Тасқынға тосқауыл қойылуда

Қызыл судан қасіретті көп көрген өңір биыл етек-жеңін жинақы ұстап, дайындық жұмыстарын үдете түсуде. Қазір өңірдегі су көздері күні-түні қадағалануда. Қардың еру қарқыны да ескерілуде.

Көктем туа қамданғанымен, әлі де болса елді мекендердің ішіндегі қасат қар тау-теңіз. Күрт ерісе еңістегі тұрғын үйлер мен ауылішілік жолдарды қызыл судың басып қалуы әбден мүмкін. Қазір елді мекендердің ішін қардан тазалау жұмыстары қауырт жүргізілуде.

Целиноград ауданындағы ауылдардан бір күннің ішінде мың текше метрден астам қар шығарылды. Әр күн сайын жергілікті атқарушы билік ауыл ішіндегі соқталанып қалған қарды шығарып, еріген су өтетін жылғаларды тазартып, көлкіген қызыл суды техника арқылы сорып алып, адамдарға бөгеті жоқ ойпаң жерлерге ағызып жіберуде.

Ақмол ауылындағы Гагарин, Черемушки, Исенов көшелерінде жиналып қалған қар суы насостармен сорылып алынды. Осындай жұмыстардың арқасында жаяу жүргіншілер жүретін жол біршама құрғақ әрі ылдидағы тұрғын үйлерге қауіп төнбейді. Қабанбай батыр ауылындағы Нұра көшесінің бойына қар суы жиналып қалған болатын. Бұл жерден 140 текше метр су сорылды.

Қызылжар ауылындағы еріген қар суы жиналатын каналдың күл-қоқыстан тазартылып, судың жолы аршылды. Еріген қар суын Нұра өзенінің аңғарына бағыттау үшін шамамен алғанда 60 метрге жуық жыраның бойы тазаланды.

Талапкер ауылындағы Бөгенбай батыр көшесінің бойынан еріген су шығарылды. Қажымұқан, Баршын көшелерінің қос қапталынан 550 текше метр қар шығарылып, елді мекен сыртындағы ойпаң жерлерге жеткізілді. Қарөткел ауылын да қызыл судан қорғау жұмыстары мұқият жүргізілуде.

Өңірде дәл қазір өзендердің бойындағы мұз жарылып, ағын су кептеліссіз өтетін мүмкіндік жасалуда. Наурыз айының соңынан бастап қолға алынған осы жұмыс біршама қарқынды жүргізілуде. Р.Қошқарбаев, Қабанбай батыр, Тайтөбе, Ақмол, Қараөткел тәрізді ауылдық округтердің жанындағы Нұра өзенінің арнасының оннан астам телімінде мұз жару жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Ауыл тұрғындары жалпыға ортақ жұмысқа жұмылдырылған. Төтенше жағдай қызметіндегілер көктемгі су тасқынын алдын алу үшін қауіпті жерлерді ұдайы қадағалауда. Осылайша ел болып тасқынға берік тосқауыл қойылмақ.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар