Қар суынан Ерейменге қауіп жоқ

Негізінен, Ерейментау ауданында қар суынын зардап  шегеді-ау деген аумақта 11 елдімекен бар. Олар Ерейменту қаласы, Қызылту, Бестоғай, Байсары, Сілеті, Новомарковка, Еркіншілік, Олжабай батыр, Елтай, Өлеңті, Ажы ауылдары. Жалпы, ауданға төніп тұрған қауіп жоқ деп айта беруге болады, – деп мәлімдеді аудан әкімі Абай Әлжанов.

Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары ауданда жыл сайын жүргізіледі. 2020, 2021 жылғы сондай жұмыстар арқасында Олжабай батыр ауылында Кәрібай өзені жағасының 300 метр аумағын бекіту қолға алынып, жақын орналасқан үйлерді су алу қаупі жойылды. Ерейментау қаласында Қалқаман өзені тереңдетіліп, «Шахта» шағын ауданы маңайына су шықпайтын болды. Биыл төтенше жағдайлар туындай қалған күнде пайдалануға инертті материалдар дайындалды. 2 миллион 870 мың теңгеге 12478 литр дизельдік отын, 1 миллион 64 мың теңгеге 5846 литр АИ-92 бензині сатып алынды.

29 наурыздан бері «Көкше Бур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қалқаман, Құмай, Қарасу өзендері үстінен мұз жару жұмыстарын жүргізді. Аудан бойынша 87,0 мың текше метр қар шығарылған. Ауданда республикалық, облыстық, аудандықдәрежедегі көлік жолдарының 126 тұсында  су өткізу құбырлары, 13 көпір бар болса, бәрі де тазаланып, бақылануда. Ондай жұмыстармен жергілікті атқарушы органдар, «Нұр-Али» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ДЭУ-92 және 94, «Казавтодор» мекемелері айналысуда. 3-4 наурыз күндері «Көктем-2022»өткен командалық-штабтық республикалықжаттығулар кезінде инженерлік, автотранспорттық техника түрлері түгел тексерілген.

Ерейментау ауданында 4 гидротехникалық қондырғы бар. Олардың жағдайын, су жиналу ахуалын бақылауға жауапты адамдар бекітілген. Отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер,аудандық аурухана қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Су қарқын алмай тұрып, қауіпті саналатын аймақтардағы елдімекендерден ауыр науқасы бар және  аяғы ауыр адамдар қауіпсіз орындарға жеткізілген.

–Қар суына қарсы жұмыстар, су келуін бақылау одан әрі жалғаса бермек. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, Ерейментау ауданына қар суынан қауіп жоқ, – деп аяқтады сөзін аудан әкімі.

                                                                 Серік САПАРҰЛЫ,

                                                       «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар