Халықтық педагогика – ұлттық тәрбиенің негізі

Оқушы – жастар бойына мәдени құндылықтарды, оның ішінде қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда ұлттық дәстүрлерімізді пайдалану   маңызды мәселенің бірі. Адамзат баласы тарихында құндылықтардың қалыптасу мәселесі ерте заманнан-ақ, ойшыл-ғұламалардың назарында болып келді. Адам атадан өрбіген, ақыл иелері дүниеге келіп, жер бетінде өмір сүргелі неше ықылым заман өтті. Осы мезгіл ішінде  қаншама өркениетті ел дүниеге келіп, қаншама дәуірлеген елдің құлдырап өшуінде  заңдылық бар сияқты. Елдің гүлденіп дәуірлеуі, құлазып құлдырауы ұрпақ тәрбиесіне  мән беруіне тәуелді деген тұжырымға келеміз.

Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын көреген халқымыз ертеден-ақ түсінген. Тәрбиелеудің оңтайлы әдістерін бала  бесігінен бастаған. Тәрбиелеу дегеніміздің өзі халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өнерге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.

Халық педагогикасы дегеніміз – ол қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап, терген, атадан балаға мирас болып отырған тәрбиелік қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары. Ол – жан сезімімізді толқытып, ойымызға ой қосатын, қиялымызға қанат бітіретін халқымыздың рухани байлығы мен болмысы, сұлу әндері мен сыршыл күйлері, ұлттық ойындары.

Әр халықтың өз өркениеттілік белгілері болады. Солардың бірі қарым-қатынас мәдениеттілігі. Осы белгі арқылы халықтық дүниетаным, мәдениеттілік байқалады. Ұлттық арқау, берік төлтума – ол  адам бойындағы мәдениеті. Қарым-қатынас адамдар арасында саналы түрде, көпшілік жағдайда міндетті әрі ресми, кейде ерікті түрде ақпарат алмасу және эмоционалдық  қауышу жасау белгісі болып табылады.  Қарым-қатынас адамдардың  бірлесіп өмір сүру  формасы. Қатынасудың түрлері: ресми  және бейресми қатынасу; тура және делдалдықпен қатынасу; вербальды және вербальды емес қатынасу. Қатынас деп адамдардың қызметті бірлесіп істеу қажеттігінен туындайтын, адамның өзге адаммен немесе адамдар тобымен ақпарат алмасуын, өзара әрекеттесудің біртұтас стратегиясын жасап шығаруын, басқа адаммен оны қабылдау және түсіну бағытында қатынасқа келуін және ол қатынастың кері байланыс арқылы тудырған салдарын айтамыз. Қарым-қатынас түптеп келгенде адамдардың практикалық қызметінен туындайтын  күрделі  үрдіс болып табылады.

Адамдардың  бір-бірімен  қатынасуы ұғымына біз мыналарды  сыйдырамыз. Қатынаста болып отырған адамдардың кім екендігін танытатын, оларды бір-біріне жақындастыратын немесе алыстатын құрал; адамдардың рухани және органикалық қажеттерін өтейтін шарт; адамдардың өмір сүру формасының бірі; адамдардың психикалық қызметін  күшейткіш құрал; адамдарды тәрбиелеу құралы.

Адамдар арасындағы қатынас қоғамдық орындардан тыс жерлерде де тоқтаусыз жүріп жатады. Қоғам дамуының қазіргі деңгейі көпшілікпен кездесетін адамдардың қатынасу мәдениеті жоғары болуын қажет етеді. Өйткені, қарым-қатынас мәдениеті кез-келген істі тындырып, игілікті нәтижеге шығаруға қажетті негізгі факторлардың бірі болып табылады. Адамдардың бір-бірімен қатынасу құралдарының ішіндегі өмірлік тәжірибеде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл. Сөйлеу мәдениеті қатынасудың барлық түрлерінде қолданылады. Әл-Фараби: «Адам көп нәрсеге мұқтаж болғандықтан, өзіне керегін қоғамдасқан ортадан ғана таба алады, жеке жан иесі адамдар бірлестігінің арқасында ғана жетіліп, өз қабілеттерін шыңдай түседі. Осыдан келіп олардың әлеуметтік мәні қалыптасады» деген болатын.

Тәрбие өмір бойы жүретін үздіксіз үрдіс болса да, қазақ халқы жетілген тұлғаның сипатын: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген бір ауыз сөзбен түйіндеген. Адам өмірінің алғашқы мақсаты – өзін-өзі тану, өзінің тұлғалық қасиетін жетілдіру. Демек, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім мазмұны мен   оқу-тәрбие үрдісінде осы мәселелер кеңінен орын алуы тиіс. Адамның қалыптасуына әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастар да әсер етеді. Қарым-қатынас мәдениеті арқылы тұлға өзінің  де, өзгенің де тұлғалық қасиетін дамытады. Адамның өмірлік мақсатының келесі бір қыры отбасы мүшелерінің қарым-қатынас мәдениеті болса, дәл сондай өмірлік мақсатының бірі – айналамен, табиғатпен шығармашылық қарым-қатынас орнатып, оны өмірде қолдана білу. Адамның  шығармашылығында үш түрлі  қарым-қатынас орын алады. Адамның өзіне деген қарым-қатынасы; тұлғаның басқалармен қарым-қатынасы; тұлғаның табиғатпен қарым-қатынасы.

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті – тарихи мәні бар, өзіндік ерекшеліктері бар құбылыс және ол қарым-қатынас мәдениетінің ең өзекті мәні. Ұлттық мәдениет ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Ұлттық мәдениеттің  даму кезеңдерінің қай дәуірін алсақ та,  ол халықтың ұлттық (халықтық) педагогикасымен сабақтасып жатқанын көреміз. Ал, тәрбие дүниетаныммен, өмір заңдылықтарымен тығыз байланысты. Ұлттық салт-сана сол ұлттың мәдени  дәрежесін, рухани сапасын көрсетеді. Ұлттық салт-сананың қалыптасуының бастауы сол ұлттың құрамындағы жеке тұлғалардың игі әдеттерінен басталады. Ұлттық мәдениеттің дәстүрдегі бастау көрінісі – сәлемдесу. Сәлем – әдептіліктің, яғни, мәдениеттіліктің белгісі. Ұлттық мәдениеттіліктің белгілері, әсіресе, отбасындағы сыйласымнан көрінеді. Қазақтың ұлттық имандылық, қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлылық рәсімдері – ұлттық мәдениеттің, ұлттық тәрбиенің айқын белгілері болып табылады. Міне, осы тұрғыда жастарымыздың бойында қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда халықтық педагогика идеяларын кеңінен пайдалану қажет.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында адамның жетіліп қалыптасуы, оның ішінде жастар тәрбиесі – қоғамдық жағдайлардың, айналадағы ортаның ықпалымен, оң әсерімен тәрбие арқылы және дүниеге келуімен бірге  болатын қасиеттер арқылы қалыптасады деп келтіріледі. Сонымен  қатар, адамның өсіп-жетілуінде, оның дүниеге  келуімен ілесе келетін қажетті кейбір сапалар мен қасиеттердің  болатындығын айта кетеді. Баласағұнның тәрбие тағылымының бастауы болатындай мына пікірін келтіруге болады. «Тәрбиенің барлық ұждағаттылығы, саласы мен түрі. Өзара ұйымдасқан, ұйымшыл тату да тәтті адамдар құрамын, тобын – жетелі адамдар тобын, зерделі адамдар құрамын толықтыратындай биікке көтерілуі қажет.  Тәрбие өз кезегінде, әсері мен ықпалында мирасқорлы, пайдалы еңбектің  көзі болуы шарт». Оны Жүсіп Баласағұнның адамшылдыққа адамшылық, қайырымға қайырым ету туралы жыр жолдарынан да көруге болады:

Ілкі сәттік өмірің болса жалғанда,

Қайырым ет, қайырым қылған жандарға.

Сиымды бол сыйлап сені жақтаса,

Тайраңдама қалың елің мақтаса.

Адамшылық адамға тән қазына.

Солай қазір, солай болған бағзыдан.

Қайырым етсе достарың не бауырың,

Еселеп бер, көтер жүктің ауырын.

Қайырымды бол, қырық қатпар ғаламға,

Көзіңді ашып білім берген адамға.

Қайда жүрсең, жасай көрме бетсіздік,

Самарқаулық, ұмытшақтық, тексіздік.

Бауырыңдай демеу болған жігітке,

Сырт айналма, адамдықтан түңілтпе!

Ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қайнар көзі болып табылатын ұлағатты ұстаздық ойлардың арғы тегі данышпан Ахмет Иүгінеки «Ақиқат сыйы» еңбегінде адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас мәдениетінің ерекше бір белгісі меймандостық, үлкенді сыйлау, жақсы мінездің қалыптасуы тәрбиеге, жеке адамды тәрбиелеуші оның тегіне байланысты екенін және мінез-құлықтың ең қасиетті мәйегі де инабаттылық, қайырымдылық екенін қастерлеп келтіреді. Халықтық педагогиканың қайнар бұлағынан сусындап, тәрбие алған жастарымыздың бойында қашанда инабаттылық, әдептілік қасиеттер қалыптасса, қарым-қатынас мәдениеті де өміршеңдік сипат алары хақ. Олай болса, халықтық педагогиканы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың аса маңызды құралы ретінде кең пайдалансақ, жастарымыздың жан дүниесіне мықты ықпал ететін тәсілдің бірі ретінде атқарар  қызметі мол деп білеміз. Өкінішке орай, қазіргі жаһандану үрдісі  жастарымызға да өзінің кері әсерін тигізіп отырғаны шындық. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастарды батыстың бейресми мәдениетімен, моральдық азғындаушылық іс-әрекетінен аман алып қалудың бірден бір жолы, ол ұлтымыздың тарихы мен халықтық педагогика жолы. Осы орайда, қазақ халқының біртуар ұлдарының өмірі мен шығармашылығын оқып үйрену, жас жеткіншектерді үлкен патриоттық сезімге баулып тәрбиелейді.   Ұлтымыздың тәлімгерлік тәжірбиесі өте бай. Мәселе, сол байлықты ел игілігіне айналдырып, бүгінгі оқушы жастардың бойына сіңіру болып табылады. Жасыратыны жоқ, жаһандану заманында, Қазақстан әр түрлі діндер мен саяси-экономикалық жағдайы әр түрлі мемлекеттердің қоршауында тұрғанда тәрбие проблемасының да күрделене түсері даусыз. Қазіргі басты мақсат – ел тәуелсіздігін, оның бірлігі мен жасампаздығын, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен ұлттық қағидаларды аман сақтап қалу.  

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті алдындағы ең бір жауапты міндет – қоғам мүшелерінің адамгершілік қасиетін тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл тәрбие жастарды ар-ұятты, адал, әділетті, кішіпейіл, көпшіл, еңбекшіл болу сияқты қоғамға пайдалы көптеген қасиеттерге баулиды. Сондай-ақ, ол әр түрлі жат қасиеттерден, соның ішінде ұятты аяққа таптаудан, жалқаулықтан, озбырлықтан, зұлымдықтан, екіжүзділіктен, көзбояушылықтан аулақ болуға тәрбиелейді. Тәрбиенің бұл саласын жүргізуде оқу бағдарламасы бойынша әдеп, эстетика, мәдениеттану пәндерінің алар орны, атқаратын ісінің маңызы өте зор. Тәрбие тек мектеп қабырғасында ғана қалыптаспайтыны анық. Ананың бесік жырынан бастап, «О дүниеге» жөнелгенше адам өмірі үйренумен өтетіндігінде дау жоқ. Сондықтан, бұл мәселелерде халықтық педагогикаға оралып, ұлттық тәрбиеге ден қойғанымыз жөн.

Зухра Зубайраева,

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар