Степногорск  қаласының тұрғындары қыстан қысылып шықты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Степногорск қаласын жылумен қамту жөнінде туындаған мәселелерді талқылауға арналған жиын өткізді. Степногорск қаласының тұрғындары жылуға жарымай отырғандықтары туралы жыл басынан бері дабыл қағуда. Ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан айларында ғана қала ішіндегі жылу желілері 397 рет жарылып, жүйенің жолы кесілген.

Ал, 2021 жылы жылу жүйесі 278 мәрте «сыр беріп» әбігерге салған екен. Оның үстіне жылу-электр стансасының қазандықтары да қайта-қайта істен шығып, діңкелеткен. Қыстың күні басқа қазандықты іске қосып, оның жылуы пәтерлерге жеткенше арада 10 сағаттай уақыт өтетін көрінеді.  Жылу берушілер мен тұрғындар арасында байланыс жоқ. Жағдай түсіндірілмейді. Тұрғындар не болып, не қойып жатқанын білмейді, қойған сұрақтарына жауап ала алмайды. Бәлкім, соның да салдары шығар, тұрғындар жылу үшін бүгінгі күні 1 миллиард 700 мың теңгедей қарыз. Жалпы, қаланың жылу жүйесінің 80 пайызының тозығы жеткен. Қысқаша айтқанда, мәселе осылай ушығып тұр. Облыс әкімі Степногорск қаласына барып, жылу электр стансасы жұмысын арнайы көріп, мамандар пікірін тыңдап, сараптамалармен танысқан. Кейбір мәселелер бойынша прокуратура тексеру де жүргізген.

Бүгінгі жиынға облыс әкімінің осы саламен айналысатын орынбасары  Малғаждар Тәткеев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Сәндібек Қасенов, Атом және энергетиканы қадағалау комитеті департаментінің жетекшісі Әділжан Үкпенов, «Степногорская ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігініңбас директоры Мақсат Ысқақов, осы серіктестіктіңакционері Владимир Сидельковский, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің директоры Досымжан Аралбаев, Степногорск қаласы тұрғындары атынан журналист Виктор Молодовский шақырылыпты.

Өңір басшысы алдымен сараптамалар көрсеткен кемшіліктерді алға тартып, жиынға қатысушылардың туындаған мәселе туралы ой-пікірлерін тыңдай келіп, «Степногорская ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің акционері Владимир Сидельковскийдің қалаға жылу беру мәселесін қалыпқа келтіру жөніндегі жоспарларын сұрады.

–ТЭЦ жұмысын жолға қоюға тырысамыз. Ол үшін қомақты несие алмақпыз. Тұрғындармен тығыз байланыс орнататын боламыз. Бізді тұтынушылардың аздығы, пайдаланған қызметіне ақы төлемеуі тежеп тұр. Тығырықтан шығаруға септігі тиетін тағы бір жол – екі майнинг фермасы. Олар шын мәнінде тіркелген, құжаттары бар. Солар үзіліссіз, кедергісіз жұмыс жасап тұрса, түсім айтарлықтай болады, – деген акционер болашақта жылу электр стансасы мен жылу желілерін жөндеудің  қолға  алынатынын айтты.

Степногорск қалалық «Престиж» газеті бас редакторының орынбасары, журналист Виктор Молодовский тұрғындар талап-тілегін жеткізіп, жасалып жатқан және жасалатын жоспарлар туралы тұрғындардың толық, дәйекті ақпараттар жетікізіліп тұруының қажеттігін баяндады. Өйткені, жылу берушілер тарапынан ешқандай мәліметтің берілмеуі, әлеуметтік желіде әртүрлі әңгімелердің таралуы тұтынушы мен қызмет көрсетушілер арасында түсініспеушілік туғызып, олардың төлем төлеуіне де кері әсер етіп отыр. 10 жыл бойы жылу желісінің жөнделмеуі және ауыстырылмауының салдарынан жүйенің жарамсыздығы 80 пайызға жеткен, енді қолға алынбаса, ол 100 пайызға жетпек. Істің құлдырағанын көріп, жылуды күте-күте тарыққан тұрғындар қызмет көрсетушілерге сенуден қалған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев бұл мәселені реттеу барысында «Степногорская ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне әкімшілік тарапынан көмек болатынын, қалаішілік жылу жүйесінің кейбір бөліктерін ауыстыруға, тағы басқа жұмыстарға қол ұшы берілмегенін, алайда, акционердің қажетті қаражатты тауып, күрделі жөндеуді шұғыл қолға алуы керектігін, тұрғындармен, жергілікті билікпен тығыз қарым-қатынаста, бірлесе қимылдау қажеттігін тапсырды.

–Кәсіпорын кімнің иелігінде болса да, қала және оның тұрғындары біздікі. Біз оларды жылусыз қалдыра алмаймыз. Сондықтан, бірлесе, жұмыла қимылдап, түзу жол тауып, мәселені шешуге тиіспіз, – деді өңір басшысы.

                                           Серік САПАРҰЛЫ,

                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар