Жылда қайталанатын жағдайға біржола тосқауыл қойылуы керек

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жыл сайын көктемгі су тасқынынан зардап шегетін астананың іргесіндегі Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында жұмыс сапарымен болып, осы елді мекендерде күні-түні қарғын судың келуімен күресіп жатқан құтқарушылардың арасында болды.

Қоянды ауылында 2200 үй бар. Бұл үйлер тақа суға кетпегенімен, қауіп әлі сейілген жоқ. Су бірнеше үйлердің маңына жетіп, ауланы шайып кеткен. Бір жақсысы олардың көбі әлі салынып жатқан үйлер, адамдар тек біреуінде ғана тұрады. Суды сорып алу осы іске жұмылдырылған 51 адамның және 30 техника, 30 мотопомпаның арқасында қарқын жүргізілуде.

Аудан әкімі Бақытбек Оспанов осы жағдайға байланысты бірнеше жұмыс отырыстарының өткендігін, өздерінің елордадағы аграрлық университеттің жерге орналастыру кафедрасына хабарласқандығын айтады. Ғалымдар картографиялық материалдарды, спутниктен түсірген суреттердің мәліметтерімен таныса келе, келелі кеңестерін берген. Жылда қауіп төндіретін бұл апаттан құтылу үшін канал құрылысын жүргізу керек. Ол ауылды тасқын судан сақтау проблемасын 70 пайыз шеше алады.

–Бұл мәселелерді шынында да шешуіміз керек. Жыл сайын қаншама адамдар мен қаржы осы жұмыстарға жұмылдырылып, бағытталуда. Бұл түбегейлі бір нәтиже шығармайынша жылда қайталана береді. Жол салынды, енді жолдың оң және сол жағаларында арық жүйесін жоспарлау керек. қарғын су шегінген соң, осы шаруаны қолға алмай болмайды, көмек керек болса, оны да береміз, – деді бұл орайда облыс әкімі.

Ермек Маржықпаев Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында, атап айтқанда, былтыр суда қалған №8 шағын ауданда да болды. Мұнда айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Шөгіп қалған жерлер бекітілген, қаптарды толтыру үшін инертті материалдар жеткізілуде. Ауылдық округтің елді мекендерінен 100 мың текше метр қар шығарылып, 17450 мың текше метр су сорылыпты, 100 метр канал тазартылып, 3 мың дана қап инертті материал төселген. Мұндай жұмыстар ауданның Қараөткел, Талапкер ауылдары мен Қосшы қаласында атқарылуда.

Облыс әкімі осы сапарында Есіл өзенінің арнасын  түзеу жөніндегі көлемді жобаны да сын көзінен өткізді. Жоба облыстық бюджеттің есебінен жасалып, айналмалы автожолдан Қажымұқан ауылына дейінгі аралықты қамтып отыр. Жұмыс 2021 жылдың шілдесінде басталып, өткен жылға ұйғарылған жұмыстар 17,5 шақырым көлемінде толық атқарылған. Енді экология, генология және табиғи ресурстар министрлігіне жұмысты аяқтау үшін 4,2 миллиард теңгенің бюджеттік жоспары жолданып отыр.

Ермек Маржықпаев сапар барысында Целиноград ауданының Софиевка селосындағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйінің жай-күйін де ой елегінен өткізді. Амбулатория 2021 жылдың аяғында іске қосылған. «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделген мәдениет үйі де жаңашылдығымен көз тартады. Нысандарды аралап көрген облыс әкімі ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Айдана СӘДУАҚАСОВА,

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар