек, осында көшіріп әкелсек екен деген бір арман бар, – дейді Мохаммад Хассан.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Маджида мен Мухаммад Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті  жанындағы тегін тіл курстарында орыс және қазақ тілдерін үйренуде. Ахмат заки болса – мектеп оқушысы, бос уақытында бокспен айналысады. Қазіргі таңда облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектепте өз қабілетін шыңдауда. Ол республикалық жарыстардың жүлдегері екен.

Мохаммад Хассанның өзі Көкшетауға келген бойда осындағы ағылшын тілін үйрететін курстарда мұғалім болып жұмыс істеген. Алайда, денсаулығына байланысты бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра алмаса керек. Қазіргі таңда «Новопек» серіктестігінде анасы және қарындасы үшеуі де тігінші болып жұмыс істейді.

– Қазақстанға, оның ішінде Көкшетау сияқты  табиғаты көркем, тұрғындарының жандары жайсаң қалаға көшіп келгенімізге қуаныштымыз. Көкшетаулықтардың қай-қайсысы болмасын бірге қашанда көмекке даяр. Осында келгелі көргеніміз тек қана қамқорлық. Ендігі орайда, қандас мәртебесі бұйырса, жағдайымыз бұдан да жақсара түсетініне сенімдіміз. Жаның да, қаның да қазақ болған соң, бауырлардың жөні бөлек емес пе? Қиын сәтте жанымыздан табылып, бізді бауырымыз деп қамқорлық құшағына алып отырған Қазақстан еліне қалай ғана риза болмайсың?!  Қазақстанның әрбір азаматына алғысымыз шексіз!, –дейді Мохаммад Хассан.

– Ата-бабамыз Ауғанстанға революциядан кейінгі жылдары Қазақстаннан көшіп келсе керек. Оған дейін Нұғман атам өзінің бауырларымен Қызылорда облысында өмір сүрген. 1925 жылғы оқиғадан кейін өмірлеріне қауіп төнген соң атамыздың үлкен ағасы өзінің үш бауырын алып, оларды Ауғанстанға көшіріп апарып, өзі елге қайта оралған екен. Сол уақыттан бері біз үлкен ағамызды көрген жоқпыз. Біз Ауғанстанда, ағамыздан тараған ұрпақ Қазақстанда өмір кешті. Әкеміздің үлкен ағасынан тараған ұрпақ Қазақстанның Алматы мен Шымкент және Қарағанды облыстарында өмір сүріп жатыр. Таяуда бір атадан тараған бауырларымды іздеп, Қарағанды облысына барып келдім. Шіркін-ай, қай жерде жүрсең де бәрібір бауыр керек! Ал, мұнда бізге бәрі туыс, бәрі бауыр. Сол себепті де, өзімізді бұл өлкеге жат санамаймыз , – Мохаммад Хассан Дерман.

Ауғанстаннан Көкшетауға көшіп келген тағы бір отбасылардың бірі – Озбаки отбасының ортаншы ұлы Шер-әлі Озбакидің айтуынша, оның ата-бабалары өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарында Ауғанстанға қоныс аударған. Бірақ, жасырары жоқ, Ауғанстан қашанда қарулы қақтығыстардың ошағы болған. Сол себепті ата-анасы Иранға қоныс аударып, сол жақта отыз жылдан астам өмір сүрген. Одан кейін Пәкістанда, кейін қайта Ауғанстанға көшіп келіпті. Бұл сәт тәліптердің билікке келу кезеңімен тұспа-тұс келсе керек. Осы аралықта Қазақстан өз қандастарына көмек қолын созып, жәрдемдесуге ниет білдіргенін естіген Озбаки отбасылары еш ойланбастан, атақонысқа Қазақстанға көшіп келуді ұйғарады.

– Атамыз ғұмыр бойы өзінің атақонысына көшіп келуді армандайтын. Себебі, 90-шы жылдардың басында біздің көптеген туыстарымыз Қазақстанға қоныс аударған. Біз тағдырдың жазуымен қайда тап болсақ та, қай мемлекетте өмір сүрсек те,  атамыздың бізге үнемі «біз қазақпыз» деп айтатыны мәңгі жүрегімізде жатталып қалды. «Қазақ халқы қашанда жүрегі мейірімге толы, парасатты халық. Олар өз туғанын тағдыр тәлкегіне тастамайды.  Сендерді де қиын сәтте демеп қол ұшын береді» деп отыратын атамыз. Шынында да, атамның айтқаны жазбай келді.  Қазақстан халқы өзге елде жүрген біздерді қандасым деп қамқорлығына алды. Көңілімізге медет, жанымызға демеу болды. Мінекей, Көкшетауда қамсыз, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Әр күнімізге қанағатпен қараймыз, – дейді Мұхаммад Рыза.

      Иә, қаны бір, жаны бір, тілі бір, ең бастысы тілегі бір, жүрегі бір жандардың бір елде, бір жерде бір үйдің баласындай бір-біріне қамқор болып, ғұмыр кешкеніне не жетеді! «Бірлік бар жерде, тірлік бар».  Ауғанстаннан қоныс аударған қазақтар «Бауырларым қамқор болды» дейді риа көңілмен. Бауыр деген сөз қандай ыстық еді, шіркін!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар