Анадан қымбат жан бар ма?!.

Перзентке жұмсаған бұла күшін,
Ана – ырыс, бақ – дәулет, жұбанышың.
Көкбөрінің тегінен тарағандар,
Құтты болсын бүгінгі қуанышың!

Біз үшін әлемде үш шуақ бар: біріншісі – күн шуағы, екіншісі – даналық шуағы, ал,  үшіншісі – ол анамыздың шуағы. Бізге мейірім мен нәзіктік анамыз Күлзира Мағжанқызынан дарыды.  Ол біз үшін сұлулық пен тазалық символы ғана емес, сонымен қатар, тіршілігіміздің тірегі, отбасымыздың, тіпті Баймырзиндар әулетінің  берекесі деп айтсақ қателеспейміз.

Әкеміз Шахма ат жалын тартып мініп, азамат болғалы білімділігін, парасаттылығын, рухани биіктігін байқатқан өмірлік қағидасы бар азамат еді. Оның арғы-бергі ата-бабасы тектілер болатын. Тәрбиені сол тектіліктен іздеген әкеміз де өте парасатты кісі еді. Өте мәдениетті адам болатын. Менмендік, тәкаппар қылықтан ада, қандай  игі істер атқарса да, ешкімге міндет артпай, заманына сай адал еңбек етті.

Иә, адам бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Фәни дүниені тәрк етіп, әкеміздің ғұмыры үзілгенмен, артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері қалды. Ол мәңгі жүрегімізде сақталады.

Бұралаң, бұлтарысы көп асау өмір қай адамды болмасын талай сынаққа салары сөзсіз. Алайда тумасынан қайратты, жігерін жанып өскен анамыз Күлзира мұндай қиындыққа мойымай, керсінше күресумен келеді.  Шаңырақтың алтын тұғыры атанған әкеміз бен анамыз 60 жыл бірге ғұмыр кешті. Жақсы жар болды.

Жасы жиырмадан сәл асқан қаланың сәнқой жас қызы сонау 1954 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология кафедрасын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша аяқтап,Зеренді ауданына қарасты Қараөткел ауылына жұмыс істеуге барған сәтінде сол ауылға дана келін боламын деп ойлады ма екен? Әкеміз бен анамыз  отау құрғаннан кейінгі өмірлерінде болған қызықты жайттарды үнемі  естеріне алып айтып отыратын. Сол кезде біздер оларды ұйып тыңдайтынбыз.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар демекші, анамыздың төркінімен таныстыратын болсақ, әкесі Мағжан Омаров 15 жасында еңбекке араласып, өз кезеңінің озық адамы, жаңа заманның алға басуына өлшеусіз үлес қосқан дарынды ұйымдастырушы, қоғам қайраткері болды. Түркістан-Сібір темір жолын салуға атсалысты, комсомол жұмысын жандандыруға үлес қосты, ұзақ жылдар бойы қарамағында 41 колхоз, 4 ірі совхоз, 3 МТС болған Қима ауданын басқарды.

Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» атты трилогиясының үшінші кітабында бала Мағжанды «пысық, қала жайын жақсы білетін, орыс тіліне жетік» деп суреттейді. Сіздер Мағжанның Сәбитке қандайқатысы бар деп ойлап отырған шығарсыздар? Оның мәнісі мынада –Сәбиттің әкесі Мұқан мен Мағжанның әкесі Омар төртінші атадан қосылады екен. Кітапта жиі тілге тиек болатын Жампейіс біздің Мағжан атамыздың туған ағасы.

Анамыз оны мақтан тұтып айтып отырады. Сәбит атамыз үйде қонақта болып, үлкен ағамыз Еркіннің аузына түкірген екен. Анамыз осы күнге дейін ағамызға «Сенің жаман болмай өскенің сондықтан»–деп әрдайым айтып отырады.

Шешесі Мәриям апамыз өте сауатты қазақ әйелдерінің бірі болды. «Еңбек туы» газеті редакторының орынбасары, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мәриям апамызды біз әрдайым жігерлі, әділ адам ретінде есімізге алып отырамыз.

Қазіргі таңда анамыздың Роза, Әсия атты екі сіңлісі өкшелеп ізін басып келеді. Роза Мағжанқызы Көкшетау облыстық атқару комитетінде, облыс әкімшілігінде абыройлы еңбек етсе, Әсия медицина саласында жұмыс істеді.О дүниелік болған бауырлары Болат, Қуат және ең кіші сүйікті сіңлісі Әлия мен күйеу баласы Марат мәңгілік есімізде.

Әкеміз өзі қызмет істеген Зеренді ауданына қарастыҚараөткел, Қошқарбай, Кеңөткел мектептерінде өмір бойы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ берсе, анамыз өне бойы орыс тілі мен орыс әдебиетінен дәріс  берді. Әкемізбен бірге жылдар бойына ұстаздық етіп, бір адамға жететіндей абырой-алғысқа бөленіп, жасының ұлғаюуына байланысты зейнеткерлікке шықты.

Шахма әкеміз бен Күлзира анамыз балаларының ертеңін елең – алаңнан ойлаған жандар. Сондықтан болар, балалары мамандық таңдауда жаңылған жоқ. Отбасы – Отанның кішкене мекені деген ұғымды үнемі жадында түйді.  Бұл, әрине ұрпағының отбасылық өміріне берген өнегесі болар. Бүгінде олардың үш ұлы бір төбе, үйлі-баранды. Төрт қызын да  қияға қондырды. Қазіргі күні осы қасиетті қара шаңырақтан 7 бала түлеп ұшып, 19 немере, 27 шөбере өрбіді.

Анамыз отбасының үлкені, әжесінің тәрбиесін көріп өскен, сондықтан да болар, әкеміздің шаңырағына, Баймырзиндар әулетіне тастай батып, судай сіңіп отырған киелі ана, ардақты әже.

Соғыс жылдары шешелерінен ерте айырылған әкеміздің бауырлары Ташкен, Жанайдар, Жамбылдарға қолғанат болып, оларға әрдайым тірек болды. Әкеміздің туған інісі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жанайдар Мусин ағамыз анамыздың тәтті тағамдарынан дәм татуға апта сайын келетін. Сонда Жанайдар ағамыздың біздің үйге ана мейірімін аңсап келетінін жаңа түсінгендейміз. Екінші шешейден тараған Мусиндер әулетінің алты баласына екінші ана болды десек қателеспеспіз.

Біздің жүрегімізді жарып шыққан бар ізгі тілегіміз өміріміздегі  ең қымбатты да ардақты жан – ана, өзіңізге арналады. Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, қанаттыға қақтырмай осы күнге жеткізгеніңіз үшін біз мәңгі қарыздармыз. Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, «айналайын» деп маңдайымыздан емірене сүйіп, еркелеткен үніңізден артық біз үшін ешнәрсе жоқ. Анашым, жүзіңізден шуақ кетпей, біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз. Тоқсан жастың жырға толы күндері көп болсын!

Шахма әулетінің балалары:

Еркін, Серік, Раушан, Гүлнар, Гүлжан, Сакен, Тәния

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар