Үздік спортшылар марапатталды

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Ақмола облысының спорт тарландары» облыстық форумына қатысып, өздерінің кәсіби шеберліктерімен биік белестерді бағындырған еліміздің үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын құттықтап, марапаттады. Ұлыстың ұлы күні –наурыз мейрамы қарсаңында өткен шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, үздік спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» сайыпқырандарды қанаттандырып, жігерлендірген форумды Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы өз өнерлерімен көркейтіп жіберді десе болады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз кезегінде ең алдымен жиналған жұртшылықты келе жатқан ырыс пен берекенің бастауы – Наурыз мейрамымен құттықтады.

–Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық мейрамы, ынтымақ пен бірліктің, ырыс пен берекенің бастауы. Осы мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа Жолдауын жолдағаны бекер емес, –дей келе, әкім үздік спортшылардың жетістіктері мен бағындырған белестеріне тоқталып, мұның жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатындығын атап өтті. «Қаңтар қасіреті» оқиғасы кезінде де спортшыларымыздың өз еріктерімен халық жасағын құрып, ел тыныштығын сақтауға қол ұшын бергендері үшін алғысын жеткізді.

Біздің спортшылар жылды жемісті аяқтады. Жас ұрпақты спортқа баулу мақсатында өңірдің бірқатар аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды және салынып жатыр. Өңір спортты дамытуға қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге ақ алғыс білдірді. Биыл спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырыстарға 1 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты.

Марапаттау рәсімінде белсенді қоғамдық қызметі, төтенше жағдай режимі кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектескені үшін бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушы Мереке Жүсіпов «Құрмет» орденімен наградталды. Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылар Евгений Величко, Валерия Тюленева, Надежда Степашкина 250 мың теңгенің ақшалай сертификаттарына ие болды. «Үздік спортшы» аталымына ие болған  Әлем, Азия чемпионы Дина Жоламанға 1 миллион теңге сыйақы табыс етілді. Сол сияқты, былтыр бокстан әлем чемпионы атағын жеңіп алған, оған қоса Азия чемипоны Теміртас Жүсіпов «Үздік спортшы» аталымына ие болды. Марапатталған спортшылар мен жаттықтырушылар арасында сондай-ақ, Паралимпиада чемпионы Давид Дегтяров, атақты жаттықтырушылар Александр Высоцкий мен Қуанышпай Қоқышев бар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар