«Алло, мама…»

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры Б.Абдураззақовтың «Алло, мама…» деп аталатын драмасын сахналады. Басты рөлдерде – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова  мен  Еркебұлан Төлеуов. Қоюшы режиссері Тасқын Мәжитов.

…Бір ғана ойдың жетегінде, бір ғана әсер-сезімнің үстінде, толқын-толқын тебіреніс легі алма-кезек ауысып, толқып отырып көруге , жан дүниеңмен сырласуға моно- спектакль жанрындағы қойылымдар қолайлы. Алайда, бұл жерде актер шеберлігі сынға түседі. Ол көрерменін баурап, сөзіне иландырып, үйіріп әкетуі керек. Міне, бүгінгі қойылған драма сол талаптар деңгейінен шыға алды.

Сахна екіге бөлінген. Бір бөлмеде баласын күткен, сағынған, тілеуін тілеген ана, екінші бөлме – кабинет, қызметі бастан асқан, күндегі тіршілігімен әуре, бастық бала. Үйдің отағасы, баланың әкесі тым ерте өмірден өткен. Ана байғұстың осы баласынан басқа кімі бар? Телефон арқылы болса да баласына бар сырын айтып, өткен-кеткенді еске алып, сөйлескісі келеді. Оның ұзақ әңгімесін тыңдап отырар бастық-баланың уақыты бар ма? Кейде анасының әңгімесін үзіп, тиып тастауға мәжбүр. Оған бөгет болмауды ойлаған ана байғұс оның өзінен қоңырау күтеді. Ол болса, ұмытып кетеді, жұмысбасты. Тағы күту, тағы уайым…

Осындай, ана мен баланың қарым-қатынасы, әрқайсының өз жасына, өмірден көрген-түйгеніне орай айтар пайымдары көрерменін тебірентпей қоймайды. Сахнадағы әңгімені тыңдап отырып, әркімнің өз анасын, өз баласын ойлап, екеуара тілдесуін, сыйластығын, өкпе-ренішін еске алары сөзсіз. Қойылымның мақсаты да осы емес пе? Көрерменге ой салу, ойланту, жастарға ананың қадірін білуді, оның арман-тілегін түсінуді үйрету. Одан әрі тереңдей берсек, мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мәні не?! Өтпестей көрер, сынаптай сырғып өтіп бара жатқан өмірде қимастарымызды қадірлей алып жүрміз бе? Көңіл ше? Ата-анамыздың көңілін қалдырып жүрген жоқпыз ба? Олардың біз үшін жасаған жақсылықтары аз ба еді? Кәне, есімізге түсірейікші…

Тәжірибесі мол, талантты актриса Жанар Құсайынованың көрерменді тәнті еткені бір бүгін емес еді. Дауыс ырғағы, жүрек лүпілі, интонация иірімі, мимика дейсіз бе, қалай болса да ол көрерменіне ана көңіл-күйін қалтқысыз жеткізе алды. Тіпті, сөзбен айтылмаған ішкі дүниесінің терең сырларын да қимыл-әрекетімен сахнаға көз тіккен көрермен кеудесіне қонақтата білді. Бұл шеберліктің өресін ұзақ әңгімелеуге, арнайы тоқталуға болар еді.

Ал, оның сахнадағы әріптесі Еркебұлан Төлеуов жас актер. Жас та болса бірқатар басты рөлдерді сомдап, өз өнерінің олқы еместігін дәлелдеп үлгергендей. Әрине, театрдағы Жарас, Төлеубек, Қайрат, Медет сияқты саңлақтардан әлі де  үйрене түсер, толыға түсер. Алайда, оның қазіргі қадамының өзі  қуанып, қол соғарлықтай. Оның эмоциясы, сыртқа тепкен күш-қуаты, шиыршық ата ойнауы үлкен ізденістерінің ізін аңғартады. Еркебұлан болашақта талғамды көрерменін әлі талай қуантар.

«Алло, мама…» драмасы алғашқы қойылымынан-ақ, көрерменін тебірентіп, толғантып, ойға бөктіріп, сәтті өтті. Демек, алда алар биігі көп болар деп түйдік. Өйткені, көтерген тақырыбы ешқашан көнермес, ұмытылмас, суымас тақырып қой. Ананы  құрметтеудің ерте-кеші бар ма, ананы қалай құрметтесең де артық болмайды емес пе?…Анаға деген сағыныш басылар ма? «Бақыт-ананың аяғының астында» демей ме?…Алло, мама!..

                                                                                        Серік Сапарұлы,

                                                                                        «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар