Өңірдегі азалы жылдар тарихы қалай зерттелуде?

Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмыс­тың жүргізілгеніне де бір жылдан аса уақытөтіп,алғашқы кезеңі аяқталды.Баспадан бір жинақ жарық көрді.Екі кітап баспаға дайын тұр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі Ақмола  облысының өңірлік комиссиясы өткен жылдың басында облыс әкімінің  қаулысымен құрылғанды. Комиссия құрамындағы  зерттеушілерге  арнайы архивтердегі құпия құжаттармен жұмыс жасау үшін рұқсат берілген.

 Аймақтық  комиссия аясында 7 ба­ғыт бойынша жұмыс тобы құрылып, жетекшілер бекітілген.  Мұрағаттарда жұмыс істеу, ғылыми-танымдық экспедициялар мен тұр­ғындар арасында сауалнамалар ұйым­дастыру, елді мекендердегі көне көз қариялар мен өлкетанушыларды, тарихшыларды, кітапхана, мұрағат, музей қызмет­керлерін тарта отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін тың деректер мен фактілерді анықтау, жалпы ауқымды іс-шаралар өткізу  бойынша жүйелі жұмыс түрінде біршама істер атқарылды.

Ақмола  облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұ­рағаты қорында ақтауға жатпайтын тұл­ғалардың 367  ісі, қуғын-сүр­гін­ге ұшы­­раған, сот органдары ақтаған тұлға­лар­ға қатысты 3025 іс және екінші дүние жүзілік соғыс кезінде  әс­кери тұтқында болған және өз еліне қай­­­та оралған бұрынғы КСРО азаматтарының 156  ісі сақтаулы екен. Ал, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Ақмола облысы бойынша басқармасының арнайы мұрағатында «Арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясы» сақтаулы. Оның ішінде арнайы қоныс аударушыларды есепке алған 36000 іс бар. Әрине, комиссия қарайтын істердің басым бөлігі Ақмола облысының мемлекеттік архивінде екені сөзсіз. Мұнда мешіттердің жойылуы, ұжымдастыру, босқындар, тәр­кілеу, ашар­шылық бойынша мыңдаған құжаттар бар. Бірақ, бәрін жүйелеп, бір арнаға салу қажет.

Көріп отырғанымыздай, атқарылатын жұмыс ауқымы өте үлкен. Бұл алдағы бір­неше жылға созылатын тынымсыз еңбек деуге болады. Жобаға қатысушы ғалымдарға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде еңбекақы, іссапар шығын­да­ры төленіп, сайт жасақтау, іздестіру жұмыстары мен кітаптар және жинақтар шығару, әр деңгейдегі ғылыми сараптамалар мен конференциялар өткізу  бойынша жұмыс жүруде. «Ел тарихындағы зұлматты-зобалаң жылдар қасіретін неғұрлым толық, дәлел-дәйекті ғылыми тұжырымды негізде жазылуы үшін барлық тәжірибелер мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзіміздің тарихи-зерттеу жолымызды қалыптастыруымыз қажет. Бүгінде, осы қоғам мен мемлекетіміз үшін аса маңызды болып отырған іске барлық отандық ғалымдар жұмылдырылған. Осы ретте Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің зерттеуші ғалымдары да бір парызы мен қарыздық құны жоғары іске өз үлестерін қосуда», деді өңірлік комис­сия­ның отырысында сөйлеген сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Оның айтуынша, өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жарлығын толық орындап, ұсыныстар әзірлеуі үшін  бүгігі күнге дейін ақтаңдақтар айдарына таңылған немесе әлі де толық зерттелмеген  деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның қаншалықты, қандай деңгейде жүргендігін анықтау, жер-жердегі  қуғын-сүргін лагерьлерінің орындарын табу, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау, істерін қажет болса қайта қарау,  соны құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, ақпарат жинау, талдап-сараптау болатын. Ақмола  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамова саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін жария етті. Мәселен, 2021 жылы өңірлік комиссияның 5 отырысы, жұмыс тобының 11 жиыны өткізілген. Саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты ақпарат және жұмыс тәжірибелерімен алмасу мақсатында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарымен аймақ­­тық семинар ұйымдастырылса, өт­кен жылдың қыркүйек-қазан айлары ара­лы­ғында республикалық жобалық кеңсе ұйымдастырған 11 семинарға өңірлік комиссия мүшелері қатысып, жетекші­лік ететін жұмыс тобы тақырыптары бо­йын­ша баяндама жасаған. Ал, осы жоба шең­берінде арнайы мәліметтер базасы жүк­теген www.tarich-akmo.kz тарихи та­ным­дық, ғылыми-зерттеу порталы іске қо­сылды. Бұл интернет-ресурста зұлмат жылдары бойынша барлық құжаттар, жоспарлар, нәтижелер, материалдар жинақталуда. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар мен қызығушылық та­нытқан тұлғаларға порталға кіріп онлайн сауалнама толтыру мүмкіндігі жа­салған. Қазірдің өзінде кезінде нақақтан жазалауға ұшыраған туысқандарын іздеген өтініштер алыс-жақын елдерден  түсіп жатыр.

Өңірлік комиссия жұмысына жақсы бір  серпіліс – жергілікті ғалым-мамандардың Алматы, Қарағанды қалаларына екі апталық іссапары болды. Көкшетаулық зерттеушілер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Президент архиві, Ұлттық кітапхана, Алматы қалалық мемлекеттік архиві сынды орталықтар мен архивтерде жұмыс істеп, өңір тарихына қатыс­ты тың деректермен танысты. Ғылыми іс­сапар нәтижесінде алматылық, қарағандылық  ғалым-ма­мандармен, архив қызметкерлерімен өңір тарихын зерделеу бойынша байланыс орнатылып, архивтерден 50-ден астам істер, 2500 беттей құжат көшірмесі әкелінді.

Ізденіс жұмыстарының сан алуан бағытта, жан-жақты қамтылыспен жүруі оң нәтижелер берді деп айтуымызға болады. Ресми деректерге қарағанда, ҚР ІІМ Ақпараттық-сараптамалық орталығы арнайы архивінің мәліметтері бойынша, 1920-1950 жылдары Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны – 6090, соның ішінде ақталмағандар саны – 429 адам екен. Атап айтқанда, 1920-1930 жылдары облыс аумағында, күштеп ұжымдастыру кезінде қудаланған 1048-ге жуық бай-кулак пен шаруа, күштеп қоныс аударылған 36 000 адам, қудалауға ұшыраған 180 дін өкілі (150 мұсылман, 30 христиан), ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары қатарынан 376 адамның тізімі бар 429 ісі жасалды. Бұл тізімді жұмыс топтары мұқият зерделеп, толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссияға жолдайтын бо­лады. Сонымен қатар, жұмыс тобы өкіл­дері облыс аумағында саяси қуғын-сүр­гінге ұшырағандардың жерлеу орындарын, НКВД лагерьлері болған жерлерді іздестіруде. Бұл бағытта далалық экспе­дициялар мен танымдық бағыттағы іздесті­ру жұмыстары өңірдің әзірше Зеренді ауданында жүргізілді.

– Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылған деген дерек айтылады. Президент жарлығы – есімдері беймәлім қалып, зұлматты жылдардың құрбандары жайлы мәліметтерді іздестіру, жинау және осы тақырып аясында ғылыми еңбектер түрінде жариялау жұмыстарына бірегей бастама болды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсырәлімова.

Жоғарыда айтылғандай, өңірлік комиссия Көкшетау, Қарағанды мен Алматы қалаларындағы архивтерден көптеген тың дерек жинады. Біздің ойымызша  мұның бәрі барлау, қай жерде не ба­рын бағамдау. Ресей еліндегі көршілес облыстар Омбы, Орынбор, Қорған, Челябі жерлеріне де бару ойда бар. Алдағы уақытта осы архив­тердің бәрінде жүйелілеу қажет болады. Ғылыми қорлармен  жұмыс істеу барысында орталық мемлекеттік архив қызметкерлерімен,танымал ғалымдармен, білікті осы саладағы  мамандармен жүздесудің сәті түсіп көптеген методологиялық және жүйелік тағылым алынды.

Енді жергілікті комиссияның аз уақыт ішінде атқарған жұмысына шолу жасап көрелік. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе босқындарды ақтау жөніндегі зерттеу тобына жауапты топтың жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Талапкер Уәлиевтің айтуынша, облыстық Полиция депар­таментінің арнайы мұрағатынан бұрын көпшілікке беймәлім болып келген халық наразылықтары мен баскөтерулерін анық­тады. Мысалы, 1931 жылы 5 наурыз бен 5 сәуір аралығында Атбасар ауданының №15-17 ауылдарында кәмпескеге ұшыраған байлар мен ауқаттылар өздерінің тәркіленген малдарын қайтарып алу үшін бас көтеру ұйымдастырған. Отыз шақты адамды Есенберген бай бастап «Қасқа» колхозына барып талап қойған, милиция қару қолданып 15 адамды тұтқындаған, 6 адам қашып кеткен.  Ащылы өзенінің жағасындағы ауылдар да наразылық білдірген. Облыстық архивтің 247/1418 қорындағы 1 тізбе, 197 істе бір ғана Айыртау ауданынан 1932 жылы отбасыларымен бірге 760 адам ОГПУ бұйрығымен бай-кулак ретінде жер аударылған, ал 128 адам Оңтүстік Қазақстанға зорлап көшірілген. Айталық, 1928 жылы құрылған Ақмола округінің  Сталин  ауданындағы (орталығы Алексеевка селосы ) Козьмо-Демьянск және Қилы селоларында кулактар мен орташалардан құрылған 200-дей адам колхоз председателін соққыға жығып, конфискацияға алынған үйлерін, малдарын, астығын  қайтаруды талап еткен. Милицияның күшімен басылып, басшыларын тұтқынға алған. Балқашын ауданының Максимовка, Владимировка селоларында кулактар зорлықпен тартып алынған тұқымдық бидай мен құралдарын қайтаруды сұраған. Петропавл округі Қызыл-Әскер ауданының 5 ауылында байлар жергілікті мешітті қайтаруды, болмаса халықтың көтеретінін алға тартқан. Бұл мәліметтер ҚР Президенті архивінің 719-ші қорында, 125-ші істе сақталған. Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруаларға байланысты да  ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша да жаңалық көп. Республика бойынша 1928 жылы жүргізілген байларды тәркілеу тізіміне  1931 жылғы 10 қыркүйектегі  мәліметке сәйкес, республика бойынша 5000 отбасыны жер аудару керек болған. Оның ішінде Көкшетау ауданынан 356, Арықбалықтан 185, Айыртаудан 205, Рузаевтан 76, Щучинскіден 226 бай енген болатын. Негізінен оңтүстік, шығыс өңірлерге көшірілген. Бұл Казкрайкомның құпия хаттамасына Голощекиннің өзі қол қойған. Президент архивінің 141 қорында тақырыпқа байланысты материалдар көп. Бөлек тәркілеуге ұшырағандар тізім­дері әлі де анықталуда. Болашақта архив құжаттарымен біріктіріп, жинақ шығару жоспарлап отырмыз.

Күштеп ұжымдастыру және 1930 жыл­дардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бо­йын­ша жұмыс тобының жетекшісі, та­рих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегеновтың тапқан деректері бойынша ел ішін­­де күштеп колхоздастыру, ұжым­дас­тыру және мемлекетке ет, ас­тық даяр­­лау науқандары кезінде асы­ра сіл­­теушілік, бұрмалаушылық, оз­быр­лық, дөрекілік көрсету әдістері қолда­ныл­­ғанын дәлелдейді. Мысалы, Ақмола округінің прокуроры Алпысбаетың 1930 жылы шілде айындағы ҚАССР НКВД председателі М.Табакинге жолдаған қызметтік хатында  қазақ ауыл­дарында бай, кулактарды тап ре­тінде жою кезінде Азат, Атбасар, Сталин аудандарындағы жаппай ұжымдастырудың кері салдарын, Ленин, Социалистік аудандандарындағы колхозға кірмегендерді сотқа беру немесе сайлау тізімінен алып тастау, сонымен қатар, осыған байланысты заңсыз 1537 істің қозғалғанын, оның ішінде орташалар мен кедейлердің де көп екендігін жазады. Республикадағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (БМСБ) председателінің орынбасары Генрих  Ягодаға түскен баяндамада Көкшетау ауданында 15 орташалар отбасын заңсыз  көшіру, Атбасар ауданынының Михайловка, Николаевское, Беловодское селоларында кулактарды көшіру кезінде тіпті ұсақ-түйек мүліктерге дейін тартып алынғандығы, Арықбалық ауданында мүгедектер мен кәрі адамдарды да, мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан күштеп жер аударып жіберілгендігі туралы айтылады. Кедейлер де тұтқындалып, мал-мүлкі тәр­кіленген. Тіпті, әйелдердің іш киімдерін, орамалдарын түгел тартып алып, бала­ларының киімдерін сыпырып, тыр жа­лаңаш қалдырып кеткен. Осы сынды озбыр­лықтардың кесірінен қашу, бағынбау фактілері, аштыққа ұшырау салдары жиі кездескен. Ұжымдасты­ру­­ға қарсы шыққандар да бар, жетерлік. Көбінің  кейінгі тағдыры белгісіз, зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.

Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға жә­не қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анық­тау бойынша жұмыстарды әлі де жүргізуге болады. Саяси бас көтерулер мен ғылым, мәдениет, қызмет салаларында саяси қуғын-сүргін құрбандарын  зерттеу  тобының жетекшісі, тарих магистрі Жансая Қайырбекқызы Осипованың айтуынша,  Ақмола  облысының мемлекеттік  архивіндегі №3260  қорындағы 72, 73,76 істерінде көптеген  мәліметтер кездеседі. Мысалы, 73-ші істе  репрессияға ұшыраған 668 коммунистің  фамилиясы бар, оның  265-і бүгінгі күнге дейін ақталмаған, істерді қайта  қарау  үшін  Орталық  архив арқылы   тексеру керек. Ал, 72-ші істің 4-ші парағында Көкшетау облыстық партия комитеті бюросының  қаулысы бар. Онда  Билялов Асияның аппеляция туралы  өтініші тіркелген. Тіркелу уақыты 1990 жылдың 14 тамызы. Билялов Асия партия қатарында 1932-36 жылдары болған, партиялық  билетінің нөмірі 7323948, ол 1926 жылы берілген. 1935 жылы 19 желтоқсанда  Петропавл  қалалық партия комитетінің өкімімен  тап жауы ретінде  партия қатарынан шығарылып сотталады. Кейін жазасын өтеп келген соң Хрущев уақытында ақтау тізіміне ілікпей, бүкілодақтық  ХIХ КПСС конференциясына,  кейін  КПСС-тың  бас хатшысы  М.Горбачевқада бірнеше рет ақтау туралы өтініш жазған. Бірақ та өтініші қанағаттандырылмаған.  Не болмаса мынадай мысал келтіруге болады. Жалшылар  қатарынан  шыққан қарапайым коммунист Қазыбеков Есдәулет «ата-анасымен ағасының әлеуметтік жағдайын жасырғаны үшін, бай элементтеріне  көмектескені және  Зеренді  ауданы  Еңбек   ауылындағы  Баянбаев деген  моллаға жалған  анықтама бергені үшін» партиядан шығарылып, қылмыстық жауапқа тартылады. Айта берсек мұндай мысалдар көп-ақ. Ақмола өңіріндегі Алаш және қоғам  қайраткерлерінің  өмірін, қызметін  әліде толық  зерттеуіміз керек. Олардың қатарында Әбілқайыр Досов, Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Шәрәпи Әлжанов, Мұхаммедсәлім Кәшімов, Хайретдин Болғамбаев, Иманжүсіп Құтпанов, Жұмағали Тілеулин, Сейітбаттал Мұстафин, Біләл Малдыбаев, Жанайдар Сәдуақасов, Мұхаметжан Есжанов, Камел Кешубаев, Хайролла Хұсайынов, Ғалиасқар Қуанышев,  Жанұзақ Жәнібеков, Әубәкір Ілиясов және  тағы басқалары бар. Сонымен қатар, солтүстік өңірде «Алаш  партиясының  филиалын, қазақ комиттерін  құру үшін, ұлттық мемлекет  қалыптастыру жолында  жазықсыз жапа шегіп атылғандардың тізімін де атап кетуге болады. Олар: Байғазы Ахметов, Қайролла Мәліков, Малғаждар Сағындықов, Есімсейіт  Сабыров, Сәдуақас Жандосов, Сейітқасым Бекішов, Мәлен Ыбыраев, Қожахмет Белгібаев, Махмет Уалиханов, Қошан Қоспанов, Жармантай Омаров, Әбілкәрім Бимурзин, Сәкен Махметов, Мәжен Жандосов, Қафез Айбасов, Ғабдолла Шоқаев және басқалары. Көптеген ғылыми зерттеулермен  мақалалардың осы тақырып бойынша орын алғанына қарамастан, аталмыш тұлғалардың тағдыры, тарихы әлі де ғылыми зерттеуді, толақтыруды, көмескі беттерін ашуды қажет етеді. Алайда, бұл істердің көбінесе  әлі де  құпия болуына байланысты ашып айтуға, не жазуға мүмкіндік болмай отыр.

Сонымен қатар, Ақмола об­лысы аумағындағы жазалау лагерьлерінің орындарын анықтау жұмысы да өз жалғасын табуда. Біздің қолымыздағы мәліметтер бойынша Ақмола облысының құрамында әр жылдары 11 лагерь болған, бірақ та соңғы деректертерге қарағанда  оның саны көп болуы да мүмкін. Біріншіден, Ақмола облысы әр жылдары, әртүрлі әкімшілік-территориялық өзгерістерге ұшырап, жер аумағы, елді мекендер, халық құрамы жағынан бірнеше территориялық бірлестіктерге кіріп отырған. Айталық, 1921 жылы Ақмола губерниясы, 1928-30 жылдары Ақмола округі, одан кейін орталығы Петропавл қаласы болған Қарағанды облысының құрамында, 1939 жылдан жеке облыс болып қайта құрылады. 1944 жылы құрамынан Көкшетау облысы жеке бөлініп шығады.  Ал, аудан, округтер бірде қосылып, бірде азайып не атын өзгертіп отырған. Осы жағын да ескеру керек. 1930-1950-ші жылдары әйгілі «Каззолото» бірлестігінің құрамында көптеген шахта, рудниктердің жанында лагерьлер орналасып, оларда әскери тұтқындар, жазасын өтеушілер, айдалғандар, жер аударылғандар жұмыс істеген. Негізінен қазіргі Біржан сал, Ақкөл, Шортанды, Бұланды аудандарының жерінде орналасқан. Екіншіден, сонымен қатар, бұрынғы Рузаев ауданының Чернозубовка селосында, Атбасар, Балқашын жағында да лагерьлер болғанын деректер растап отыр. Өткен жылы тек қана Зеренді ауданының аумағында 4 бірдей сталиндік лагерьлердің болғанын анықтадық. Олар қазіргі Приречное селосының жанындағы № 14 колония,Үлгілі ауылынындағы ОПЛ-3, Баратай, Уголки  ауылдарына жақын жердегі «Ключи», Симферополь селосындағы «Озерное» лагерьлері. Аталмыш лагерьлер толықтай  зерттелді деп айтуымызға болады. Қашан құрылып, қай жылдары жұмыс істеген, қандай контингент отырды, куәгерлер де табылып картасы жасалды, естелік белгілер қойылды, бірқатар мақалалар жарияланып, жинақ шықты.

Бүгінде облыс аумағында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімі орындал­ған бірнеше орын анықталды. Бұл жерлерде қылмыстық іс жүргізу процестері өткізіліп, үкім сол жерде орындалған. Біздің ойымызша, осындай үкім жүр­гізілді деген орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген дұрыс болар еді. Егер боздақтар сүйегі табылып, нақты анықталса, ол жерлерді қорғауға алып, ескерткіш белгі орнату қажет.

Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы да біршама ауқымды жұмыстар атқарды. Жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты  Ақбота Бексейітованың  берген деректеріне қарағанда, 1920 жылдан басталған қудалау кезінде «Кеңес үкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері сайлау құқығынан  айы­рылып, жер аударылған, ал діни мекемелер жабылған. Кеңес үкіметі кезеңінде діни ұйымдар мен қауымдастықтарды арнайы Дін істері бойынша Кеңес қатаң  бақылап отырды. Ақмола обысында 1940 жылдары осы Кеңестің өкілі болып Жазықбаев деген істеген. Діни көпшіліктің  жұмысын шектеп отыру  үшін арнайы Жарғы қабылданды. Халық арасында дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Добровольный Союз безбожников» ( Құдайсыздар ұйымы) атты  арнайы қоғамы  да құрылады. «Дін – халық апиыны» деген ұранмен қаруланған бұл ұйымның өкілдері ғибадат орындарына, құдай жолындағы адамдарға істемегені жоқ деп айтуға болады. Архив құжаттарын сөйлететін болсақ, мынадай жәйттерді кездестіреміз. 1926 жылы кеңестік билік  Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет мешітін жабады. Көп жылдар бойы қасиетті ғимарат түрлі мекемелердің  шаруашылық  орнына айналып, тек қана 1989 жылы ғана  көпшілік жамағаттың өтініші бойынша мұсылман қауымына беріледі. 1932 жылы Сталин (қазіргі Шортанды) ауданындағы, 1940 жылы Көкшетаудағы Георгиев храмы, 1947 жылы Зеренді ауданындағы Викторовка селосындағы Қазан Ана Иконасының (Икона Казанской Божией матери), 1948 жылы сол аудандағы  Павловка селосындағы Архистраг Михаил шіркеулерінің жабылғандығы туралы құжаттар бар. Облыс бойынша мешіттер мен шіркеулер 1926-1947 жылдары толық жабылған.  Осы жылдары  Көкшетау өңірінің өзінде ғана қуғын-сүргінге ұшыраған 150 имамның аты-жөні белгілі болып отыр. Көкшетау уезінде ғана 33 православие шіркеуінің священнигі сотталып, оның 20-сы ату жазасына кесілген. 1989 жылы бәрі ақталған. Сонымен қатар, бұрын ешқандай тізімде кездеспеген Октябрь болысының (орталығы қазіргі Карасевка селосы) моллалары Үстеміров Ахметбек, Жұманов Рақымжан, Еленовка селосының шіркеу старостасы Вавилин Порфирий Михайлович, прихожанка (қауым мүшесі) Артомонова Исидораның діни көзқарастары үшін сотталғандығы туралы айғақтар кездеседі. 1935 жылы 30 желтоқсанда Зеренді ауданының Қарсақ ауылында тарауық намаз өтіп, оған 40 еркек, 6 әйел қатысқан. Бәріне шара қолданған. Осы ауданның Красиловка сельсоветінде колхозшылар Волков, Волховский, Гузовтарды діни пиғылдары мен колхоз құрылысын сынағандары үшін колхоздан шығарылған. Айыртау ауданының шыққан қажылар  Әбушахман Боқаев, Сыздық Қойлыбаевтардың тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз. ОГПУ-дің құрығынан қашып көршілес Ресей аймағында тығылуға мәжбүр болған Шәймерден Қосшығұлов, Сәдуақас Ғылмани, Салғара Қуанышев, Жұмабек Жармұхамедов және тағы басқалары туралы әлі де іздену керек. Жалпы, Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдерінің нақты санын айту әзірше мүмкін емес, зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыру қажет. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіндегі  қорларды зерделеп, іске асырсақ. Бұл енді болашақтың ісі болмақ.

Қазақстандық әскери тұтқын­дар мен Түркістан легионының қатарында болғандарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақан Шәріповтың айтуынша,  Ақмола облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінен біраз құжаттар алынған. Көбі әлі күнге дейін құпия түрінде, жариялауға немесе аты-жөндерін айтуға, қағазға түсіруге болмайды.  Дегенмен де, №25 қорда 367 адамға байланысты 429 іс бар, барлығына  да «ақтауға болмайды» деген белгі бар, яғни арнайы тексеріс нәтижесінде олардың қылмыстық істері дәлелденген, соғыс уақытында сотталған, жауға өз еркімен берілу, дизертирство, өзін-өзі ату, әскери бөлімді тастау, бұйрықты орындамау сияқты  соғыс жағдайындағы қатаң жазалау шаралары  жиі кездеседі. 1990-2000 жылдары прокуратура қызметкерлері әскери тұтқындарға байланысты  істерді толық қарап шыққан. 2020 жылдан бастап ҚР Президентінің Жарлығымен барлық істер қайта қаралып жатыр. Жалпы, «Ұлы Отан соғысының бұрынғы әскери тұтқындары және Германиядан репатриацияға ұшыраған ҚазССР  азаматтары» атты №26 қорда 3174 адамға 1308  іс сақталған. Қазақстандықтар Германия, Польша, Италия, Франция, Латвия, Дания, Белоруссия, Украина лагерьлерінде болған. Анкеталық мәліметтер мен жеке құжаттары сақталған. Іздеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Облыстық әскери комиссариат 1939-1945 жылдары Батыс Европа елдерінде тұтқында болған жерлестеріміздің тізімін жасап, одан әрі қарастыруда. Жұмыс тобы қайсыбір істерді қайта қарап, ақтау үшін ұсыныстар беріп отыр. Төрт адамның құжаттарында саяси аспектілер бар, айталық екі жауынгерді СМЕРШ («Смерть шпионам»  атты  екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі кеңестік контрбарлау ұйымы) «антисоветтік пиғылдары» үшін соғыс жағдайындағы заң бойынша әскери трибуналға берген, енді бір жауынгер неміс тұтқынында болып Түркістан легионына өз еркімен жазылған, кейін Қызыл Армия қатарына өтіп жаумен соғысқан, марапаттары бар. Неге ақтамасқа… Ал, енді бір адам ұлы шовинистік балағаттау мен намысына тигені үшін өз командирін атып тастаған. Саяси-репрессиялық пиғыл көзге ұрынып-ақ тұр. Әскери тұтқындар тағдыры әр қилы, аянышты, адам нанғысыз.  Оқ-дәрі, қарудың жетіспеушілігі мен дарынсыз қолбасшылардың кесірінен  амалсыз қоршауға түскендер, соғыс қимылдарына қатыспағандар, жеңістен кейін көбі қайта сотталғандар, ерліктері мен марапаттары да жетерліктері бар, немесе елге келгеннен соң «Германиядағы өмірді мақтады», «Советтік колхоз өмірін сынады» деген желеумен қылмыстық жауапқа тартылғандары қаншама. Алдағы жауап іздейтін сауалдарымыз көп әрине.

Арнайы қоныстанушылар мен   күштеп көшірілгендерді анықтау бойынша жұмыс тобы­ның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Алмагүл Күшпаеваның  айтуынша,  арнайы қоныстанушылар, яғни депортацияға ұшырағандар ерекшеліктеріне қарай 30 категорияға бөлінген. Зерттеушілер Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі ко­ми­теті Ақмола  облысы бойын­ша басқармасының арнайы мұраға­тын­да оты­рып, ондағы «Арнайы қоныс аударушылардың жеке бақылау істер кол­лек­циясын» сүзіп шық­қан. Онда 36 мыңға жуық істер сақталған. Оны арнайы тарихи құжаттар да растап отыр. 1941 жылғы 27 қыркүйектегі Ақмола облыстық партия комитеті мен облыстық Жұмысшылар Депутатары Кеңесі атқару комитетінің бірлескен қаулысында  Кеңес Одағының орталық аудандарынан 36 мың неміс ұлтының адамдарын Ақмола облысының аудандарына көшіріп жайғастыру туралы айтылған. Жергілікті басшыларға осы науқанды орындау үшін нақты тапсырмалар берілген. Барлық жеке істерде өмірбаян, өтініштер, кепілдік, кешірім беру, билік органдарымен хат жазысу, шектеу шаралары сияқты қағаздар кездеседі. Әрбір істе адамның толық аты-жөні, білімі, отбасы құрамы, жынысы, сотталғандығы мен партиялық жағдайы, мамандығы, қайдан, қашан көшу уақыты  толық тіркелген. Әзірге 377 іс сапалы сараптамадан өтті. Облыстық прокуратурада толық тізім бар, тиісті шаралар қазір атқарылып, сұрыптау жүріп жатыр. Қажетті жұмыстарды атқарғанда белгілі бір қиындықтардың орын алғанын да айтпай кетпеуге болмайды.                                                                                                                              Әрине, істердің көптігі, уақыттың қажеттілігі мен мамандардың жетіспеушілігі мыңдаған істерді толық қарауға мүмкіндік бере қойған жоқ. Құжаттардың кейбіреуінің ескіргенін, жазулардың көнергенін, парақтардың толық емес, ақпараттардың да аздығын, төте жазу мен латын ғарпіндегі мәтіндердің  бар екендігін ескеріп отырған дұрыс. Архивтерде жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері мен тәртіптері бар, кейде қолайсыздық та туып жатады, зерттеушілер мен мұрағат, тиісті органдардың үйлесімді, бірлесе жұмыс атқарғандары дұрыс болар еді. Сонда нәтижелі де тиімді ой-пікірлер жасауға болар еді. Ең бастысы ғалымдарымыздың ескергені ол – әрбір істің астарында адамның тағдыры, өмірі, үлкен трагедияның бар екенін ұмытпау. Зерттеушілер әрбір істі кәсіби және этикалық әдепті сақтай отыра өте мұқият та терең қарауға тырысты.

Қыруар жұмыстар атқарылды. Маңызды да тарихи сабақтастығы  терең осы жобаны іске асыру үшін университет ішінен арнайы Жобалық Кеңсе ашылды. Оны саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, белгілі саясаткер, заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов өзі келіп  тұсауын кесті. Ректорымыз Марат Сырлыбаевтың да көрсеткен қолдауын айтып өткеніміз жөн. Арнайы 5 ғылыми-зерттеу экспедициялар,бір халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды, республикалық деңгейдегі 11семинарға, бірнеше форумдар мен алқалы жиындарға қатысып, онлайн лекциялар өткізілді. Екі мәрте республикалық, бес рет облыстық газеттерде мақалалар шықты. Бейне фильм түсірілді. «Хабар», «Қазақстан» арналары және облыстық телеарнада төрт рет тақырыптық  көрсетілім өтті. Ең танымал Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде 35  рет жарияланым болды. Саяси қуғын-сүргін науқанын жастардың қаншалықты білуі ,тарихи тағылымы туралы сауалнама да өткіздік. Зерттеу барысында орталық архивтермен, белгілі ғалымдармен, басқа өңірлердегі әріптестермен, жергілікті ауыл әкімдері, тарихшылар мен өлкетанушылар, сол зұлмат жылдар куәгерлерімен тығыз байланыс орнатылды. Ұсыныстар да жоқ емес. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы қуғын-сүргін құрбандарына арнап Көкшетау қаласында  мұражай ашуды тапсырғанды. Облыстық өлкетанушылар бірлестігі ашылды, осы тақырып бойынша жас ғалымдар,магистранттар мен студенттер дипломдық жұмыстар жазуды қолға алды. Тың тақырыптарға жобалық тапсырыс берілді. Алдағы уақытта жазалау лагерьлері мен ату орындары болған жерлерге тарихи ескерткіштер, белгітастар қойылып, танымдық туристік маршруттар ұйымдастырылса. Келешекте осындай нысандардың сакральді картасы жасалса деген де ой бар. Атқарылатын міндеттер баршылық. Өңіріміздегі ізденіс, зерттеу шараларын одан әрі жалғастыруымыз қажет- ол біздің тарих алдындағы, азаттық азапкерлерінің алдындағы, азалы жылдар қасыреті алдындағы борышымыз болмақ!

 Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,

ғалым тарихшы, Ақмола облысындағы қуғын-сүргін  құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның координаторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар