«AQNIET» Қазақстан денсаулық сақтау салалық кәсіподағы 1999 жылдан бері еліміздің медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғап келеді. Осы жуырда ғана біздің кәсіподақ басшылығының тәжірибесі, кәсібилігі мен беделі салалық министрлікпен өзара түсіністікке қол жеткізіп, медицина қызметкерлерінің еңбекақысына біліктілік санаттары үшін қосымша ақы төлеуді қалпына келтіруді қамтамасыз етті. Бір жылдан астам уақыт бойы біліктілік санаттарын қорғау немесе бекіту мерзімдері өтіп кеткен медициналық қызметкерлер неғұрлым жоғары деңгейге емтихан тапсыру мүмкіндігінен, тиісінше қосымша ақыдан қағылып келген болатын.
Осы орайда, біліктілік санаты дегеніміздің өзі не? Осыған жауап берсек, бұл дәрігердің немесе медбикенің, фельдшердің немесе зертханашының кәсіби даярлығының деңгейіне баға беру болып табылады.
Салалық үшжақты комиссияның жұмыс қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, «AQNIET» Қазақстан денсаулық сақтау салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі және Ұлттық денсаулық сақтау палатасының арасында 4 наурызда біліктілік санаттарын және басқа да ынталандыру тұрғысындщағы қосымша ақыларды төлеу мәселесін ретке келтіруге бағытталған қосымша салалық келісім жасалды.
Салалық келісім 13.6-1 пунктімен толықтырылды. Ол денсаулық сақтау ұйымдарына бұрын берілген біліктілік санаттары ескеріле отырып, біліктілік санаттарын беру туралы бұрыннан тапсырылған куәліктердің қолданылу мерзімінің өтуіне қарамастан, 2022 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін медициналық қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына қосымша ақы есептеуді уақытша қамтамасыз етеді.
Бұл арада аталған толықтыру мынандай жағдайларды қарастыратынына көңіл бөлу керек:
1)2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін қандай меншік түріне жататынына қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККБК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаржыландырылатын денсаулық сақтау субъектілерінің барлық медициналық қызметкерлеріне тиісті біліктілік санаты үшін төлем (жоғары, бірінші, екінші) біліктілік санатын беру туралы куәліктің қолданылу мерзімінің өту-өтпеуіне қарамастан жұмыс берушімен төленетін болады.
2)2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша келісімге қол қойылғанға дейін біліктілік санаттарын беру туралы куәліктерінің мерзімдері өтіп кеткендігіне байланысты еңбекақысы азайған медициналық қызметкерлерге қосымша төлем қайта жанданады, сөйтіп, жұмыс берушілер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақыны біліктілік санаттарын беру туралы бұрын тапсырылған куәліктерге сәйкес төлейді.
Сол сияқты, салалық келісім біліктілік деңгейін беру талабымен бекітілген 13.6-2 пунктімен толықтырылған. Қаулыға сәйкес екінші біліктілік санатын алу үшін кемінде 5 кредиттік көлемде (150 сағат) біліктілікті арттырудан өту талап етіледі. Формальды емес білімнің қорытындылары кемінде 30 есептік бірлік (ЕБ) болуы керек. Оған қоса, профильді кәсіби қауымдастықтан (егер ол бар болса) ұсыныс хат апарылуы керек. Үзіліссіз еңбек өтілі 5 жылды құрауы тиіс. Бірінші санат бойынша төлемді есептеу үшін де сондай талаптар керек. Тек формальды емес білімнің нәтижелері кемінде 60 есепті бірлікті құрауы қажет. Ал, екінші біліктілік санатын алғаннан кейін бес жыл үзіліссіз еңбек өтілі болуы керек. Жоғары санатты және қосымша ақыны алу үшін біліктілікті арттырудан өту керек (150 сағат). Формальды емес білімнің нәтижелері кемінде 90 есептік бірлікті құрап, профильды кәсіби қауымдастықтан ұсыныс хаттың болуы шарт. Бұған қоса, бірінші біліктілік санатын алғаннан кейін бес жыл үзіліссіз еңбек өтілі қажет. Мұндай жағдайда санаттылық деңгейлерін бекіту ерікті түрде жүргізіледі.
Салалық келісімге толықтырулар профильсіз білімі бар денсаулық сақтау қызметкерлерінің де мүддесін қорғайды. Бұл үлкен топқа психологтар, тәрбиешілер, логопедтер, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары, зертхана қызметкерлері, денсаулық сақтау саласында еңбек ететін әлеуметтік қызметкерлер, заң, экономика, бухгалтерлік, сервистік-шаруашылықтық қызметтердің қызметкерлері кіреді. Енді оларға денсаулық сақтау субъектілерінде еңбекақы төлеуді денсаулық сақтау ұйымының қаржылай мүмкіндігін ескере отырып, лауазымдық жалақыларына ынталандыратын қосымша ақыларды қолдану арқылы төлеу керектігі айтылуда.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген азаматтық қызметкерлердің лауазымдық реестрлерінің, сондай-ақ, жұмыстардың және жұмысшы мамандықтарының Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымдарының біліктілік сипаттамалары және номенклатуралық лауазымдардың, мамандар мен мамандандырудың Номенклатуралары негізінде ұйым қызметкерлерінің қызметтері мен білімдері бойынша нақты аражігін белгілеу қажет деп есептейміз.
Өзгерістер денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақыларының көлеміне түзету коэффиценттерін де қозғамай қоймады. 2022 жылдың 1 қаңтарынан мұндай коэффицент 1,15-ті емес, 1,23-ті құрайтын болды. Бұл толықтыруды енгізуге 1193-інші қаулының ережесі негіз болды. Онда 2022 жылдың 1 қаңтарынан осындай түзету коэффицентін – 1,23-ті азаматтық қызметкерлердің, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақыларының мөлшерлеріне педагогтар, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерден басқа, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің есебінен қолдану қарастырылған. Осы орайда, салалық келісім бойынша санитаркаларды, шаруашылық жөніндегі бикелерді қоса алғанда, 1,15, ал, 1193 қаулысы бойынша 1,23 түзету коэффиценті белгіленген және санитарканың немесе шаруашылық жөніндегі бикенің лауазымдық еңбекақысын анықтау барысында 2 коэффицент те есепке алынады.
Жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, «МедАдвокат» республикалық жобасының шеңберінде «AQNIET» кәсіподағының заң және экономикалық қызметтері ұжымдық келісім-шарттарға өзгертулер мен толықтыруларды дұрыс енгізу және еңбекті төлеу жүйесі туралы ережелерді, сондай-ақ, облыстық, қалалық келісімдерді түсіндіру мәселелері бойынша медициналық қызметкерлер мен олардың жұмыс берушілері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге дайын екендіктері туралы мәлімдейді. Аталған мәселенің оң шешім табуына тек медициналық қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге, халық та мүдделі деп есептейміз. Өйткені, бұл медициналық қызмет көрсету сапасына да оң ықпалын тигізері анық. «AQNIET» кәсіподағы осындай тыңғылықты түсіндірмелерді барлық медициналық ұйымдарға жолдады.
Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
«AQNIET» кәсіподағы Ақмола филиалының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, МИПО кафедрасының профессоры, Ұлттық медицина қауымдастығы Ақмола филиалының президенті.