Тектілік

Адамның Алла жаратқан басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы оның тілі мен тектілігінде. Аруақ сыйлап, салт- дәстүр, әдет- ғұрпын сақтай алған пендеде рух та күшті. Ал тілі, діні, ділі, яғни үш қияны сау әулет- текті әулет. Жақсымен жақсы араласып, тату болса- елде құт береке бар. Өзгеге өнеге болар, үлгі қалдырар…

Жөн білетін үлкендер қашанда амандық- саулықтан кейін тегіңді, қай жерден екеніңді сұрайды. Алдымен алдындағы адамның тегін білу күнделікті қалыптасқан жәй әдет деп қабылдағанымызбен оның астарында үлкен мән бар. Адамның тектілігі- жан дүниесі,іс әрекетінен көрінеді . Жақсы мен жаманды, бар мен жоқтың бәрін де қазақ тектілікпен байланыстыруы осыдан. Халық айтса, қалып айтпайды. Көненің көрмейтін көзі, естімейтін сөзі жоқ. Өйткені тектілікке мән беру, өмір заңдылығына салауаттылық. Тектілік туған жердің энергетикалық қодынан нәр алады, көбейеді, сапаланады. Қоршаған ортаға, қоғамға жан- жақты әсер етеді. Тектілік жан- жақты, көп салалы. Өмір диалектикасында ғайыптан пайда болатын еш нәрсе жоқ екенін ескерсек; кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі бәрі бір- бірімен табиғи да, тарихитұрғыдан да байланысты.

Бүгінде ақыл тоқтатып, айналаға көз салып салыстырсақ қазақтың мықтылығы оның бірлігінде, бауырмалдығында, туысшылдығында екенін көреміз. Ата- бабаларымыз ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деп бекер айтпапты.Мың өлсек те, мың тірілуіміздің діңгегі, кәусар көзі де қаншылдығымыздан, тектілігімізден екен. Әлемде бірнеше мың үлкенді- кішілі ұлттарболса, соның 198- нің ғана мемлекеті бар.Тәуелсіз мемлекеттердің салтанатты көшінде біздің де Көк байрағымыз желбіреп барады.Тарих көшінен өз үлесімізді ойып алуымыздың түп тамырында «Қарға тамырлы» қазақтың тектілігі жатыр. Ұлттық ерекшелік, тектілігіміздің арқасында біз сана- сезімімізді, ұлттық менталитетімізді де құрсаулаған ұзына ғасырлық отаршылдық тәуелділіктен тез арылдық. Аз уақытта халықтың жігерін күшейтіп, ұлттық болмысымызды шыңдай алдық.

Ал біздің бүгінгі жеткен белесіміз тектіліктен күш алып рухтанғанағаларымыздың жан қиярлық еңбектерінің нәтижесі. Асып төгілмей, кеміп құрғамай сабырлылықпен сансыз қиыншылықтардан абыроймен өткен аяулы жандар ортамызда баршылық. Осындай ерекше тұлға бірегей азаматтың бірі юстиция генералы Тоқтарбай Қапанұлы Ержанов.

Елдің қалың қазақи ортасынаншыққан республикаға белгілі Тоқтарбай Қапанұлы Ереймен- Сілеті өңіріндегі Бестөбе кенішінде 1952 жылы дүниеге келді. Ал қазақтың қасиеті туған жердің топырағынан десек- Бестөбе кеніші тарихы мол, киелі өлке. Өзіміз білетіндей, қазіргі қазақ қоғамы коммунистік саяси идеология негізінде қалыптасты. Ал қазақ қауымы интернационалистік қыспақта тәрбиеленді. Кеңес Одағында «Бір ұлт жасау» саясатының күштеп жүргізілгенін білеміз. Әсіресе солтүстік облыстарға «Тың игеру» саясатының зардабы қатты тиді. Рухсыздандыру, орыстандыру саясаты ашық жүргізілді. Орысша мектепте оқымасаң, нан тауып жеудің өзі қиынға түсе бастады.700- дей қазақ мектептері жабылып, жас бүлдіршіндер дүбәрәндірілді… Бірақ осындай зардапты, қиын- қыстау, тар жол, тайғақ кешудің өзінде сағы сынбаған, жүзі мұқалмаған елді мекендер болды. Ол жерлерде дәстүр жалғасты, ұлт болып ұйысып, бірлі жарым қазақ мектептері сақталып қалды. Міне осындай елді мекеннің бірі Бестөбе кеніші.

Сарыарқаның күңгейінде алыстан менмұндалап шахта террикондары сағым тартып көрінетін Бестөбе кенішінің қатпар-қатпар сыңсып жатқан, қат-қабат тарихы бар. Бұл Бөгенбай, Жантай, Атан батырлардың рухынан күш алып, Бұқар, Үмбетей жыраулардың жырымен, Қазбек, Саққұлақ билердің дана сөздеріне шөлін қандырып, Естай, Иманжүсіп, Сәкен, Шәмшілердің әндерін айтып өскен ел. Мұнда заман тауқыметі өмір соқпағының ерекшелігінен болар өзгеше бір ынтымағы жарасқан, пейілдес ерекше жандар тұрады.Тоқтарбай Қапанұлы аз ғұмырында елін қорғап, «Құлаш бойымыз құласа да, тіккен туымыз құламасын,  жаным арымның, ұрпағымның садағасы»,- деп өмірін сауыт- сайманмен ат үстінде өткізген Жантай батырдың тікелей ұрпағы. Жантай батырдың қазақтың қасиетті тау аралы атанған Ереймен өңірін жоңғар- қалмақтардан тазартып, ата мекенге елді қайта қондырғандағы ерлігі қалың жұрттың есінде. Оған Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» жыры дәлел. Жантайдың ұлы Тоқаш, Тоқаштан – Жанан, Жананнан – Көшмағамбет, Көшмағамбеттен – Ержан, Ержаннан – Қапан, Қапаннан – Тоқтарбай.

Бала тәрбиесінде қанмен берілген қасиеттермен бірге оның тұлғалық өсуіне ата- ананың көрсеткен өнегесінің орны бөлек. Әке- асқар тау, ана- ағар бұлақ. Көргені бар, көпшіліктің көңілінен шығар, жоғын табар, қамқоршы болар. Әке көрген оқ жонар. Әкесінің елдің қамын ойлап, көпшілікке жанашыр болғаны өз балаларына ерекше жауапкершілік те әкелді. Өйткені, Қапан мен Төлеугүлдің баласы бола тұра басқаға үлгі болмау, қол үшін беріп көмектеспеу, жақсылық жасамай жүру мүмкін емес еді…

Тоқтарбайдың әкесі Қапан мен анасы Төлеугүл елге сыйлы, есіктері жабылмай, дастархандары жиылмай қонақ күткен, көпшіл, кеңпейіл, ақжарқын адамдар еді. Қапан Ержанұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз», «2- дәрежелі Отан соғысы» және ондаған жауынгерлік медальдардың иегері. Бірнеше рет жараланса да майдан шебін тастамай, қанды көйлек жолдастарына қамқоршы бола алған адам. Ақмола, Павлодар облыстарында замандастарынан ол кісіні білмейтін, жақсылығын көрмеген адам шамалы. Әлі күнге дейін үлкендер біреудің жомарттығын, қамқорлығын айтқанда Қапекеңді еске алып отырады. Әсіресе соғыстан жараланып елге келгеннен кейін бидай тартатын диірменді басқарғандағы кедей- кепшікке, жетімдерге жасаған жақсылықтарын жыр қылып айтады.

Жалпы бестөбеліктер тұрмыс кейістігі жүректерін сыздатса да сыр бермей, мойымай, еңселерін түсірмей жүруге шыңдалған, мұсылманшылығынан арылмаған тынымсыз жандар. Барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз жұрт. Қапан Ержанұлы да аты барда желіп жүріп жер таныған, асы барда беріп жүріп ел таныған басқаға үлгі жол көрсетер ақсақал болды.

Бестөбе кеніші коммунистік идеологияның қанат жайып, аждаһардай от пен у шашып тұрған кездің өзінде қара бұлттай төнген қиыншылықтарға төтеп берді. Қанша зардап тартса да ұлттық рухын жоғалтпай, намыстарын аяққа бастырмай, сағын сындырмауларының өз құпиясы бар. Ол ел ақсақалдарының елдік қасиеттері мен пейілдерінің жарастығы, заман тауқыметі көрсеткен өмір соқпағына деген шыдамдықтары.

Тектілік туған топырағың, өскен жеріңе, ортаңның өзіндік жылдар жылымында қалыптасқан салт- дәстүр, тәлім- тәрбиесімен тікелей байланысты. Көргені бар көсіле шабады. Аруақ ренжітпеген, әдептен озбаған, үлкенін сыйлап, жасын бетінен қақпай өсіре алған елде береке көп.

Бестөбеліктердің әдет- ғұрыптарындағы өзіндік ерекшеліктері ұлттық психологиялық сезім қарапайымдылығы мен замана тауқыметінің әсерінің нәтижесі. Бұл ерекшеліктері сыйластық, жанашырлыққа негізделген қасиеттер.

Кезінде Бестөбеге басқа жақтан ат аздырып келген көршінің қонағы екі- үш үйден дәм ішіп, туыстай болып аттанатын. Үлкендер жағы өздері келіп, қонақты ортаға алып, қаумалап, аман- саулық жөн сұрасып, арасында өздері білетін ағайын- туыстарына сәлем жолдайтын. Ал ұсақ балалар қонақ келген үйдіңайналасында ойнауға үйір болатын. «Құлақ жейтін болдық қой»,- деп қуанатын.

Көршілердің сыйластыққа ұласқан татулықтары да үлкен мен кішіні жәй жақындатып қоймайды, барыңды асырады, жоғыңды жасырады. Ойын, қызық- той бәрі ортақ. Соғымның алғашқы омыртқасын мүжитін де көршілер. Құдалыққа баратын да солар. Көрші қақысы- құдай қақысы. Әрине, бестөбеліктіктердің көршілерімен бір туғандай жақын араласуында тұрмыс қажеттіктері де бар шығар. Шөп шабу, картоп салу, кезектесіп қой бағу тәрізді күнделіктегі тіршілік те өз себебін тигізген болуы керек.

Ал үлкендер көршінің баласын да, малын да өзінікіндей көріп, алаламайтын. Балалар тентектік жасаса ақыл айтып жөнге салуды, қол үшін тигізіп көмектесуді өзіне борыш санайтын. Ораза айы кезінде көршілердің терезесінің қасына топтасып сақар айту, айт кезінде құттықтап айттық сұрау балалар үшін көптен тосатын мереке болатын. Балалық шақтың аяқ басысында ара- тұра қияңқылықтары да кездесіп қалатын. Жайылған құрттың, сүрленсін деп іліп қойған еттің шетінен сұраусыз алатындары да болушы еді. Бірақ ондайға көп бара бермейтін. Әжелеріміз, аналарымыз болса дауыс көтеріп ұрысуды білмейтін. Қайта асықтарымызды алаша тоқитын жіптерімен бірге қазанға салып, бояп беретін.Аналарымыздың дауыстарының қатты шығатынын естімек тұрсын, білмей өсіппіз…

Балалар жағынан үлкен ақсақалдарға деген құрмет мүлде басқа еді. Ол кісілердің айтқандарын жүгіріп барып істеу балаларға мәртебе еді. Екі сөйлету жоқ. Қыс уақытында түн ұзақ, көрші шалдар бір- бірінің үйіне жиналып дәм ішіп, содан соң немерелеріне кезектестіріп батырлар жырын, қиссалар оқытатын. Бұндайда уақыттың заңдылығы бұзылып, заманның өткені мен бүгіні араласып, жүректі тулатып, сезімді тербеп, қиялдың қиянына шығаратын сәттер туады. Ол ақсақалдар, олардың өкшесін басып келе жатқан әкелеріміз елдіктің, қазақшылықтың алтын құйындысындай көрінуші еді. Киім киістері, жүріс- тұрыстары, сөйлеген сөздерінің орындылығы, әзіл- қалжыңдары өздеріне жарасып, анадайдан мен мұндалап тұратын… Көршілермен, туыстармен сыйласып араласпау деген ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Ондай ой санадан тыс еді. Көршінің ала жібін аттау айтылмайтын күнә деп есептелетін…

Міне, Тоқтарбай Қапанұлы осындай көненің көзін көрген, жақсы мен жаманды бірден айыратын үлкендері бар, ән- жыр, жөн- жоралғысынан айырылмай сүттей ұйыған ортада өсті. Үлкендердің ел жақсыларын төбелеріне көтеріп пір тұтқанынан үлгі алып тәрбиеленді. Қазақшылықты қанына жастайынан сіңірді. Шынында өткенді білмесек, болашаққа қалай барамыз. Кеткенімізді қадірлемесек, жаңа жас ұрпаққа не дерміз. Болашақ юстиция генералының мінезін, ұлттық болмысын осындай қазақи орта шыңдады.

Бестөбе кенішінің ерекшелілігінің тағы бір үлкен құпиясы діндар адамдардың көпшілігінен еді. Кеніштің алтынын алғаш рет он үшінші ғасырда  игерген көрінеді. Оған дәлел әлі күнге дейін жерасты шахта қыртыстарында құдық- қауға әдісімен  руда тастарын алған  «кен желілері»орындарының кездесетіндігі. Бұл жерлерде ХІХ- ғасырда ағылшын- неміс компаниялары жұмыс істеген. Ал Кеңес үкіметі сол шахталарды қалпына келтіріп, Солтүстік Қазақстанның барлық жерлерінен қуғындалып айдалған молда, қажы- қожаларды жұмысқа салыпты. Ақпақтың шақпағы, соқпақтың да тоқпағы бар. Жер аударылып келген діндарлардың арасында құранды жатқа білетін, дұғамен ауру адамды емдейтін қарилар да бар екен. Ол дуалы ауыз әулиелер Бестөбенің өзіндік рухани аурасын жасауға септіктерін тигізді. Сол кие қонған аруақты діндарлардың қатарында Шахман қалпе, Ләтіп, Ыдырыс, Сабыр, Жақып, Әмірғалы тәрізді молдалар, Асқар қожа сияқты тектілер болды. Олар діни білімділіктерімен бірге парасаттылықтың нұрын шашқан адамгершілік үлгілерінің мұхиты еді.

Бестөбеде елдіктің саналы дәстүрі қалыптасты. Беделді, әділ ел ағасы болу абыройлы іске айналды. Жақсының жақсыға жақын жүріп, көпшілікке үлгі болуы- ел құрметінің шыңы деп есептелінді. Ағадан ақыл, атадан нақыл ала білу де өнер. Азаматын көр де, ауылын таны…

Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Тоқтарбай Қапанұлы елге жақсылық жасап жүрген ағаларының өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты болжай алған қасиеттерін де бойына сіңірді.Ондай ел ағаларының арасында Ғазиз Бейбітов, Қасымқан Сұлтанов, Ерден Садуақасов, Қайыр Әлпейісов,Қайыркеш Айгужен, Бекім Мұқышев, Амангелді Жармағамбетов тәрізді беделді азаматтар болды. Әсіресе, жақын туысы, ақылшы ағасы бола алған Сайлаубек Байболовты ерекше атаған жөн. Бұл ел ағаларының жұртқа айтар сөзі, көрсетер үлгісі бар дара тұлғалар еді.

Тоқтарбай Қапанұлының кісілік келбеті мен болмыс- бітімінің қалыптасып, парасаты биік тұлға болуында білім алған ошақтарының да орыны зор. Алтын ұя мектебің- білім бұлағы. Мектепте, университетте қалай оқысаң сондай маман болып, еңбек етесің, мақсатыңа жетесің.

Бестөбе қазақ орта мектебі республикамыздағы алдыңғы қатарлы білім ордасы болды. Мәскеудегі Кеңестер Одағы халықшаруашылығы көрмесінің Құрмет тақтасына алтын әріппен аты жазылған ұжым. Білім беру саласындағы жаңалықтары үшін Кеңес Одағы Үкіметі мен кәсіподақ комитетінің социалистік жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, өтпелі Қызыл туын алды.  Ол Қызыл ту Бестөбе қазақ орта мектебінің мұражайында сақтаулы тұр. Сол кезде мектепте Кеңес Одағының үздік ұстаздары, Қазақ ССР- іне еңбек сіңірген атақтары бар мұғалімдер дәріс берді. Олардың ішінде Ленин, Қызыл ту, Еңбек орденін, Қазақстанның ең жоғарғы марапаты Қазақ ССР- інің Құрмет грамотасын иеленген ұстаздар болды. Халел Анафин, Кенжебек Мұқашев, Төлеген Тәліпов, Барлыбай Тәбешов, Қайриден Бабенов, Қайыртай Айтмұхамбетов, Орынжан Мұсабекова, Жағалтай Ағыбаевалар білім берудегі жетістіктерімен ерекшеленіп, республикадағы танымал мұғалімдер болды. Мектептегі түрлі үйірмелер, көркем өнерпаздардың жетістіктері өз алдына, оқушылар математика, физика, химия тәрізді пәндерден республикалық олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алып жүрді.

Міне, осындай мектепте білім алған Тоқтарбай Қапанұлы жан- жақты талантты жас болып өсті. Жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмыспен, спортпен, өнермен айналысты. Домбыра үйірмесіне қатысып, концерттерде «Кеңес», «Қосалқа», «Айжан қыз» күйлерін ерекше орындайтын. Сондай-ақ, жас кезінен кітап оқуды әдетке айналдырды. Көркем шығармалармен қатар, қылмыскерлерді ұстау жөніндегі детектив кітаптарға әуес еді. Мінезіндегі қайсарлығымен ұлттық рухты көркем шығармалардағы тарихи тұлғалардың бейнесінен де ала алды. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын таласып оқығанымыз есімде. Ол жастайынан зеректігімен бірге намысшы алғыр болып, не істесе де алда болды. Тіпті бар ғой, асық ойнағанда да мергендігімен көзге түсіп, бәрін ұтып алатын. Алты атар ойнағандасақа шыдатпаушы еді..

Адам өміріндегі ең маңызды нәрсе қоғамдағы өз орныңды табу. Білім алу, жақсы маман болып талантыңды ашу, еліңе, халқыңа адал қызмет жасау. Әділдікті жастайынан сана- сезіміне, ой- арманына сіңіре алған Тоқтарбай Қапанұлы бауырмалдық, тазалықты отангершілдікпен ұштастыра білді. Бойындағы қайраты мен қайсарлығы намысын жанып, өз өмірін ел тыныштығы үшін қылмыс біткенді ауыздықтауға арнағысы келді. Арманы- заңгер болу. Кеңес одағы кезінде Мәскеу экономика, қорғаныс салаларын ғана емес, мамандық алу мәселелерін де тұрақты бақылауда ұстады. Империялық саясат ашық айтпағанымен ұлттық мамандарға сенімсіздікпен қарады. Инженерлік технология, космос салалары, құқық мамандарын дайындауға шектеу қойылды. Әсіресе, заң қызметкерлерін дайындауда ерекше қатаң тәртіп сақталды. Мектеп бітірген түлектер екі жыл жұмыс істегеннен кейін ғана заң факултетіне оқуға түсе алды. Қабылдау ережелерінде де кедергілер көп болды. Екі- үш жыл қара жұмысістеген уақытта мектептен алған білім деңгейі төмендеп, қарайып та қалады. Түрлі жағдайларға байланысты мүмкіншіліктер де азаяды. Қазақстанда Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде ғана заң факултеті болды. Талапкер көп, орын аз…

Ал Тоқтарбай Қапанұлы қиындықтардан қаймықпай жігерінің арқасында алған бағытынан қайтпады. Заң факултетіне құжат тапсыру үшін аянбай маңдай терін төгіп, екі жыл мал бақты. Тағдыр оны алдамады, ол мақсатына жетіп, заңгер мамандығын алды. Басқалай болуы да мүмкін емес еді. Өйткені оның бойындағы мінезінің ең басты ерекшелігі өзіне деген сенімділігі болды.  Ал сенімнің сезіммен келетінін ескерсек, бұның артында әділдікке, шындыққа ынталық бар. Орнымен айтылған шындық қана сананы серпілтіп, сезімді оятады. Одан жауапкершілік туады.

Арманы орындалып, заңгер мамандығын алып елге оралды. Еңбек жолын Целиноград облысында жаңадан ашылған Маринов ауданының прокуратурасында қатардағы тергеушіден бастады.Отыз жасында, 1982 жылы Шортанды ауданының прокуроры болды. Абыройлы жұмысының арқасында Целиноград облысы прокурорының бірінші орынбасары, Бас Прокуратураның департамент директоры тәрізді лауазымды қызметтерде жұмыс істеді. Ал, 1997 жылы Елорда Сарыарқаға көшкенде біліктілігі, тазалығы ескеріліп, Астана қаласының бірінші прокуроры болып тағайындалды. Алдынан талай алааяқтар, түрлі- түрлі қанішер қылмыскерлер өтті.

Сан қилы мамандықтар бар, соның ішінде құқық қорғау саласы ерекше. Елдің тыныштығын қорғап, қылмыскері болса оны ұстап, жазалау оңай жұмыс емес. Сәл қателессең біреудің обалына қаласың, қарғысын аласың. Көпшілікке ұнау да қиын. Міне, осынша жауапкершілікті өз мойнына екінің бірі ала бермейді. Тек әділеттің ақ жолымен жүрген прокуратураның қызметкері ғана әділ ісімен абыройға ие бола алады.

Тоқтарбай Қапанұлы қоңыртпақ қоғамның қою шаңына көмілмей кісілігін көрсете білді. Іскерлігінің, тазалығының арқасында жаман атқа қалған жоқ. Оның әділдігін ең арты жазасын алған қылмыскерлердің өздері де мойындап жүрді. Өйткені ол, жұмыс ерекшелігінне сай екі қасиетті бұлжытпай сүйегіне сіңдіре алды. Бірі- қандай жағдайда болмасын әділ шешім шығару да, екіншісі- істеген ісіңе жауапкершілікпен қарап, табандылық көрсету. Осы екі аксиома арқылы өзінің өмір жолын қалыптастырды. Абыройлы, мәнді өмір сүре білу- қысқа ғұмырлы пендеге алынбас қамалдай көрінбеуі керек. Тек, «жүрек қалауыңды алдамай, аяғыңды нық басып, бір адым алға бассаң болғаны» кредосымен жүрді…

Елдің ертеңі бүгінгі күннің тыныштық бірлігінде. Қоғамның дұрыс дамуы қоршаған ортадағы қылмыс пен тәртіп бұзушылардың азды- көптігіне байланысты. Елдің мамыржай өмірін қашанда жүрегінде түгі бар, ұлтын, халқын сүйетін мінезді ерлер қорғаған. Пендешіліктің белшесіне батқан заманның өзінде жаны, ары таза адамдар аз болған жоқ. Бірақ жақсылық елене бермей, жамандықтың еселене беретіні бар.

Ұлттық рух та, мемлекет те заңмен қағазға жазылғандай бола бермейді. Тәуелсіздіктің арайлы таңы енді атқанда бодандықтың қара бұлтынан бірден арылу оңайға түспеді. Тарих толқыны ескінің құрсауын түбегейлі бұзатын, жаңа бағыттың есігінайқара ашатын күшті сезімдегі жігерлі, білікті мамандарды қажет етті. Мұндай қажеттіліктің ұлттық болмысты тарих сахнасына итермелеуі де диалектикалық заңдылық. Өйткені адам санасындағы ұлттық болмыс серпіліп оянады. Ал ұлттық болмыс рухты шыңдайды. Рухты азаматтар білек сыбанып іске кіріскенде ғана тау қопарылып, су ағысы бұрылады.

Міне, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қылмыспен күрескен заң қызметкерлерінің бірі емес, бірегейі осы Тоқтарбай Қапанұлы.  Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық қазақ баласы егемен ел болу арманының орындалуы үшін жан- тәндерімен беріліп еңбек етті. Ұлт мүддесін «қара бастың қамынан» жоғары қоя алды. Тәуелсіз Отанының ірге тасының бір кірпіші болып қалануға асықты.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Тоқтарбай Қапанұлы Отан алдындағы өз жауапкершілігін арттыра түсті. Ұлт алдындағы парызы мен қарызын жан- жақты қамтып, аянбай қызметке кірісті. Нақтырақ айтсақ, қылмыспен күресті мемлекеттігімізді нығайту деп түсінді. Тәуелсіз Қазақстандағы қылмыспен күрес саласындағы прокуратура қызметінің майталманы болды. Прокуратура саласында 36 жыл қызмет етіп, ата- анасы, ел жұртынан алған тәлім-  тәрбиесіне кір келтірмей тектілігін көрсете білді. Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа нарық заманы сынды, соқпақты жол тарткызса да ол күнделікті пендешіліктің күйбеңінен өзін жоғары ұстады.Алтын-қоқыстан көмескіленуі мүмкін, бірақ қасиетін жоғалтпайды.Оған дәлел зейнет жасына келісімен кейбіреулер тәрізді пендешілікке салынып, қызметтегі тағына жармаспады. Ар- ұжданын жоғары көтеріп, абыроймен зейнеткерлікке кетті.

Бірде жолдастарының «беделің, денсаулығың бар, жақсы есептесің, зейнеткерлікке шықпай, жұмысыңды жалғастыра бермедің бе», – дегені бар. Сонда Тоқтарбай Қапанұлы;»Өлімнен ұят күшті. Жаным- арымның садағасы. Жасың келіп, жастарға орын беріп, үлгі көрсете алмай соңыңнан сөз ерсе- сол жаман. Абыройсыз өмір- тірідегі тамұқ. Біздің Алламыз да, адалдығымыз да жүрегімізде. Әр адам тарихи құбылыс. Тарихты, оқиғаны еңбегіңмен жасап, еліңе қызмет ету бар да, сол тарихта абыроймен қалу бар. Мәселе қандай лауазымды қызметте істегендігіңде емес, халқыңа жасаған жақсылығыңда және сол қызметтен қалай кеткеніңде»,- дегені бар. Шынында жақсы атыңмен, беделіңді жоғалтпай азамат болып қалу да өмірдің мәні- ау. Ар- намыс тазалықтың биік шыңы ғана емес, адамгершіліктің мәңгілік өзгермес символы ғой…

Тоқтарбай Қапанұлының өмір жолы жастарды әділдікке деген терең танымға тәрбиелей алатын сара жол. Отанды сүю, оған адал қызмет ету бүгінгі күнге ғана емес, болашаққа керек. Бұл мемлекетшілдігіміздегі сана тұжырымымыздың дұрыс дамуының кепілі. Көнеден өсиет енбеген, енеден қасиет ембеген адам ұлтын сүйіп, ар-ожданы таза азамат бола алмайды.

Мыңжылдық тарихы бар Бестөбе кенішінде дүниеге келіп, бүгінде ел ағасы болып жүрген Тоқтарбай Қапанұлы жетпістің биігіне шықса да көңілі ақ, жаны жайдары қалпында. Жастарға берері, үйретері көп. Үлкен әулеттің ақылшы атасы, туған- туыс, жора- жолдастарының мақтанышы. Ерейментау- Бестөбе өңірінің саңлағы Тоқтарбай ағамызға шығатын Көктөбеңіз көп болып, біздің мақтанышымыз бола беріңіз демекпіз.

                              Әміржан Әлпейісов,

                  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

                       университетінің профессоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар