Облыста ауыл оқушыларына арасында өтетін «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысуға тіркеу басталды. Аталмыш сайыс осымен үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Биыл оған 5 және 6 сынып оқушылары қатысады. Жүзден жүйрік шыққан өрендер мамандандырылған мектеп интернатынды білім алуға жолдама алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауыл оқушыларының олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі ағымдағы жылдың 4-8 сәуір аралығында тестілеу түрінде онлайн форматта өткізіледі. Бұл кезеңде оқушылар 1 сағатта 40 сұраққа жауап берулері тиіс. Іріктеуден іркілмей өткендер келесі айналымға жолдама алып, екінші кезеңнің 100 сұрағына жауап береді. Одан да сүрінбей өткен оқушылар олимпиада жеңімпазы атанып, арнайы мамандандырылған білім ордасында оқуға жолдама алады.
–Бүгінгі күні облыста дарынды балалаларға арналған мамандандырылған 5 мектеп-интернаты жұмыс істейді. Олимпиададан топ жарып, жеңімпаз атанған ауыл оқушыларына осы білім ошақтарында оқуға квота беріледі. Олимпиада алғаш ұйымдастырылған 2020 жылы біз дарынды балаларға арналған мектептерге жеңімпаз атанған 17 оқушыға, былтыр 15 оқушыға жолдама беріп, мектеп-интернаттарына оқуға қабылдадық, – деді брифинг барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
2020 жылы сайысқа 14 мыңға жуық оқушы қатысып, 83-і жеңіпаз атанған екен. Ал, былтыр 6 жарым мың жас өрен бақ сынап, 51-і жүлделі орындарға ие болыпты. Білім саласының мамандары биыл одан да жақсы нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр.
– Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркеу жүргізіліп жатыр. Биыл олимпиадаға қатысуға өтінімдер қабылдау 19 ақпан мен 20 наурыз аралығында өтеді. Қатысуға үміткер ауыл оқушылары 1000bala.elbasyacademy.kz. сайтына кіріп, тіркелулеріне болады. Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатыса алады, –деді өз кезегінде облыстық өнерпаз және дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі оқу-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Аягөз Алдабергенова.
Олимпиаданың қорытындысында еліміз бойынша 1 мың оқушы жеңімпаз атанады. Олар еліміздің жетекші білім ордаларында, атап айтқанда республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейінде және «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, 5000 оқушы қосымша онлайн сабақтарды тегін алатын болады. Мамандандырылған мектептердегі орындар белгіленген квотамен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бөлінеді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.