«Аяулы менің мекенім»

Осындай тақырыппен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кенжебек Күмісбековтің туғанына 95 жыл толуына арналған концерт болып өтті. Өнер кешіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбай мен дәстүрлі әнші, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Дінисламбек Жайлаубай қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, көкшелік өнерсүйер қауымға естен кетпес әсерлі кеш сыйлады.  

 Концерттік бағдарламада Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі  (бас дирижері Жанат Рашит) және филармония әншілері өнер көрсетті. Арқа өңірінде дүниеге келіп, осы өңірдің бай музыкалық дәстүрін бойына сіңіріп өскен композитордың артына қалдырған мұрасы өскелең ұрпаққа мәңгілік мирас екендігі анық. Себебі, қайталанбас тұлғаның, дарынды композитордың қазақтың музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі орасан.  Ол ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етіп, өнерге құштар ұрпаққа тәлім-тәрбие берді.

Кенжебек Күмісбеков – Абай өлеңдерін өз өнерінің өзегіне айналдырған композиторлардың бірегейі. Мысалы, «Домбыраға қол сұқпа», «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» өлеңдеріне ән-романстар жазды. Бұған қоса, «Қорқыт туралы аңыз», «Фараби сазы», «Ықылас туралы поэма», «Шалқыма»,  «Ой толқыны», «Еңбек салтанаты», «Сарыөзен саздары» сынды симфониялық музыкалық поэма жанрына жататын кесек туындыларды дүниеге әкелді. Қазақтың күй өнерінің өрістеуіне де ықпал етіп, «Қан сонарда», «Өмір жолы», «Аманат»,  «Биші қайың», «Арман», тағы басқа да күйлер шығарды.

        Композитордың мерейтойына орайластырылып өткен концертте  «Дала сыры», «Менің далам», «Аяулы менің мекенім», «Домбырашы құрбыма», «Жар назы», «Ақмола – Астана», «Қарқаралы» сияқты әндері орындалды. Жүрек қылын шертетін мөлдір музыка лирикалық иірімдерімен тебірентері бар. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетов пен Мирзат Молдахановтың орындауындағы «Көкшетау – дархан думан жер» әні, Эльмира Нысанбаеваның «Жас өмір» әнін төгілте шырқауы,  Аякөз Қалмағанбетованың «Аққуым, айдыныңа оралдың ба?» деп аталатын әнді нақышына келтіріп орындауы көрермен қауымның көңілдерін бір серпілтіп тастады.

Айта кетуіміз керек, 2007 жылы облыстық филармония жанындағы қазақ халық аспаптар оркестріне  Кенжебек Күмісбековтың есімі берілген болатын.  Дарынды композитордың 95 жылдық мерейтойына арналған кештің өн бойында қазақтың сұлу әндері, күмбірлі күйлері көрерменінің құлақ құрышын қандырып, өнерсүйер қауымды тәнті етті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар