Қара мен Майданың махаббаты

Бұл күн біздің елімізде жылда Ғашықтар күні ретінде аталып келеді. Осылай атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген болатын. Аталған мереке ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу махаббатының символы ретінде аталып өтіледі. Сонымен, біздің елімізде ол 2011 жылдан бастап ресми шара ретінде көрініс тапқан.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Осы күнге басқа елдердің ғашықтар аңызын қосып атауға болады. Ромео мен Джульетта, Лейла мен Меджнун, Фархад пен Шырын, онымен қоса, қаншама ғашықтық жұптар ауыз әдебиетінде жырланады. Сондай қазақ халқының ауыз әдебиетінің бір мұрасы ретінде келтіруге болатын туынды 1945 жылы қағаз нұсқасына түсірілген Ысқақ Аралбай ақынның  «Майлан» аңыз өлеңі. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша бұл өлең осы біздің өңірді мекендеген екі ғашықтың баянсыз махаббаты жайлы екен. Оған қоса, қыз байдың қызы болса, жігіт кедей отбасыдан шыққаны туралы үлкен жастағы қариялар білетіні анықталды. Ауылымыздың зейнеткер кітапханашысы Валентина Матусевич көршісі Алханов Орынбайда осы аңыз өлеңнің бар екенін  айтты. Сол күннен бастап осы туындының ешқайда басылып шықпағанын анықтадық. Бір таңқалдырғаны, Орынбай ағай қарапайым блокноттан  домбырасымен сүйемелдеп орындап берді.  Өкінішке орай, ол кісі 2018 жылы қайтыс болды. Өзімізде тек бейнетаспаға түсіріп алған сәттері ескерткіш болып қала берді. Осылай біз осы «Майлан» аңыз өлеңін Орынбай ағамыздың әкесі Ысқақ Аралбай жазып кеткенін анықтадық.  Ұлы Отан соғысында тұтқында болғаны үшін 10 жыл Қарағанды лагерінде отырған, қуғында болған кезде туып-өскен жерін аңсап жазған. Біздің ауыл Новомарковка Павлодар тас жолының 92 шақырымында орналасқан. Үлкен Майлан Ерейментау ауданындағы Целиноград ауданымен шекаралас аймақтағы тау. Ақжар өзенінің оң жағалауында Сілеті өзеніне құяр жерде, Астанадан 60 шақырым солтүстік-шығыста. Абсолюттік биіктігі 404 метр. Ал, Кіші Майлан, бұл да Ерейментау ауданы аумағында күмбез тәріздес тау. Сілеті өзенінің оң жағалауында, Новомарковка ауылынан 10 шақырым солтүстік-батыста орналасқан. Абсолюттік биіктігі 350 метр.

Орынбай ағамыздың жазып алған аңыз өлеңінің қысқа нұсқасы мынадай. Ертеректе Ерейментау өңірінде, Ақжарқын мен Ақмырза өзендерінің бойында Қарынбай мен Сатыбай деген атақты байлар болыпты. «Бай байға құяды, сай саяға құяды» дегендей, қос бай бір-бірімен құда болады. Қарынбайдың Майда атты сұлулығы күндей, әсемдігі айдай қызы Сатыбай байдың кенжесі Сәдуге ұзатылады. Қалың малы 200 жылқы болады, оған ілескен қой-ешкінің саны да шексіз. Ал, Қарынбай қызының жасауымен қатар, құл-күңдерін қосып бірге ұзатады. Сол көп құлдың ішінде Қара атты жігіт те бар екен. Бұл жігіттің көркі мен батырлығы ел аузында жүретін еді.

Тағдырдың жазуымен Майда сұлу өзімен теңдес бай баласы Сәдуге емес, қолындағы құлы Қараға ғашық болады. Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып өте береді. Ақырында ғашықтық жеңген Майда сұлу Қараға өз сезімін білдіреді. Күндей сұлу аруға деген сезім оты Қараның да жүрегін өртеп жүретін еді. Қос ғашықтың болашағы бұлыңғыр, біреуі құл, біреуі байдың қызы. Екеуіне қарсылық қатты болары сөзсіз. Бұл сыр елге мәлім болса, Сәду мырзаның Қараны мерт ететіні анық. Ақыры, екі ғашық қол ұстасып, елден қашуды жөн көреді. Реті келген бір күні Қара ғашығы Майда сұлумен қашып шығады. Көп ұзамай суық қарумен қаруланған қуғын да соңдарынан ілеседі. Соңынан келіп жеткен төрт қуғыншыны Қара батыр алма-кезек айқасып, сұлатып салады. Солай қашып отырып, қатар біткен екі таудың қасына келеді. Қуғын да осы жерде оларды жазым етеді. Содан бастап осы тау Қара-Майдан атанып кеткен екен. Қазіргі таңда көнекөз  қариялар, жергілікті тұрғындар бұл жоталарды «Майлан» деп атайды. Енді осы аңыз өлеңнен аздап үзінді келтіре кетейік.

Майда сұлу Қарынбайдың жалғыз қызы,

Талай бекзат алам деп жүрген мұны.

Бұлардың бәріне де сөзін бермей,

Сүйгені өз үйінде жүрген құлы.

Керімнің келбеті де ақша маңдай,

Ақтығы көктен түскен ақша қардай.

Бұралған тал бойында бір міні жоқ,

Жігіттер қалай тұрсын құмарланбай?!

Сыңқылдап көмекейден шыққан сөзі,

Гауһардай жарқылдаған екі көзі.

Қолаң шашы иығында, пісте мұрын,

Секілді піскен алма екі беті.

Жігіт те сұлу қызды ұнатады,

Өзінше іштен тынып құмартады.

Толқыны терең ойды тербеткендей,

Бір сөздің кезегінде сыр тартады.

Қара да өзі батыр, сондай мықты,

Мақтаншақ мықтылардың көбін жықты.

Тең түсер теңім менің екенсің деп,

Атына қарамастан қыз қызықты.

Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу,

Қиын емес ерлерге бетін бұру.

Сен өлген жерде мен де өлемін деп,

Бұраң бел сол арада қолын берді…

***

Осы келген біздерге бәрі де жау,

Қамалап қалың топтын тұрғаны анау.

Қанына қалмайық деп екі жастың,

Ішінде бар деймісің, мұсылман-ау.

Әуелде басты байлап осы өлімге,

Беріп пе еді әркімді сүйгеніне.

Талайлар ғашық үшін қаза болып,

Жетпейді олар дағы тілегіне.

Біз дағы осылардың біріміз ғой,

Кетуші ол дүниенің құлымыз ғой.

Қош енді жаным сүйген жан жолдасым,

Уақыт біткенінше тіріміз ғой.

Қаруын алды дағы мінді атқа,

Солардың отыруына жау қарап па.

Олар көп, тек бұл ғана жалғыз өзі,

Тиісті аш бөрідей қалың топқа.

Соғысып жатыр бәрі тобын жазбай,

Үстінде ажал бүркіт ойнағандай.

Талайлар осы арада қаза тауып,

Кетісті, әй, өмірдің тағдырын-ай.

Болса да қанша мықты көп адамға,

Боялып басы, көзі  қызыл қанға,

Жатқанмен кезектесіп құнын алып,

Қара да ақырында түсті қолға.

Жарлығы жаратылыстың жолында арман,

Сұм өмір ойламастан торын құрған.

Майда-Қара, Майлан деген атақ,

Аталып екі тауда аты қалған.

Бұларды ауызға алып ел айтады,

Көп жүріп, көпті көрген қарт айтады.

Ғашықтың осы арада өлгендігін,

Екі тау куә болып, сол айтады.

Міне, Ысқақ Аралбай ағамыздың жазып қалдырған аңыз өлеңінің бір бөлігі осы. Менің осы орайда бірнеше ұсыныстарым бар. Келешекте ауылымыздың жанында екі ғашыққа әдемі ескерткіш қойылса, екіншісі, Новомарковка ауылының атауы Майлан ауылы деп өзгертілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Гаухар БИЕКЕНОВА,

 Новомарковка орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,

педагог зерттеуші.

 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар