Ұлыстың ұлы күні  ұлықталды

Наурыз мейрамына орай, Ақмола облысының барлық аудандары мен облыс орталықтарында  бір мыңнан астам әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыс орталығы Көкшетау қаласында «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы» атты тақырыпта «Абылай хан» және «Тәуелсіздік» алаңдарында театрландырылған көріністермен әспеттелген әдемі мерекелік концерт болып өтті. Үздік көркемөнерпаздар ұжымдары мен өнер жұлдыздарының орындауындағы әуелеген әндер мен күмбірлеген күйлер, шұғылалы билер, ұлттық дәстүрімізді паш ететін көркем көріністер, жиналған қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан ақмолалықтарға «Парасат», «Құрмет» ордендерімен «Шапағат» медалін табыс етті.         

– Наурыз халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басына санаған жасампаз бірлік пен береке мейрамы. Халқымыз жыл басын табиғаттың оянуы, жаңаруы деп есептеп, береке мен молшылықтан үміт еткен. Наурыз мейрамының тарихы тереңде. Наурыз – бүкіл ұлтқа ортақ мейрам. Ал, барша Қазақстан халқы үшін биылғы мерекенің мәні ерекше. Ұлыс күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа маңызды Жолдау ұсынды. Онда айтылған қажетті саяси реформалармен қатар ел Президенті рухани-экономикалық бастамаларды көтерді, – дей келіп, өңір басшысы Жолдауда айтылған маңызды мәселелерге тоқталып өтіп, алдағы міндеттер мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де хабардар етті. Бұдан кейін елімізге еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.

Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының құрметті азаматы Шияп Әлиев «Парасат» орденімен, «Транстелеком» акционерлік қоғамының «Көкшетаутранстелеком» филиалының басқарушы директоры Дәулетхан Тоқтарұлы «Құрмет» орденімен, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белгілі боксшы, Қазақстан Республикасының қоян-қолтық спорт түрлерінен еңбек сіңірген бас жаттықтырушысы Мереке Жүсіпов «Құрмет» орденімен, «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Катухова «Құрмет» орденімен, Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілерді қолдау орталығы фронт-офисі бөлімінің басшысы Дастан Ермеков «Шапағат» медалімен марапатталды.

Наурыз мейрамы қарсаңында Көкшетау қаласында шаңырақ көтерген алты жас отбасы да осы салтанатты шараға қатысып, мерекелік шараның ажарын аша түсті. Облыс әкімі жас жұбайларға  естелік сыйлық табыс етіп, жылы лебізін білдірді.

Ақжарма тілекпен алаңға жиналған алқа қауымның назарына Ақмола облыстық мәдениет, архивтер  және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен сегіз эпизодтан тұратын театрландырылған қойылым көрсетілді. «Сүйінші», «Құдіретті жер-Ана!», «Қыдыр баба», «Көкшетау – сал-серілер мекені», «Ақ дастархан», «Ару көктем», «Бақытты балалық шақ», «Алтын шаңырақ» атты көріністерде ұлтымыздың ұлылығы, ұлттық құндылығы, ұрпақ сабақтастығы, өнегесі мен өнері паш етілді. Халық даналығы, адамгершілік мұраттар, отбасы мен өскелең ұрпақтың тәрбиесімен сақбақтас салт-дәстүрлер, еліміздің көне тарихымен мәдениетінің жарқын үлгісі екендігін осы көріністерден-ақ аңғаруға болады.

Сонымен қатар, алаңда қазақша күрес, арқан тартыс, гір көтеру және тағы басқа спорттық ойындар өткізілді.

Қаз-қатар тігілген  ақшаңқан киіз үйлерде халық назарына музей жәдігерлерімен қоса, қолөнер шеберлерінің ұлттық нақышта жасалған бұйымдары, жергілікті суретшілердің туындылары, облысымыздың киелі жерлері туралы ақпараттар, М.Жұмабаев атындағы  облыстық әмбебап-ғылыми кіапханасы қорындағы сирек кітаптар ұсынылды.         Көктемнің қытымыр суығына, өңмеңінен өтетін өкпек желіне қарамастан, ән ырғағымен жарасымды билеген бишілер салтанатқа сән беріп,  спорттық ойындардың түр-түрі думан көрігін қыздырды. Алқа қауымға ақтан ауыз тигізіп, Наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынған қызғалдақ қыздар мерекенің ажарын аша түсті.

Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің мейрамы. Ақмолалықтар арқа-жарқа болып қарсы алған Наурыз мерекесі өз жалғасын тауып, өңіріміздің елді-мекендері мен аудан орталықтарында, қаланың әрбір мөлтек ауданында мобильді концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар