Денің сау болсын десең…

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңына жүздеген белсенді жастар шығып, жаттығу жасады.  Өмірде кездесетін тосын жайларға тап болғанда тығырықтан шығуға қажетті алғашқы медициналық көмек қалай жасалу керектігін үйренді.   

Таңсәріден көпшілік көңілін өзіне аударған, бұрын көз үйренбеген мазмұнды шараға облыстық спорттық каратэ федерациясының президенті Руслан Дүкенбаев жетекшілік жасады. Ширақ қимылды, жүздерінен спортқа деген ынталары айқын байқалатын жастардың жігерлі қимылы қарап тұрған кісінің көңіліне денсаулықты қалай сақтауға, түзеуге, нығайтуға болатындығы туралы көп ой салады екен.

–Күнде таңертең жұмысқа қалалық парк арқылы өтіп бара жатып, егде адамдардың шама-шарқынша жаттығу жасап жатқандығын көріп, көңілім сүйсінеді, – дейді облыстық облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы еріктілерді қолдау орталығының жетекшісі Дастан Ермеков, –әлемнің көптеген жерлерінде мұндай көріністі жиі көруге болады. Бұл өмірге деген оң көзқарас, мықты денсаулыққа деген ұмтылыс әрі адамның сарқылмайтын ерік-жігерінің көрінісі. Негізі салауатты өмір салтына көбірек мән беруіміз керек. Сондықтан, бүгінгі шараны ұйымдастыру барысында өзіміздің іс-әрекетіміз арқылы қала тұрғындарының назарын аударғымыз келді. Біздің бұл бастамамызды естіп-білгеннен кейін өңірдің көптеген адамдары қолдайды деп үміттенеміз.

Шынында да  бұл адамның өзіне қажетті қарекет. Жастардың жалынды бастамасы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әсер етіп, ой салуы әбден мүмкін. Әрі бір қадап айта кететіндігі, бұқаралық спортпен айналысу бір күндік іс емес, ұдайы әрі тұрақты өрістетілгені жөн. Руслан Дүкенбаев бүгінгідей акцияның әсері боларына нық сенімді. Ұлттың денсаулығы сайып келгенде әрбір азаматтың ағзасының саулығына байланысты. Ал, ол жіті көңіл аударғанда ғана мүмкін болатын дүние.

Баршасы бір адамдай жаттығу жасағаннан кейін көктемнің шуақты күнінде акцияға қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерімен танысып, оны өздері де меңгеруге машықтанды.

–Егер оқып, үйреніп, халықаралық сертификат алғыларыңыз келсе, біздің кеңсеге келіңіздер, – деді халықаралық дәрежедегі нұсқаушы Руслан Кабидулинов, – білгеннің артығы болмайды.

Жастар жағы тренингке белсене қатысты. Олардың әрқайсысы өздерін құтқарушылардың орнына қойып, қатерлі шаққа қалай іс-қимыл жасау керек екендігін көңілдеріне тоқып алды. Мазмұны мол іс-шара орталық парктегі спорт алаңында жалғасты. Белсенді жастардың әрқилы мазмұны мол ойды меңзейтін шарасына Қазақстан студенттері Альянсының белсенділері мұрындық болды. Олар барлық шараны мүлтіксіз атқарып болғаннан кейін жақсы жоралғы болған істерінің соңын қорытындылап, естелік суретке түсті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар