Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Актив отырысында алда тұрған міндеттер талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Актив отырысында алда тұрған міндеттер талқыланды

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өңірлік филиал активінің отырысы болып өтті. Онда партия төрағасы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 наурызда өткен партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде ұйымды жаңғырту бағытындағы алға қойған жаңа міндеттерін орындау мәселелері қаралып, талқыланды.

Съезде Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясын жаңғыртудың 7 басымдығын ұсынды. Олар – халықпен кері байланыс жасау құралдардың тиімділігін арттыру, партияластар арасында ынтымақтастықты, партияның жұмысында ашықтықты арттыру, партиялық бақылауды күшейту, партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау, халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс істеу және «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру. Съезге 399 делегат қатысты, оның 28-і Ақмола облысынан болды. Актив отырысына жергілікті атқарушы органдар, мәслихат, бастауыш партия ұйымдарының басшылары және партия белсенділері, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

–Партияның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қысқа мерзім ішінде съезд өткізу туралы шешімі мемлекет алдында тұрған өзекті сынаққа уақытында берілген жауап. Бұл Президенттің орын алған оқиғаны бағалай білетіндігінің дәлелі және ол саяси реформалардың негізгі бастаушысы. Өз сөзінде Мемлекет басшысы ынтымақтастық пен бірліктің маңыздылығын тағы бір атап өтті. Соның нәтижесінде қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің мемлекеттілігі мен тұтастығын қорғап, төнген қауіптің алдын алдық, – дей келе, өңір басшысы аймақтық партия ұйымының алдына қойылған міндеттерге тоқталып, партияның атауын «Аманат» деп өзгерту мәселесін қолдайтындығын жеткізді. Сонымен бірге, ол өңірде жүзеге асырылып жатқан партиялық бағдарламалардың нәтижелерінің сапалы іске асырылуына көңіл бөлуге назар аударды. Облыстағы 274 партия ұйымының бар екендігіне тоқталып, жергілікті жерлердегі партия қатарын нығайтуды, партия мүшелерінің біліктілігін жетілдіруді қарастыру қажеттігін тапсырды.

Активте партияның Степногорск қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Алпысбай Қайыржанов, Бұланды аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Раушан Хожабай, Сандықтау аудандық мәслихатының депутаты Вячеслав Белуха сөз сөйлеп, ХХІІ съезде Президент жүктеген міндеттерді, жаңғыру бағытында көтерілген 7 бастаманың маңыздылығы туралы жан-жақты саралап берді.

–Бұланды аудандық мәслихатындағы партия фракциясының төрайымы ретінде фракция жұмысына да трансформация қажет екенін атап өткім келеді. Партиядан сайланып, халықтың қолдауына ие болған 10 депутаттың қызметіне, олардың қоғамдық бастамалардағы белсенділігіне баса назар аударылады. Әрбір фракция мүшесіне маңызды міндеттер жүктеледі, атап айтқанда, халықпен тығыз қарым-қатынас құру, елді мекендердегі өзекті сауалдарға жоғары мән беріп, оңтайлы шешім табу, халық пен билік арасында көпір орнату арқылы жағымды қоғамдық пікір қатыптастыру. Яғни, халықтың аманатын арқалап, үкілеген сенімін ақтау партия мүшелерінің парызы деп есептеймін, – деді өз сөзінде Раушан Хожабай.

Актив соңында облыс әкімі партия филиалының алдында жауапты міндеттер тұрғанын, ұйым мүшелеріне түпкі нәтижеге жұмыс істеу қажеттігін ескертті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар