Дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша алдамыз

Ақмола облыстық мәслихатының жетінші шақырылымының кезекті он бесінші сессиясында өңірдің аргоөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу саласының жай-күйі және оны одан әрі дамыту міндеттері, сондай-ақ, 2022-2024 жылға арналған облыс бюджетіне өзгертулер енгізу мәселелері қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, сөз сөйледі.

Сессияны облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан ашып, жүргізіп отырды. Оған облыстық мәслихаттың депутаттары, қалалар мен аудандардың әкімдері және мәслихат хатшылары, басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты. Күн тәртібіне сәйкес алдымен, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасым Итқұсовтың агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу саласының жай-күйі және оны одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер  туралы баяндамасы тыңдалды. Ақмола облысы ірі аграрлы өңірлердің бірі болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына ерекше назар аударылуда. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 73 кәсіпорын бар. 2021 жылы қайта өңдеу кәсіпорындары 141,6 миллиард теңгеден астам сомаға тамақ өнімдерін өндірген. Былтыр 81,9 тонна ет, 104,6 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылғы көрсеткіштер әлдеқайда өскен. Ет өндірісі бойынша облыста құс етін өңдеу алдыңғы орында болса, сүт өңдеуден Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданы көш басында. Баяндамашыдан кейін жарыссөзге шыққандар қайте өңдеу саласын дамытумен қатар, малдың терісі мен жүнін өңдейтін кәсіпорындарын ашып, олардан шикізат өндіру мәселелері жөнінде ұсыныстарын айтты, мұның арқасында қаншама жұмыс орындарының пайда болатыны белгілі.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан мәслихат жұмысы туралы есеп берді. Өткен есептік кезеңде облыстық мәслихат 12 кезекті, 8 кезектен тыс сессия өткізіп, 77 шешім қабылдапты. Былтыр депутаттар облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін 600-ге жуық мәселені шешуге ұсыныстар жіберіп, оның 42 пайызы, яғни 246-сы оң шешімін тауыпты. Сонымен бірге, жиында алдағы 3 жылға жоспарланған бюджет жайы, депутаттар жетекшілік ететін комиссиялардың жұмыстары талқыланды. Бұдан әрі Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына осы уақытқа дейін республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төраға кеңесшісі болған Қанат Есмағамбетов тағайындалды.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың «Ақмола облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгертулер енгізу туралы баяндамасынан кейін 2014-2019 жылдар аралығында қабылданған бірнеше шешімге  өзгертулер енгізілді.

Облыстық мәслихаттың кезекті сесссиясының қарауына енгізілген сұрақтарды қарау аяқталған соң, облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер туралы ақпарат берді. Алдымен жыл басында елде орын алған «қаңтар қасіреті», көршілес Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстардың біздің елге әсері жайлы атап өтіп, облыстың өткен жылы қол жеткізілген әлеуметік-экономикалық көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.

– Жалпы, 2021 жылдың қорытындысында өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттар бойынша ауыл шаруашылығы саласынан басқасында өсудің оң қарқыны байқалады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 пайызға артып, тарихта бірінші рет 1,1 триллион теңгеден асты. Бұл көрсеткішпен аймағымыз Қазақстан бойынша 5 орынға табан тіреді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 200 миллиард теңгеге дейін артып, еліміз бойынша 4-інші орынға тұрақтап, өнеркәсіп өндірісі бойынша 5-інші сатыда тұрмыз, –дей келе, облыс әкімі дамудың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін орындау бойынша облыс республикада бірінші орынға шыққандығына назар аударды. –Инвестиция – экономиканың қаржылық тұрақтылығының маңызды кепілі. Қазіргі уақытта көрші елдерде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, инвестиция тарту мәселесі өте өзекті. Өткен жылы облыс экономикасына 9,8 пайыз өсіммен шамамен 500 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Сонымен бірге, облыс басшысы өткен жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңір диқандарының жақсы өнім жинағандығын тағы бір атап өтті. Былтыр гектарынан 9 центнерден өнім алып, 4,1 миллион тонна астық жиналыпты. 2022 жылы Ақмола облысын дамытуға арналған міндеттерді айтып берген аймақ басшысы көктемгі дала жұмыстарына шамамен 19 миллиард теңге бөлінетінін,  халықты баспанамен қамту үшін 36 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілетіндігін тілге тиек етті. Жол құрылысы, ауыз сумен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының бірқатар өзекті мәселелерін көтере келе, өңірдегі көктемгі су тасқынын алдын алу шараларын пысақтады. Наурыз айының үшінші онкүндігінде халықтың қауіпсіздігін қамту мақсатында төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті жерлердегі өзен-көлдерде мұздарды жару секілді іс-шараларды бастайды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар