Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Муратаның иығына  шапан жапты - АРҚА АЖАРЫ

Муратаның иығына  шапан жапты

…Иә! Бәрін қойшы! Әйгілі боксшы Геннадий Головкиннің қарсыласы жапондық Риота Муратаның иығына шапан жапқанын, шапан жауып тұрып айтқан сөзін айтсайшы!..

Тегі, қалай риза болмассың?! Жер дүниенің қай түкпіріне барса да алдынан жанкүйері мың-миллиондап, қаумалап шығар даңқты жерлесіміз ақ шаршы алаңға қазақтың оюлы-зерлі шапанын жамылып шығады. Өзінің туған жеріне, оның халқына деген ізет-құрметі. Одан кейін «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» дегізіп, көзіңе жас үйірілтіп, Қазақстанның әнұранын ойнатады. Қайда барса әлем жұрты көз тіккен рингке еліміздің көк туын көтеріп шығады! Әзіл-қалжыңнан құралақан емес жігіттің: «Әкем-орыс, анам-кәріс, өзім-қазақпын» дейтін жүрек жылытар қалжыңы тағы бар.

16 жыл бойы кәсіби бокста жалауы желбіреп, бір сүрінбеген оның даңқы әрине, жер жарады! Сөйткен серкеміз тереңнен тамыр тартқан ұлттық дәстүрін, мәдениетін бұлжытпай сақтаған, семсерге серт берген самурайларымен, мәрттік пен намысты ардақ тұтқан Жапон еліне барып, сол елдің мақтанына айналған майталман боксшысы Риота Муратамен 42-ші жекпе-жегін өткізді. Әлемнің бұл кездесуді күткеніне көп болған. Сонымен, екі арыстан алысты! Тілеуін тілеген бауырлары сүрініп-қабынып келіп, жыларман болып, айғайлап, дем беріп отырғанда бұған дейін еліне тек қана жеңіс әкеліп жүрген Мурата қалай оңай беріле қойсын! Олимпиада чемпионы, «Суперчемпион» иегері! Барын салып-ақ бақты. Екі қолының соққысы бірдей ойсырататын Геннадийдің оңнан да, солдан да, астынан да, үстінен де төнген жойқын соққыларына өлермендікпен шыдап, сытылып шығып, тіпті, қарсы шабуылға көшіп жүрді. Осындай сәттер  он шақты  мәрте қайталанды.

Жалпы, қарсыласына өліспей беріспеу жапондықтардың қанында бар. Самурай-батырлары жау қолына түспеу үшін алмас семсерімен өз ішін өзі жарып тастамай ма?! Қанға бөгіп, көзі жұмылып өліп бара жатқандағы соңғы арман-тілегі – қылышының қолында болуы! Бітті! Басқа арман-мұрат жоқ! Татамиге шыққан каратэшісі қолының, аяғының, қабырғасының сынғанына қарамастан, жекпе-жегін жалғастыра бермей ме? Олардың кісіні құрметтеуі, ізеті, шыдам-төзімі туралы ұзақ-ұзақ әңгімелеуге болар. Мурата сол елдің ұлттық батыры есебіндегі адам. Ол жеңіле қояр ма?! Ал, сонда кім жеңілуі керек? Бұған дейін 41 рет жекпе-жек өткізіп, бір рет қана өтірік-шынды ұпай санымен ұтылғандай болып, қалғандарында барлық дерлік қарсыласын қан қақсатып, жерде домалатып, нокаутпен жеңген Головкин жеңілуі керек пе?! 37 кездесуін уақытынан бұрын аяқтапты.

Муратаны жерлестері жан сала қолдап жатса, Головкинді жігерлендіру үшін жер  асып, су асып, қазақстандықтар да жетіпті! Көпшілік арасынан қызынып тақым қысқан қандастарымыз, олардың қолында толқыған көк туымыз анық көрінеді. Оны Генаның да көзі шалып, ұрандаған таныс дауыстарды құлағы шалғаны белгілі.

Төпелеген зілдей соққылардан Муратаның әлдеқашан есеңгіреп жүргені кәміл еді. Тележүргізушілер оның төзімділігіне қайран қалып, теңеу таппай жатқан. Расында да солай болатын. Мурата шын мәнісінде өзінің мәрт бабаларына тартып туған, ұлттының абзал ұстанымдарын әз бойына қапысыз сіңірген біртуар батыр екен! Қашан құлап түскенше айқаса берді, айқаса берді, азамат! Жеңілді. 9-шы раундта тізе бүкті. Бірақ оған ешкімнің өкпесі жоқ-ты. Кейін өзі айтқандай, ол қолынан келгеннің бәрін жасады.

Міне, осындай темір тұлғалы қайсар қарсыласына жерлесіміз, ұлы даланың тумасы, ұлы боксшы Геннадий Головкин өз иығындағы шапанын жапты! Және сұрағандарға осы құрметінің мән-жайын да жете түсіндіре алды! «Қазақстанда өзі өте сыйлаған, өте құрметтеген адамына шапан жабады» деді ол. Қазақтың сол салтын жетік білген Геннадийден айналмассың ба!..Ұлтымыздың дәстүрін насихаттаған жоқ па, жігіт! Муратаның осыншама төзімділігіне, батырлығына, өз көрермені, халқы алдында жеңілмеудің бар амалын салып, қазақша айтқанда қасық қаны қалғанша айқасқан оған есігін қағып, чемпиондық белбеуін де қайтарып берді емес пе?!  «Бұл өмір бойы сенде болуы тиіс!»деді және Муратаға «Суперчемпион» белдігін беріп тұрып. Генаның онысы да мәрттік. Алайда, біздің қазақы жанымызға оның өзінің құрметтеген азаматына қазақ жолымен  иығындағы зерлі шапанын жапқаны одан да қатты әсер етті ғой!

Жеңуге де, қарсыласын сыйлап иығына шапан жабуға Гена жарады! Ал, ұлы боксшының қолынан шапан киюге сен де жарадың! Жарайсың, Мурата! Қос батырдың өле-өлгенше бір-бірін сыйлап, құрметтеп өтеріне еш шүбә жоқ! Мына өмірде достыққа, сыйластыққа не жетсін, шіркін!!!

                                                     Серік САПАРҰЛЫ,

                                                     «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар