Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұғыры биік азамат - АРҚА АЖАРЫ

Тұғыры биік азамат

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ұзақ жылдар сот жүйесінде жемісті еңбек етіп, қоғамымызда заңның орнығуына ерекше үлес қосып келе жатқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Сарманқұлұлы Әмірдің асқаралы 60 жасқа толуына арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне қошемет көрсетті.

Жасынан сот саласында қызмет атқарып, қара қылды қақ жаратын тура бидей әділдігімен ел арасында кеңінен танылған, еңбек жолында бірталай биік белестерді бағындырған Досжан Әмірді көпшілік көрнекті қоғам қайраткері, ғұмырын ел болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Ол 1962 жылы 6 сәуірде Жамбыл облысының Свердлов ауданы, Чапаева совхозында дүниеге келген. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 1989 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Темирязев аудандық сотының судьясы болып бастаған. 2017 жылы Ақмола облыстық сотының төрағалығына тағайындалғанға дейінгі аралықта ол Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, Қарағанды облысының Теміртау қалалық сотының судьясы, Жамбыл облыстық сотының аппеляциялық алқасының төрағасы, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып келді. Бүгінде Ақмола облыстық сотының төрағасы ретінде күш-жігерін аямай, еңбек етуде.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты жиында өз ісінің майталманы, көрнекті қоғам қайраткері әрі мемлекеттік тілдің үлкен жанашыры Досжан Әмірді асқаралы алпыс жасымен құттықтап, ақжарма ақ тілегін ақтарды.

–Терең білім мен жинақталған тәжірибенің нәтижесінде сот саласында көп жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келесіз. Бүгінде Ақмола облысының, әсіресе, Көкшетау қаласының тұрғындары сізді патриоттық сезімге, азаматтық ұстанымға берік азамат ретінде құрметтейді. Сізді өмірден тоқығаны мол, өз кәсібін жетік меңгерген кемел ойлы басшы ретінде жақсы білеміз. Сіздің тікелей қолдауыңызбен облыстың бірқатар көшелеріне елге танымал би-шешендердің есімдері берілді, –деп атап өтіп, өз атынан Алғыс хатын тапсырды.

Салтанатты шарада мерейтой иесін асқаралы жасымен құттықтап, жолданған жедел хаттардың мазмұны паш етіліп, жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген толассыз құттықтаулар арасында ҚР Президенті Әкімшілігінің аппарат басшысы Мәлік Мырзалиннің, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың жылы лебіздері оқылды.  Ақмола облысы бойынша судьялар одағының төрағасы Бейбіт Нұржанұлы мерейтой иесінің иығына жібек шапан жапты. Сонымен бірге, облыстық ардагер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстың бас прокуроры Айдос Майлыбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің төрағасы Сәндібек Қасенов Досжан Әмірдің еңбек жолы мен азаматтық қасиеттері туралы өздерінің игі ойларын білдіріп, ақ тілектерін жеткізді.

Досжан Сарманқұлұлының білімділігі мен талапшылдығының арқасында сот саласында атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, сот жүйесіндегі медиация тәртібін халыққа ыңғайлы қолдану керектігін, көреген ақсақалдардың арқасында екі жақты дауларды бітімгершілік арқылы шешуге болатынын түсіндіруде ауқымды шаралар атқара білді. Ол өзінің бір сөзінде: «Медиация біздің қазақ даласында сонау 17-19 ғасырларда кеңінен таралған. Сол кездерде кез-келген дау-жанжал біздің дана билеріміздің төрелігімен бітімгершілікпен шешілген. Бүгінде арамызда орақ тілді, от ауызды ақсақалдарымыз бар, сол кісілерді біз халық арасындағы дауларды шешуге белсенді қатыстыруымыз керек» деген болатын.

Қызмет жолында атқарған қалтқысыз еңбегі үшін Досжан Сарманқұлұлы «Құрмет» орденімен, үшінші және екінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», 25 және 30 жыл мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Досжан Әмірдің әділдігі, ұлтжандылығы, дәстүр-салтымызға жетіктігі, ана тілімізді ерекше қадірлейтіні әрбір ісінен айқын көрініп тұрады. Ол сот саласында да, облыстың қоғамдық өмірінде де өз орны бар, ел-жұрттың алғысына бөленіп жүрген беделі биік азамат. «Тілі бұзылған елде заң бұзылады, заң бұзылған жерде әділдік болмайды, әділдік болмаса істен береке кетеді» деген сөздер ол кісінің өмірлік кредосы.

Сот саласында қашанда өзін нағыз үлгі тұтатын азамат ретінде көрсетіп келе жатқан ол республикалық, облыстық сот жүйесінің қоғамдық және спорттық өміріне де белсене араласады. Басшылық пен ұйымдастырушылық қабілеті зор, кейінгі жастарға нағыз үлгі-өнеге боларлықтай тұлғаға біз де толайым табыстар мен еңбекте жеміс тілейміз.

Кеш соңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы өнерпаздары өнер көрсетті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар