Біләл Малдыбайұлы және оның салдырған мектебі туралы не білеміз?!

Есімдері белгісіз болып келген Алаш қозғалысы қайраткерлерін анықтау мен олардың шығармашылық-мәдени мұраларын ақтау қолға алынғалы отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Елдіктің белгісі саналатын игі істің нәтижесінде оқу-ағарту саласының дамуына үлес қосқан көрнекті өкілдердің де есімдері танылуда. Солардың бірі – Біләл Малдыбайұлы.

Кезінде Біләл Малдыбайұлының аты аталмай, артында қалған мұрасы ғылыми айналымға енбей қалғаны көңілге қаяу ұялатады. Десе де, тәуелсіздікке қол жеткелі бұл олқылықтың орны толықтырылып, архивтегі құнды құжаттардың беттері ашыла бастады. Бұл игі істі қолға алған «Қыр баласы» қоғамдық қорының өкілдері, алаштанушылар Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Еркін Ерланұлы, Ұшқын Сайдрахман мен Ерден Нұрахмет.

Біләл Малдыбайұлын зерттеу мен оны тану бүгінгінің міндеті ғана емес, ертеңгі жарқын бастаманың көрінісі. Осыны жақсы түсінген алаштанушылардың  еңбектері бүгінде өз жемісін беріп жатыр. Алматы қаласындағы мұрағаттан табылған құжаттардың бірінде Біләл Малдыбайұлы Айыртау аймағындағы бұрын Аманжол, кейін Қаратал атанған жерде 1890 жылы дүниеге келгені, Кеңес үкіметі орнағанға дейін, яғни, 1912 жылдан бастап мал дәрігері болғаны мәлім болды.

Алаш қайраткері Атбасардағы, одан кейін Омбыдағы малдәрігерлік және акушерлік оқуды тәмамдаған білімді, кейін педагогика саласына ауысқан облыстағы алғашқы ұстаздардың бірі болатын. Бұл туралы Ақмола облысының архивінен табылған құжаттар баяндайды. Сонымен қатар, осы құжаттардың ішінен Біләл атамыздың 1925 жылы Ақмола өңірінде инспектор болып жүргенінде өз қолымен толтырған жеке іс қағазы да табылған екен. Алаш қайраткері өмірінің соңғы жылдарында жазған өмірбаянында былай депті: «… Менің әкем кедей шаруа. Жастайынан бір үзім нан үшін байларға жалшы болып жалданған. 1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасовқа береді. Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Құсайын Темірбековтің басшылығымен ауыл мектебі ашылып, балаларды орысша оқыту басталды. 1908 жылы соны үздік тәмамдап, Құсайынның көмегімен Атбасарда, сосын мал дәрігерлік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолымды бастадым».

Кейін Біләл Малдыбайұлының еңбек жолы мүлдем басқа арнаға ауысады. Қазан төңкерісі аяқталған соң мал дәрігері маманы болып істеген ол халық ағарту саласындағы қызметке ауысады. Азамат соғысы кезінде Көкшетау уезіндегі жер басқармасында халық ағарту жөніндегі қырғыз бөлімшесінің меңгерушісі болып бекіген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақстан өлкелік партия комитетінің шақыруымен жаңадан ұйымдастырылған халық ағарту бөлімінде мектептер жөніндегі инспектор болып тағайындалады. 1920 жылы осында саяси бөлімді басқарады. Бір жылдан кейін уездік қырғыз-татар мектептері бойынша нұсқаушы болады. Ал, 1924 жылдың басынан халық ағарту инспекторы, артынан меңгерушісі болып істейді. 1926-1927 жылдары туған ауылы Қараталда аймақтық жеті жылдық мектеп салдырып, оның директоры болған. Директор болып жүргенінде, оның жолын қуған Нұржан Әуелбеков, Едірес Жахин, Сейфи Сейітбеков, Молдасын Имантаев, Нұрмағанбет Рахымов, Асқар Жұмабеков, Мерғасым Салпықов сынды жас ұстаздар сол кезде Біләл атамызбен бірге еңбек еткен екен.

1929 жылдың күзінде Қазақстан халық ағарту бөлімінің шақыруымен Қызылорда қаласына келіп, республикалық халық ағарту жүйесінде мектептер ісінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Біләл Малдыбайұлы жиырмасыншы жылдары жаңа алфавиттің енгізілуіне байланысты жұмыстар жүргізіп, Қызылжар қаласында 10 мың дана тілашарлық әліппе кітабын бастыруға басшылық жасады. Оқу-ағарту жұмыстарымен тікелей айналыса жүріп, қазақтың халықтық фольклор үлгілерін жинауға қатысқан. 1934 жылы өзі жинаған ауыз әдебиетінің үлгілерін Қазақстан халық ағарту комиссариятына тапсырып үлгеріпті. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында белең алған жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында инспектор әрі педагог бола жүріп, дәрігерлік тәжірибесін жетілдіре алған. Орыс дәрігерлерінің еңбектерін қазақ тіліне аударып, оларды халыққа арасында таратқан екен.

Қызылорда қаласында қызметте жүріп тағы да бірнеше кітап шығарыпты. Олар қазақтың ежелгі әдеби мұралары мен халық ауыз әдебиеті үлгілерінің жинақтары. Бұл жайында алаштанушы Елдос Тоқтарбай 2019 жылы 26 қыркүйектегі «Түркістан» газетінде жарияланған мақалада баяндайды. Зерттеу жұмыстары барысында ол Біләл Малдыйұлының 4 кітабын архив қорынан тауып алғанын айтады. Құнды дүниелердің қатарында Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуынан бүгінгі кирилл қарпіне түсірілген кітабы да бар екен. Бұл жинақтарды алаштанушы жарыққа шығарды.

Алаштанушы «ақтаңдақ» беттерінде қалған тұлғаларды зерттеу барысында Біләл Малдыбайұлының есімін жиі кезіктіргенін айтады. Бұл жайында ол: «…Бұл кісі қандай тұлға, кім екенін зерттей түсіп қарасам, ол Алаш қозғалысының өкілі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған үлкен тұлға екен. Өкінішке орай, оның есімі, шығармашылық өмірі, қоғамдық-саяси рөлі зерттеуден алшақ қалып, архив беттерінде шаң басып қалған сөреде есімі қалыс қала берген. Ғылыми айналымға енуге тұрарлық есім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыруы тиіс «Ұлы даланың ұлы есімі» екеніне көзіміз жетті. Біләл Малдыбайұлы 1890 жылы туып, 1937 жылы өмірден өтсе де, өзінің өшпес ізін қалдырған аз ғана уақыттың ішінде көрнекті әдебиетші, жалынды публицист, қоғам қайраткері, аудармашы, дәрігер, педагог ретінде сан қырынан танылған тұлға дер едім»,-депті.

Егемендікке қол жетіп, тәуелсіздікті жариялаған шаққа дейін ерліктері ескерілмей, есімдері белгісіз болып келген Алаш қайраткерлерінің таңы ата бастады. Біләл Малдыбайұлына қатысты тың деректерді бүгінгі алаштанушылардан бұрын зерттей бастаған ұлт жанашыры, марқұм Айтмағамбет Дауылбаев еді. Ардагер ұстаз Алаш қайраткері жайлы жергілікті басылым беттерінде «Біләл кім еді?», «Репрессия құрбаны», «Жақсының аты өлмейді» деген мақалаларында айтып келді.

Екі ғасырдың куәгері саналған Айтмағанбет ақсақал 1930 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Бұрынғы Көкшетау облысына қарайтұғын Айыртау ауданындағы Қаратал ауылының тумасы. Көзі тірісінде айтып кеткен мәліметтері бойынша Біләл Малдыбайұлының мектебі сол кездегі Айыртау, Октябрь, Рузаев аудандарына арналып салынған екен. Сол мектептен Айтмағанбет атамыз да білім нәрімен сусындап өскен.  Кейін Ұлы Отан соғысы басталып, оқудан қол үзуге тура келіп, ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп өскен ардагер ұстаз Шұқыркөл мектебінде оқуын жалғастырған. Оны күміс медальмен бітірген. Оқуын одан әрі жалғастыру үшін Алматы қаласының Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факультетіне түседі. Осылайша саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Айтмағанбет ақсақал кезінде білім алған мектебіне не себепті Біләл Малдыбайұлының аты берілгенін білгісі келіп, зерттеу жұмыстарына кіріскен екен.

Сол уақыттары Алаш қайраткері жайында ешкім ештеңе білмейтін. Тыңғылықты ізденіс жүргізген Айтмағанбет ұстаз Біләл Малдыбайұлының ағасы Нұғыман деген ақсақалды тауып алады. Оның балалары Сейілбек пен Мұратбек осы Айтмағанбет ұстаздан білім алғаны мәлім болды. Алайда, көңілге қуаныш ұялатқан жағымды жаңалық еш нәтиже әкелмеді. Біләл Малдыбайұлының бұл туыстары да үлкен ағалары жайында хабарлары мүлдем болмай шықты.

Жөнді ақпарат жинақтау үшін Айтмағанбет ақсақал сол маңайдағы ауылдарды аралаудан тынбады. Сөйтіп, 1911 жылы туған Ұлы Отан соғысының ардагері Меңтай Маймақов деген ақсақалға кезігеді. Тіпті, оның үйіне барып, қона жатып, Біләл Малдыбайұлы жайында тың мәліметтерді жинақтай бастапты. Нәтижесінде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған Айтмағанбет ұстаз Меңтай ақсақалдың әңгімесінен «Біләл кім еді?» деген мақала жариялады. Сол мақаладан марқұм Меңтай ақсақалдың аузынан жазып алынған Біләл Малдыбайұлы жайындағы үзіндіні келтірсек.  «…Ауыл шетіндегі Тереңкөлдің жағалауындағы жарқабақтың шетінде, сол кезде хан сарайына бергісіз деп атауға лайық қос қабатты, зәулім үй «мен мұндалап» тұр. Мұндай екі қабатты етіп салынған еңселі мекенді бұрын өңі түгіл түсінде көрмеген бұл жердің халқы үшін оның сомдалу тұрпаты аса ғаламат болып көрінеді.

Таңертеңнен бері қаптаған жұрт осы бір құтты қоныстың іші-сыртын тамашалап, таңдана бас шайқауда болатын. Қай-қайсысы болмасын бұған сол жерде «Біләлдің мектебі» деп ат қойып, айдар тағып үлгерді. Бұл Айыртау атырабында осындай сипатта бой көтерген, құрылысы кеше ғана аяқталған мектеп үйі еді. Мына шалқар той сол мектептің салынып бітуі құрметіне арналып ұйымдастырылған еді.

Бұрын көз көрмеген, мұндай еңсесі биік мектеп үйінің салынуына себепші болған, осы тойдың қайнаған ортасында жүрген бір қадірменді адам баршаның назарын өзіне аудара беріп еді. Бұл – осы ауылдың төл түлегі, облысымыздың халық ағарту саласының белді қызметкері Біләл Малдыбаев болатын. Осынау орта бойлы, жасаңдау келген, сарғыш өңді, үстіне жұқа ақ китель мен шалбар, басына ақшыл қалпақ киген, тұлғасы зор болмаса да көп ортасында дараланып көзге түсіп жүр. Үлкен-кіші оған иіліп сәлем береді. Ақсақалдар: «Біләл қалқам, мектебің қайырлы болсын! Іні-қарындастарың, ертеңгі ұрпақтарың білім бұлағынан сусындар құтты мекен болсын!»-деп ақ тілектерін айтып баталарын берісіп жатыр. Дос-жарандардың, құрбы-құрдастардың білім қамқоры болған жерлестеріне деген ықылас-пейілі өз алдына. Үкілі Ыбырай да жыр толғап, сәулетті мектеп салған Біләл Малдыбаевқа ел атынан, өз атынан алғыс айтты.»

Мақаладағы ауыл ақсақалы берген құнды ақпараттарға сүйенсек, Біләл Малдыбайұлы өзі салдырған мектепте бір жыл директор болыпты. Сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласына ауыстырылып, оқу министрлігінде мектептер бөлімін басқару тапсырылған екен. Кейін Көкшетауға қайта оралған Біләл Малдыбайұлы Малиновка ауылындағы мектепте мұғалім әрі директор болып жүргенінде Сәкен Сейфулиннің, Мағжан Жұмабаевтың сыбайлас-сырлас досы деген сылтаумен 1937 жылы өзі сияқты қазақтың мыңдаған зиялы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары, алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері қатарында сталиндік репрессияға ұшырап, 1937 жылы ұсталған. Сол жылдың 13 қыркүйегінде «халық жауы» деген лақап айып тағылып, ату жазасына ілікті…

Біләл Малдыбайұлы өзінің ширек ғасырлық қызмет жолын тек оқу-ағарту ісіне ғана емес, сонымен қатар, өзінің қатарлас замандастары Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұлұлы сынды Алаш азаматтарымен қоян-қолтық араласып, Алаш қозғалысының туын көтеруге де ат салысқан. Сол аз уақыт ішінде Қызылжар қаласында «Жас азамат» деген газет шығарып, редакторы да болды. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың  басында қазақ баспасөзінің қарлығаштары саналған «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» мен «Абай» газеттерінің  беттерінде белсенді автор ретінде өзінің ойларын жазып тұрды. Мәскеуден шыққан баспада редактор қызметін атқара жүріп, аудармашы да болған. Көзі тірісінде 10 шақты кітап жазып үлгерген. Оның біреуі өзінің төл тума кітабы болса, 6-уы денсаулық саласына қатысты болыпты. Алаш қайраткері театр сахналары үшін пьесалар жазған. Олардың сценарийлері көбіне қазақтың әдет-салт дәстүрін дәріптеуге арналды.

Бұдан басқа, Біләл Малдыбайұлы ХХ ғасырдың басында атын атауға тыйым салынған Кенесары хан туралы, Ақмола өңірінің би-шешендері, әсіресе,  Тіленше би жайлы зерттеп, жинақтап, оларын мақала ретінде жариялап отырған. «Қыр баласы» қоғамдық қорындағы алаштанушылардың айтуынша, әзірге қолда бар деректер осылар ғана. Бәліл Малдыбайұлы репрессияға ұшыраған кезде барлық мұралары тәркілеуге алынғандықтан, кей еңбектері әлі де белгісіз.

Біләлдай танылмай келген Алаш қайраткерлерінің есімін анықтау мақсатында елдік, ұлттық іске жұмылған жігіттер архив беттерінен табылған публицистикалық және фольклорлық мұраларды қалың оқырманға жеткізу үстінде. Бүгінде Елдос Тоқтарбай бастаған алаштанушылар Бәліл Малдыбайұлының тұлғасын ашу, қоғамдық саяси қызметіне баға беру үшін тұңғыш шығармалар жинақтарының бірқатарын өткен жылы өткен Алаш қайраткерінің 130 жылдық мерейтойына арнап, жарыққа шығарды.

Біләл Малдыбайұлының отбасы жайында бүгінде дерек қоры өте аз. Әйелі – Халима Бадритдин. Ұлты – татар. Екеуінің 4 баласы болған. Олардың есімдері Сұлтанбек, Қорғанбек, Сейілбек пен Шәукетбек екен. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасы мүшелері Қазақстанның оңтүстігіне қарай, яғни, Шымкент қаласына қоныс аударғанынан басқа ақпарат жоқ.

Бүгінде Біләл мектебінің өзі түгіл жұрнағы да қалмаған. Тоқырау заманында сол кездегі ел басшылары мектептің ескіргенін сылтауратып, 1962 жылы бұзыпты. Ағаштары мал фермасын салуға пайдаланылған екен. Осыған байланысты мектептің байырғы түлегі, журналист, ақын, марқұм Жұмабай Есекеев Қараталға бір келгенінде Біләл мектебінің орнын сипап қалғанын ашына былай жеткізген екен:

О, ғажап ескі орынның қайда күйі,

Кімдерге көрінді екен болып бүйі?!

Аппақ боп қыр үстінде тұрушы еді,

Біләлдің қос қабатты мектеп үйі.

Ал, Айтмағанбет ақсақал көзі жойылған мектепке қатысты «Біләл кім еді?» деген мақаласында: «Шындығында да, көненің көзі, ауыл тарихының тамаша бір белгісі, ел мақтанышы болған «Біләл мектебінің» шаңырағын күл талқан еткен сондағы басшылардың бұл көрсоқырлығын баршасы қазір қатты айыптайды. Біле білсе, олар мектепті аға аруағын көзіндей көріп, мәпелеп сақтап, байырғы білім белгісі ретінде мұражайға айналдырар еді ғой. Біләл есімін қастерледі деп, кәрі де, жас та рахметін айтары анық еді»,-деп келтіріпті.  Десе де, алғашқы мектептің орнына кейін жаңа білім ордасы бой көтерді. Көңілге жұбаныш ұялатқаны оған Біләл Малдыбайұлының есімі берілді.

Мінекей, еліміз тәуелсіздік алғалы Алаш арыстарының есімдері елге қайтарылып, асыл азаматтардың рухтары қайта тірілуде. Біләл Малдыбайұлы өзінің ширек ғасырлық ұстаздық, ағартушылық жолындағы іс-әрекеттерімен кейінгі ұрпаққа өлмес-өшпес із қалдырды. Талай жеткіншекті тәрбиеледі. Өзі салдырған мектептен көптеген балғынды өмір биігіне қанаттандыра алды. Асыл азаматтың өнегелі өмірі елге мақтаныш, ұрпаққа үлгі болып мәңгі қала бермекші.

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар