«Көрісу» деп аталатын қазақтың ғажап бір дәстүрі еліміздің батыс өңірінде көнеден тамыр тартып, үзілмей келе жатыр. Дәл осы 14 наурызды халық тебірене, толқи күтеді, алдын ала ерекше дайындалады. Көрісу күнінің таңы атысымен әр үй қазан көтеріп, тәуір кілем-төсенішін төсеп, өздері сәнді киініп, қонақ күтуге қамданады. Құдайы көрші, жасы үлкен аға, ел ағасы, ақсақалдар, құда-жекжат, ағайын-тума – бір адамды қалдырмай сәлем беріп шығу азаматтың парызы. Бұрын ренжісіп, бір-бірінің үйіне кірмей жүрген, дұрыс сәлемін алмай жүрген ағайын бұл күні көрісе келген кісіге құшақ жайып, жылы қабақ танытуға міндетті. Бұл дәстүрден ешкім аттамайды.
Көрісе келген адамға үй иесі, үлкендер «Жасың құтты болсын!» деп бастап, батасын береді. Тұстастар бір-біріне «Бір жасқа шығуыңмен!» десіп жатады. Мұның мәнісі, бұрын мал қамымен қыстаққа көшіп, тау ықтысындарына мал айдап, алыстап кеткен ағайын, көктем туа, жайлауға шығып, арқа кеңігесін ғана кездеседі ғой. Ол кез ешкім туған күнін тойламайды. Ал, арада бір жыл өткенде кімнің болмасын, туған күні өтіп, бір жасқа есейгені шын. Міне, «Жасқа шығуыңмен!» деген құттықтаудың төркіні сол.
Табиғаттың түлеуімен үндескен көрісу мерекесі 14 наурызда басталып, күндерден күндерге, тіпті, айлардан айларға жалғаса береді. Өйткені, ауыл арасы алыс ағайынның дәл сол күні сыйлы шаңырағына жете алмауы мүмкін. Алайда, оның сыбағасы, қонақасы қашан болсын дайын тұрады. Көрісе келушіні ол отбасы күтумен болады. Себебі, ол адамның келмеуі мүмкін емес! Қашан болсын келіп, көрісіп кетеді.
Арқа-жарқа, көтеріңкі көңіл-күй үстінде көрісе келген інісіне, нағашысы, жиені, туыстығы жоқ керемет сыйласына сирек бір бұйым, қымбат бір нәрсесін сыйлап та жібереді. Шындығында, көріскен кісі де бір міндетін, парызын өтеп, сыйлықсыз да үлкен қуаныш үстінде болады.
Аяғында ағайынның ғана емес, өзің сыйлап, құрмет тұтатын барлық адамға ізет көрсетіп, көрісіп шығасың. Енді, сенің ешкімге ренішің жоқ, олардың да саған өкпесі болмайды. Осылайша жыл мезгілі жаңғырып, күлімдеген көктеммен бірге жаңа, жарқын өмірге қадам басасың!
Кейінгі жылдары сол батыс өңірінде сақталып қалған осы бір ғажап дәстүрді бүкіл елімізге тарату үрдісі басталды. Несі бар, мұндай мейірім мен берекеге, татулық пен достыққа бастар дәстүр кең тараса, одан келер зиян жоқ қой. Кішірейгенді кешіріп, ақ ниеттіге құшақ жайғаннан кім ұтылар?!.
Серік Жетпісқалиев,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.