Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері талқыланды

 Көкшетаудағы «Болашақ» сарайында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің  қатысуымен және сөз сөйлеуімен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісімен айналысатын педагогтардың тұңғыш съезі өтті.

«Заманауи мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту: үрдістер, мәселелер, міндеттер» тақырыбында бірінші рет ұйымдастырылып отырған съезге облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және  білім беру саласының 300-ден астам маманы мен сарапшылар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ), үкіметтік емес ұйымдар мен баспалардың өкілдері қатысты.

 Президенттің тапсырмасы бойынша әр өңірде оқу үдерісінеқатысушылардың барлығымен кездесу өткізу қажет. Күн тәртібінде шешім қабылдау, проблемаларды талқылау, білім беруді дамыту перспективалары тұр. Мұнда еліміздің таңдаулы ұстаздары жиналды. Бүгінде біз үшін білім сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жалпы білім беруді дамыту үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта тұрған басты міндет – оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту. Себебі, қазіргі балалардың бұған дейінгі ұрпақтан айырмасы бар. 3 жасар баланы 20 минут отырғызып қойып, ақпаратты игеруге мәжбүрлеу дұрыс емес. Сондықтан, тәрбиелеу жүйесін қайта құрып, оқытудың көп бөлігін балалармен ойнауға, ал бағдарламалардағы, үлгілік оқу жоспарларындағы икемділікті уақыт талабына сай ескеру керек, –деді съездің пленарлық отырысында Асхат Аймағамбетов.

Съезд барысында Мәскеу қалалық педагогикалық университеті және Ресей ғылым академиясының Павлов атындағы физиология институтының мамандарымен онлайн-трансляция өткізілді. Сонымен қатар, «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың инновациялық технологиялары» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

–Тәуелсіздік жылдары елімізде мектепке дейінгі тәрбиені дамыту бойынша жүйелі шаралар әзірленді. Бұл облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар желісін он есеге және 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды он екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біздің облыста 120 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы нұсқалары да пайда болып, өңірде жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 11 жобасы іске асырылуда. Осы жылдар аралығында аймақта бюджет есебінен 30 шақты балабақша салынды, 2025 жылға қарай тағы 3 мың орынды қамтитын балабақшалар салу жоспарланып отыр, оның ішінде екі жастан асқан бүлдіршіндерге де орындар қарастырылады, –деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Мәжілісте баяндамашылар педагогтардың, мектепке дейінгі білім беру саласындағы ұйымбасшыларының көкейтесті мәселелерін қозғап, білім беру бағдарламаларына қатысты өзекті проблемаларды талқылады.

–Съезге Павлодар облысынан 12 мұғалім келдік. Мектепке дейінгі білім беру саласында еңбек етіп жүрген облыстың үздік педагогтары қатысып отыр. Қазір біздің мектепке дейінгі білім беру жаңару сатысында. Аталған салаға қатыстыжаңа модель бекітілді. Оны қазір толық зерттеп, енгізіп жатырмыз, – дейді Павлодар облысының білім беруді дамыту инновациялық орталығының әдіскері Ләззат Серікбаева.

Жиында мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу жүйесін дамыту мәселелері кеңінен талқыланып, ұсыныстарайтылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар