Наурыз мерекесімен құттықтады

Науырыз мерекесі  қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы «Үміт- Шаңырақ» пансионат-үйіне барып, ондағы қарияларды Ұлыстың ұлы күнімен, әз-Науырыз мерекесімен құттықтап, оларға денсаулық тілеп, сый-сияпаттар ұсынды. Пансионат басшыларымен, қызметкерлерімен тілдесіп, жұмыстарының барысын, жоқ-жітіктерін білді. Өңір басшысы қариялардың пікірлеріне, өтініш-тілектеріне құлақ түріп, әңгімелерін тыңдады.

-Сіз біз сияқты қаріп адамдарды ешқашан ұмытпайсыз. Жылма-жыл мереке қарасаңында келіп, құттықтап, сый-сияпат жасап кетесіз. Сол үшін сізге көп рахмет. Біз сіздің қолдауыңызды, қамқорлығыңызды сезінеміз. Жұмысыңыз жемісті болсын!- деп әкімге баталарын жаудырды пансионат тұрғындары.

Сол жерде жабырқаған жандарға шағын концерт те ұсынылып, мереке күндері олардың көңілдері бір көтеріліп қалды.

Одан кейін Е.Маржықпаев тыл еңбеккері, 105 жастағы Әлиева Сәлима әжейдің шаңырағына кіріп, көктем мерекесімен құттықтап, құрметтеп комзол кигізіп, ақ орамал тарту етті, гүл шоғын ұсынды. Өңір басшысының бұл ілтипатына риза болған әжей оған өзінің өмір жолын әңгімелеп берді.

-Ерім Ұлы Отан соғысына аттанды. Мен ата-енемді күтіп, ел қатарлы майдан үшін еңбек еттім. Үлкендер балаларының, мен азаматымның елге қайтуын жалбарынып тілеуші едік.  Алла сақтап, ол аман оралды. Тату-тәтті күн кештік.  Екеуіміз 12 бала сүйдік.

Мен қазір немерем мен келінімнің қолында отырмын. Бұларға ризамын, күтімім жақсы!-деген кейуана әкімге «Ел тыныш, бастарың аман болсын, жақсылықтарың жүйрік, пәлелерің шабан болсын!» деп ақ батасын төкті.

Келесі кезекте өңір басшысы Қазақстан Темір жолы ұлттық компаниясы Көкшетау бөлімшесінің вокзал алаңына тіккен киіз үйлеріне тоқтады. Ол жерде өзін қаумалаған теміржолшылармен, осы саланың ардагерлерімен амандасып, амандық-саулық сұрасып, оларды Науырыз мерекесімен құттықтады.

-Сіздерге артылған жүк көп, жұмыстарыңыз аса жауапты. Облыс, еліміз экономикасын дамыту үшін темір жол тасымалының сапалы, үздіксіз қызмет істеуі керек. Сіздер осы міндеттеріңізді абыроймен атқарып келе жатырсыздар. Еңбек ардагерлерінің жас жұмысшы-қызметкерлерді баулудағы, олардың тәжірибелерін толықтырудағы рөлі өте зор. Темір жолда ұрпақ сабақтастығы, әке жолын қуу, аға жолына түсу деген қастерлі ұғым бар екендігін білемін. Осы ауызбірліктен айырмасын, істеріңіз берекелі болсын!- деп аяқтады құттықтау сөзін, әкім.

                                                           Серік Сапарұлы,

                                               «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар