Тұтынушылар құқын қорғау мәселелеріне жүргізілген сауалнама

Бүгінгі таңда тауар өндіруден гөрі тауарды өткізу, сату мәселесі алда тұрғаны шындық. Сондықтан, сатып алушы мен сатушы арасындағы қатынаста кедергі болмағаны жөн. Заманауи құқықты мемлекетте тұтынушы құқы қорғалуы  қажет. Ал, қазір уақыт көрсетіп отырғандай, ең қорғансыз әлі күнге тұтынушы, яғни, сатып алушы болып отыр.

Ендеше, тұтынушы құқығы қай салада көбірек, неге бұзылады екен, соған назар аударып көрейік. Жылма-жыл еліміздің тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі Комитет тапсырысымен әлеуметтік зерттеу жүргізіледі. Оның мақсаты тұтынушылардың құқын қорғау жүйесін дамытуды жетілдіру, туындаған мәселелер мәнісін анықтау болып табылады.

2021 жылы осындай бағыттағы әлеуметтік зерттеу «Жаңа шабыт» акционерлік қоғамында saualnama-opros.kz сайты арқылы екі бағытта жүргізілді. Олар – тұрғындардың көрсетілетін қызмет түрлеріне қанағаттану деңгейі және тұрғындардың тұтынушыларды қорғау жөніндегі құқықтарын білу деңгейі. Сауалнамаға білім деңгейлері, әлеуметтік жағдайлары, тұратын аудандары әртүрлі адамдар тартылды. Жауап берушілерден қызмет көрсетудің 20 түрі бойынша деңгейін бағалаулары сұралды. Сауалнама қорытындысы бойынша қазақстандықтар қызмет көрсету салаларының жұмыстарын жоғары бағалады.

Бірақ, әр өңірдің бағалауында айырмашылықтар бар. Мысалы, мобильдік байланыс сапасы жөніндегі сұраққа78,8 пайыз жауап беруші қанағаттанарлық десе, 18,4 пайыз адам қанағаттанбайды, 2,8 адам шешімді жауап бере алмайды. Ақмола облысының 94,2 пайыз тұрғыны  мобильдік байланысқа риза болса, Ақтөбе облысы тұрғындарының 93,5 пайызы,  Павлодар облысының 90,5 пайызы разы. Ал, Солтүстік Қазақстан облысының 33,7 пайыз тұрғыны, Түркістан облысының 30,7, Қостанай облысының 29,6 пайызы ғана көрсетілетін қызмет сапасынқанағат тұтады.

Ғаламтор-провайдер қызметі туралы сауалнамаға жауап берушілердің 70,2 пайызы бұл қызметті қанағаттанарлық десе, 23,4 пайызы риза емес, 6,4 пайызы жауап беруге қиынсынған. Облыстар бойынша айтар болсақ,ғаламтор-провайдер қызметін  Ақмола облысы бойынша 93 пайыз, Ақтөбе облысы бойынша 87,2 пайыз, Шымкент қаласы бойынша 86,2 пайыз тұрғындар қанағаттанарлық деп түйеді. Керісінше, солтүстік қазақстандықтардың 45,3 пайызы, қостанайлықтардың 37,5, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 34,1 пайызы қанағаттанбайтындықтарын жеткізген.

Сауалнаманың келесі кезеңі тұрғындардың тұтынушыларды қорғау жөнінен құқықтық білімдері  деңгейін анықтау  болды. Бұл жөнінен сұраққа жауап бергендердің 82,6 пайызы оң баға берсе, 88,4 пайызы мемлекеттің реттеуімен тұтынушылар құқын қорғау біршама түзелді деп ойлайды. Сауалнамаға қатысушылардың 65 пайызы «Тұтынушылар құқын қорғау туралы» ҚР Заңымен таныс екендігін, бірақ, өмірде оған жүгініп көрмегендігін айтқан. Ол Заңды тек 21,9 пайызы ғана қолданған. Тұрғындардың 12,2 пайызы ондай заңның бар екенін білмейді.

Тұтынушы құқы бұзылған жағдайда жауап берушілердің жартысы тұтынушыларды қорғау органына хабарласамыз десе, қалғаны заңгерлер мен мемлекеттік емес ұйымдар қызметіне жүгінетінін білдірген.

«Тұтынушылар құқын қорғауды толықтай жүзеге асыру үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?» деген сұраққа Түркістан облысының (77,1 пайыз), Алматы облысының  (76,7 пайыз), Маңғыстау облысының (19,6 пайыз) тұрғындары заңды бұзғандарды жазалау заңын күшейту, қатаңдандыру керек, депті.  Шымкент (28,7 пайыз),Атырау (19,6 пайыз), Жамбыл (15,1 пайыз) облысының тұрғындары тұтынушыларды қорғауды мемлекеттік тұрғыда нығайту қажет деп білген. Солтүстік Қазақстан (80,3 пайыз), Павлодар (51,3 пайыз), Ақмола (28,1 пайыз) облыстарының тұрғындары өздерінің тұтынушы ретіндегі құқын жеңілдеткенді қалайды.

Сонымен, бүгінгі таңдағы туындап отырған мәселе – заманауи  рыноктық қатынастарды реттейтін заңдарды күнделікті өмірде пайдалана алмайтын тұтынушылар мен сатушылардың көптігі. Қоғамның мемлекеттік қорғауға сенімінің аздығы да күн тәртібінен түскен жоқ. Алайда, қоғам оны қорғаудың ең негізгі кілті заң және оны білу екенін түсінуі керек. Бұл біздің әрқайсымызға қатысты. Заң талаптарын сақтау да баршамызға ортақ мәселе.

Кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы ережені екіжақты сақтау біздің қоғамға әлдеқашан қажет. Сондықтан, жағдайды түзеу керек. Бірақ, заңды қатайтумен емес, қоғамдық ұйымдардың тұтынушылар құқын қорғаудағы рөлін және тұтынушылардың өз белсенділігін арттыру жолымен. Осылай ғана заң талаптарын бұзбайтын кәсіпкерлер қалыптастырып, бизнестің жауапкершілігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жетілдіре аламыз.

Ақмола облыстық тұтынушылардың

құқын қорғау департаменті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар