Көкшетау қаласы қарқынды дамып, көркейе түспекші

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса «Облыс орталығының даму перспективалары туралы» баяндап, журналистер сұрақтарына жауап берді.

–Көкшетау қаласы қарқынды дамып келеді. Біздің алдымызға қойылған негізгі міндеттердің бірі – тұрғындарымыздың өмір сапасын жақсарта түсу. Міне, осы мақстатта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қалада жаңадан жұмыс орындары ашылуда, – деген қала басшысы, нақты мысалдар келтіруге көшті.

«КАИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі технологиялық паркінің екінші кезеңінің құрылысы қолға алынды. «СКЦ «Бетон» жеке шаруашылығының қабырға панелдерін жасау заводының құрылысы, «AGROFIDELITY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макорон шығару кешенінің толық циклін салу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған нысандарды іске қосу 1000 адамды жұмыспен қамтуға жол ашады.

Мемлекет алға қойған тағы бір міндет – тұрғын үй қолжетімділігі болса, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде әлеуметтік әлсіз қорғалғандар тізімінде тұрған азаматтар үшін 11 үйдің құрылысы  жүріп жатыр.

Қала жолдары мен аулаларды, көшелерді жарықтандыруға баса көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы «Абай, Ташенов, Әуелбеков, Ғабдуллин көшелеріндегі аулаларды күрделі жөндеуден өткізу» жобасы жалғасады.

–Осы мінберді пайдаланып, тұрғындарды «Бюджет – халық қатынасымен» жобасына қатысуға шақырамын. Бұл – қала аумағын абаттандыру идеяларының конкурсы. Ұсыныстарды Көкшетау қалалық әкімшілігінің  арнайы сайтына 10 наурызға дейін жолдауға болады, – деген әкім, тұрғындарды қала өміріне, оның тыныс-тіршілігіне  белсене қатысуға шақырды.

2022 жылы Пушкин, Темірбеков, Шевцова, Мамыр көшелерінің жарық беру жүйесін қалпына келтіру, жөндеу жоспарланған. Застанционный, Бірлік шағын аудандарындағы бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса түседі.

Бірқатар көшелерді орташа жөндеу жоспарланды. Қопа көлінің жағасымен Краснояр кентіне шығаратын Назарбаев даңғылынан Ұмышев көшесіне дейінгі айналма жолдың жобалық-сметалық жобасы дайындалуда. Оған Шағалалы өзенінің үстінен салынған көпір де кіреді. Назарбав даңғылынан Қуанышев көшесіне дейінгі айналма жолдың да құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан – Петропавл көлік жолының қиылысында кіреберіс, қолайлы жолдар салудың жоспары әзірленуде. 2021 жылы басталған Бейбітшілік шағын ауданына баратын жол, Уәлиханов көшесіндегі жөндеу жұмыстары жалғасады. Бұдан басқа, қала шетіндегі жолдарға көңіл бөлінбек. «Революция күрескерлері» бағын қайта салу жұмыстары жүргізілуде. Застанционный шағын ауданында жазғы бақ жасақтау қолға алынады.

ҚР Премьер-Министрінің 2021 жылғы 21 қазандағы тапсырмасы бойынша Көкшетау қаласында жылу-электр станциясын салу республикалық деңгейде жүзеге асатын болады.

Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Тәулігіне 30 000 текше метр су тазалау желісін кеңейту және қайта жасақтау» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл нысанға трансформаторлық подстанция, жылыту тұрба желілері, қабырғалық панелдер алынып, оларды құру, орналастыру орындары дайындалды.

Тұңғыш Президент қорының қолдауымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық»  науқастарды қалыпты өмірге бейімдеу орталығының құрылысы аяқталып келеді. Сарыарқа шағын ауданында да жаңа бейімдеу орталығы салынуда. Оның  өз емханасы, сумен емдеу бөлігі, жеке емдеу кабинеттері, бейімдеу бөлімі, стационарлық бөлімі, эндоскопия орталығы, тағы басқа мүмкіндіктері болады.

Краснояр кентінде жаңа талапқа сай дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу жоспарлануда. Станционный кентінде Мәдениет үйі мен мешіт салу қолға алынды.

Қаланың болашағы зор шағын аудандарының бірі – Сарыарқа ауданы. Ол жерде 164 мың шаршы метрді құрайтын 41 көп қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Сөйлеу қабілеті төмен балаларға арналған балабақша салынуда, полиция департаменті, 1500 және 1200 орындық екі мектеп, «Арлан» хоккей академиясына арналған жабық шайбалы хоккей мұз айдыны жоспарланған. Мұз айдыны сарайында жабық футбол, волейбол алаңы да, әлеуметтік-қоғамдық орындар, қонақ үйі де болады. Болашақта қала бойын 256 көп қабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы, демалыс бағы салынатын болады.

Серік Жетпісқалиев,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар