Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде болып, осы жоғары оқу орнының және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Олармен «Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова бірге болды.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сағынтай Елубаев өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында депутаттардың алдына бірқатар міндеттер қойғандығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде айтылған Қазақстанның одан әрі даму бағыттары Абай Мырзахметов атындағы университетте белсенді түрде іске асырылуда. Мұнда ІТ технология орталығы ашылды, жоғары оқу орнының оқытушылары жыл сайын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болуда. Университет оқытушылары еуропалық стандарттар бойынша білім беру қызметтерінің жаңа деңгейіне шықты, олар қашықтықтан білім алу технологияларымен оқытылатын студенттер үшін бейнелекциялар жазады. Университетте Ақмола облысы бойынша теңдесі жоқ Студенттер сарайы салынуда. Онда 18 спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спортшылар даярлау үшін үш спорт залы және 500 орындық акт залы орналасады. Депутаттар аралап көрген тоғыз қабатты осы заманғы Студенттер үйінің құрылысы да аяқталды. Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ, студенттер альянсы өткізген рейтингтің қорытындысы бойынша бұл Студенттер үйі Қазақстан Республикасының ең таңдаулы жатақханаларының қатарында аталды. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті біліктілігі жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуеті мол, материалдық-техникалық базасы жақсы, мамандар даярлауда осы заманғы инновациялық технологиялармен жұмыс істеуге негізделген және халықаралық сапа стандарттарына толық сай келетін жоғары оқу орны ретінде белгілі.
Мұндағы білім сапасы сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аккредиттеу және рейтингтеу жөніндегі тәуелсіз Агенттегінің халықаралық арнайы мамандандырылған аккредиттеуінен табысты өтуімен айғақталады. Осының нәтижесінде университет «Қазақстанның Топ-20 үздік жоғары оқу орындары» бас рейтингіне кірген. Сөйтіп, университетпен жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындары арсында көптеген келісім-шарттар жасалған.
Депутаттармен әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Студенттер білім саласы, жұмысқа орналасу, жастармен жұмыс туралы сұрақтар қойды. Іскерлік тұрғысындағы сұрақтар болды. Барлық сұрақтарға толымды жауап алынды. «Проблемалар бар екенін біздің бәріміз жақсы білеміз. Бірақ, ең бастысы оларды шешу. Сондықтан, жастардың пікірлері осы прблемалардың шешу жолдарын анықтағанда үлкен рөл атқарады»,–деп атап көрсетті өз сөзінде Юлия Кучинская. Наталья Дементьева да жастармен жұмыс бағыттарына өз сөзінде баса көңіл бөлді. Сондай-ақ, ол «Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты туралы» заң жобасымен де таныстырды. Бұл заң талқылаудан өткеннен кейін Мәжілісте қаралмақшы.
Сапар барысында депутаттар №2 Студенттер үйінде болып, осында тұрып жатқан студент жастардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтарды жатақхананың Студенттер кеңесі қарсы алды. Сөйтіп, студенттердің жатақханадағы өмірі туралы әңгіме өрбіді. Жатақханада тұратын ұл-қыздар өздеріне жасалған өте қолайлы жағдай үшін университет басшылығына алғыстарын жаудырды. Студенттер үйінде өткен экскурсия мұнда тұратын студенттер университет тарапынан жан-жақты қамқорлыққа бөленіп отырғандығын жақсы көрсетіп берді.
Кездесу соңында университет ректоры Мәжіліс депутаттарына студент жастармен кездесуге келгендері үшін ризашылығын білдіріп, Мемлекет басшысының шешімдерін іске асырудағы және жаңа Қазақстанды құру жолындағы депутаттық қызметтеріне табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.