Қаңтар оқиғасы бойынша қанша құқық қорғау органының өкілі қызметтен шеттетілді? Депутат Берік Дүйсенбинов Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің басшыларына осындай сауал қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаңтар оқиғасынан кейін адам азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тергеліп жатыр деп Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ақпарат берді. Осы 243 қылмыстық іс бойынша қанша лауазымды адам жұмыстан шеттетілді?», — деп сұрады депутат. «243 іс тергеліп жатыр. Оның ішінде ең күрделі 9 істі Бас прокуратураға алдық. 9 адам қамауға алынды. Оның ішінде 8-і Ұлттық қауіпсіздік органының, 1 адам полиция қызметкері.
Бұл істің бәрі әлі сотқа жолданған жоқ. Әлі шешім қабылданған жоқ», — деді Бас прокурор Берік Асылов. Ішкі Істер министрі Марат Ахметжанов та қосымша ақпарат берді. «Біздің бір қызметкер қазір қамауда. Ол Алматы облысының қызметкері. Сол жерде департаменттің бастығы, бүкіл орынбасарлары жұмыстан босатылған. Қалғандарына тергеу нәтижесі бойынша қорытынды шаралар қолданылады», — деді министр.