Көкшетау сахнасында – Шымкент театры

Күні кеше шырайлы Шымкенттен қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрыКөкшетау қаласына гастрольдік сапармен келді. Осыған орай, Ақмола облыстық орыс драма театрында  «Ақмола облысы мен Шымкент қаласы арасындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуда гастрольдік театр қызметінің рөлі» тақырыбында брифинг болып өтті. Жиынға Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтаев, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бахтыгереев және баспасөз өкілдері қатысты.

Бұл игі іс шара  «Балалар жылы» аясында жүзеге асырылып отыр. Биылғы жылы қос өнер ұжымы бұдан да басқа бірлескен тың жобаларды қолға алуды жоспарлаған. «Мәселен, ағымдағы жылдың 13-18 қыркүйегі аралығында театральдық лаборатория кезеңі ұйымдастырылатын болады. Бұл шараға тәжірибесі мол театр мамандары қатысады деп күтілуде» деп алдағы жоспарларымен бөлісті Б.Бахтыгереев жиын барысында. Яғни, бұл Шымкенттегі өрелі өнер ордасымен шығармашылық тығыз қарым-қатынас нығая түсіп, екі өңірдің өнерпаздары арасындағы ынтымақтастық өз жалғасын тауып, берік мәдени байланыс қалыптасқандығын айғақтайды.

Қырық жылға жуық тарихы бар Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Көкшетауға қазақ және орыс тілдерінде үш қойылым ала келіпті.  «Кел, бірге ойнайық», «Колосок», «Гамлет»  сияқты қойылымдар көрермен көңілінен шығуда.  Айта кетуіміз керек, бұл күнде шымкенттік театр ұжымының репертуарында 70-тен астам  қойылым бар екен. Өнер ұжымы Көкшетауда ағымдағы жылдың 13 сәуірінен 17 сәуіріне дейін өнер көрсететін болады.

– Екі жыл бойы пандемияның салдарынан көрерменмен қауыша алмадық. Жас көрермендердің театрды сағынғандарын байқадық. Театр  алдымен, тәрбие құралы. Біздегі басты мақсат өскелең ұрпақты адами абзал қасиеттерге, ұлттық құндылықтарға баулу және тәрбиелеу болып табылады, –дейді театр директоры Самат Алтаев.

Айта кетуіміз керек, Ақмола облыстық орыс драма театрының ұжымы қазіргі таңда гастрольдік сапармен Шымкент қаласында өнер көрсетуде. Ақмолалық театр актерлері «26 точка», «Сиротливый запад», «Полковник –птица» тағы басқа қойылымдарымен шымкенттік өнерсүйер қауымды тәнті етуде.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар