Көкшетауда көлігіңді жуамын десең…

Астындағы көлігінің шаңға көміліп, балшыққа былғанып, сатпақ-сатпақ болып кірлеп жүргенін ешкім қаламайды. Әрі-беріден кейін көлігіңнің тазалығы өзіңнің де мінез-құлқыңнан хабар береді. Кірпияз, таза жансың ба, жоқ  ластыққа етің үйренген біреусің бе, дегендей ғой. Ал, бөгде біреу көлігіңе аяқ артар болса, есігін ашқаннан салақтығың мен мұқияттығыңды «ә» дегеннен сезе қояды. Шынында кімнің болмасын мұнтаздай машинаға мінгісі келетені кәміл. Тазалық көңіліңді көтереді, жаныңды жадыратады.

Дүниенің бет-жүзіне қарамайтын, дүние қумайтын, ар-ұят, сыйластықты алға ұстайтын қазекең ойын-той, құдалық, қонақтығына да көлігін жарқыратып, жуып мінгенді қалайды. Құйрық-жалын тарап тұлпар үстінде жорытқан бабалардың ұрпағы емес пе, тәйірі?!

Алайда, облыс орталығында қалаған уақытыңда «жүгіріп барып», еш кедергісіз көлігіңді жудырып алу оңай емес. «Аристократ», «Фоварит», «Аңсар», «Autoroom», «Старт», «Сокол», «Ариа», «Respekt», «Дельфин», «Спринтер»,  жай «Автомойка» деп атай салған көлік жуу орындары толып жатыр.  Бірақ, олардың біріне де кезексіз кіріп кете алмайсың. Қайда барсаң, ұзын-шұбақ кезек. Әрине, жүргізушілердің бәрі де күн райы жауын-шашынды болғанда, қар еріп, жол былғаныш болғанда әлгіндей жерге барары сөзсіз. Немесе қызметтен қолдары қалт еткен қала тұрғыны тек сенбі, жексенбі әлгіндей қызметке жүгінеді. Кезектің себеп-салдарының бір сыры осында, көбінің уақыты қабат келеді. Әзірге ешкім шешімін тапқан жоқ. Көлігін жуғыза алмай сарылған жүргізушіңіз онсыз да тығыз уақытын жойып, жолынан қалып опынып отырғаны…

Бірақ, мәселенің екінші қыры қуантарлықтай. Қай саудагердің тауарын алуға, қай қызмет көрсетушіге осыншама уақыт бойы тапжылмай кезек тізілген? Әрі мұны «маусымдық көрініс» деуге де келмейді. Қысы-жазы да, көктем-күзде де осы. Демек, осы бизнесті ашқандардың саудалары жүріп, істері алға басып жатыр емес пе?! Оны ұйымдастырушы қаншама адамға жұмыс орнын ашып, жалақы беріп, қазынаға салығын да төлеуде. Бизнестің бұл түріне үлкен сұраныс бар деген сөз.

Реті келгенде айта кетсек, аяз қысқанда  тұрғындар көліктерін қояр ақылы жылы гараж да таппайды. Ауа райын бақылаушылар сараптамасын санаңда сақтап, алдын-ала өтініш жасап, орын тауып қоймасаң, қалаған уақытыңда ондай жер бұйырмайды. Жылына кейде он күн, кейде он бес күн сақырлаған сары аяз соғып, талайды әуре-сарсаңға салады. Көліктері үй маңындағы автотұрақта қаңтарылып тұратындардың сол кезде ішкен асы ас болмайтыны анық. Бойын суық қарып, «арғымақтарының» от алмауы өз алдына, әлдебір жерінен «ши» шығып, майы ағып кетіп, шығынға батырар зардабы тағы бар. Үй-іші жұмысына, балалары мектебі мен бақшасына жете алмай қиналады. Осындай қолайсыздықтарға ұшырағанша, біраз адам ақысын төлеп, көлігін жылы гаражға қоюды қалайды-ақ. Бәлкім, қалтасы көтергендердің талайы қыс бойы сонда қойып шығар. Әлгіндей ғимарат болып, ол басқа да техникалық қызмет түрлерін көрсететін болса, есебінен жаңылмас та еді. Тіпті, жазда қысқы, қыста жазғы дөңгелектерді сақтаудан да тиын табуға болар-ды. «Қаптатып сауда үйлерін сала бергенше, қатырып бір жылы гараж неге салмайды екен? Лифтпен көтеретін көп қабатты қып салса, көп орын да керек етпес еді» деп, ойлайсың кейде үйді-үйдің арасына қыстырылған сауда үйлерін көріп.

Тағы бір ілгерілеу – қазір қысты күні машинаң от алмай қалса тез арада келіп, «жабуын» жауып, жылы ауа жіберіп, әп-сәтте қатып қалған көлігіңді ойнақтатып жібереді! Доңғалағыңды ауыстырып, жазғысын қысқыға алмастырып кетететіндер де бар. Ақысын төлесең болғаны.

Енді, бастаған әңгімемізге қайта оралайық. Ылғи дымқыл ауа жұтып, қолың суда жүретін автожуудағы жұмыстың оңай еместігі де анық. Тәулік бойы жұмыс істейтін жерлерде түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етеді. Бәлкім, басқа жұмыстың реті келмеген соң баратын да шығар, мұнда көбінесе қыз-келіншектер, студент жастар жүреді. Арасында, әлі аяққа да тұрмаған бүлдіршіндерін қол арбаға отырғызып, алаң-жұлаң етіп, амалсыздың күнін көрушілер де кезігеді… Тұрмысы төмен, кірісі мардымсыз, «әлеуметтік жағынан аз қамтылған» деп аталатындар санатынан екені көрініп тұрады. Әйтеуір, қиын да болса, адал еңбек, маңдай тер.

Сонымен, әзірге Көкшетауда қалаған уақытыңда көлігіңді жуғыза қою мүмкін болмай тұр. Сұраныс күшті болған бизнес түрі тез дамушы еді, демек, «қалауын тапса қар жанады» демекші, бір кәсіпкер бұл мәселенің қыбын табар деп үміттенеміз.

                                                     Серік Сапарұлы,

                                                     «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар