Геологтар күні аталып өтті

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов 3 сәуір – Геолог күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, осы саланың бір топ таңдаулы қызметкерлеріне түрлі марапаттар тапсырды.

Салтанатты шараға геологияның әртүрлі саласында қызмет істеп жүрген мамандар, сондай-ақ, бүгінгі күні зейнет демалысындағы еңбек ардагерлері қатысты. Шара үстінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов геологтар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Жер қойнауының барлау үздігі» төсбелгілерімен,  Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Мереке күні марапат алғандар қатарында еңбек ардагері Е.Қапышев, өз ісінің шеберлері, жауапты қызметкерлер, мамандар Е.Абдрахманов, Е.Қарамендин, Е.Махмутов, тағы басқалары бар.

–Сіздер жер қойнауынан қазба байлықтарды тауып, облыс және  еліміз экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатырсыздар. Осы жауапты жұмыстарыңызды табысты жалғастыра берулеріңізге тілектеспіз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деп аяқтады сөзін Қанат Ыдырысов.

Әріптестерін Галина Пятова, «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының президенті Сансызбай Хаметов құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

–Тоқсаныншы жылдары басқа салалар сияқты геология саласына да оңай болған жоқ. Бірақ, біздің мамандыққа адамдар үлкен арманмен, мақсатпен келеді. Сондықтан, қиын болса да ешкім жұмысын тастап, басқа кәсіпке ауысқан жоқ. Ал, бүгінгі таңда жаңа әдіс-тәсілдермен, ғылым жетістіктерімен, озық жабдықтармен жұмыс істеп жатқан геологтар өз істерінің майталмандары. Мен олардың жұмыстарына әрқашан тілектеспін! – деді осы шарада сөз алған еңбек ардагері Галина Пятова. Салтанатты жиын шағын концертпен аяқталды.

                                               Серік САПАРҰЛЫ,

                                               «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар