Ауылға жұмысқа баратын жас маманға қолдау бар

2009 жылы бастау алған республикалық «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында дәрігерлер мен мұғалімдерді әлеуметтік ынталандыру қарастырылған. Яғни, бұл жоба бойынша ауылға баратын жастарға 70 айлық есеп-айырысу көрсеткіші көлемінде жоғарылатылған жәрдемақы төленіп, баспана алуға несиеге жеңілдік және айлығына 25 пайыз үстемақы төленеді. Бұл жобадан мемлекеттің де, ұлттың да ұтары көп. Өйткені, бұл ауыл үшін де, жастар үшін де тиімді іс болғаны анық. Атап өтерлігі, 2020 жылдан бастап бұл тізбеге мемлекеттік қызметшілер де енгізілді.

Сонымен қатар, қалада туып-өскен жастарға да ауылда еңбек ету таптырмас тәрбие. Ауылға аттанған жастар үшін тұрғын үй алуға мүмкіндіктер жасалып, жеңілдікпен несиелер берілетіндігін ескерсек, бұл жобадан бас тартуға ешқандай да себеп жоқ. Ақмола облысында да бұл жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, облыс орталығынан шалғай жатқан Жақсы ауданында осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыс өз жемісін беруде.

Жақсы ауданында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды ауылға жұмысқа тарту мақсатында бұл бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда.  Ауылға жұмыс істеуге және тұруға көшкендер көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге бюджеттік несие алып отыр.

– Өткен 2021 жылы біздің ауданға 17 жас маман келіп, оларға көтерме жәрдемақы түрінде жалпы сомасы 5 миллион теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, 7 маманға 26,2 миллион теңге сомасында бюджеттік несие берілді. Ағымдағы жылы 19 маманға 5,8 миллион теңге сомасында көтерме жәрдемақы, 6 маманға 27,6 миллион теңгеге бюджеттік несие беруді жоспарлап отырмыз. Әрине, бүгінгі таңда бізде ауылдық елді мекендерде, оның ішінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында кадрлардың жетіспеушілігі бар. Алайда, бүгінгі күні медициналық жоғары оқу орындарында 8 студент аудан әкімінің гранты есебінен оқиды және оқуын аяқтағаннан кейін ауданға білікті мамандар болып оралатын болады», – дейді Жақсы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнаш Ибрагимова. Біз осы орайда, бағдарлама аясында аталған ауданда еңбек етіп жүрген жас мамандарды да сөзге тартып көрдік. Солардың бірі Жақсы аудандық ауруханасының дәрігер-педиатры Анжелика Юдина.

– Дәрігер болу менің бала кезгі арманым еді. Мектеп оқушысы кезінен-ақ, болашақта дәрігер болатыныма сенімді болатынмын.  Мен педиатрияны таңдадым. Себебі, балалармен жұмыс істегенді ұнатамын, бұл  жүрегім қалаған мамандық. Мектепті тәмамдасымен Қарағанды қаласындағы медицина университетіне оқуға түстім. Қолыма диплом алған кезде бірден ауылда еңбек етуді ойладым. Себебі, көзі ашық азамат ретінде мемлекет тарапынан жас мамандарға қолдау бар екендігін жақсы білетінмін. Содан болар,  елді мекенде тұрып, өзім өнген ортама, ауыл адамдарына қолымнан келген бар көмегімді беріп, университетте алған білімімді іс-тәжірибемен ұштастырып еңбек етуді өзіме мақсат тұттым. Университет тәмамдап жатқан тұста, аудан басшылығынан осындай ұсыныс түскенде бірден қуана келістім. Себебі, қалада жүріп тапқан-таянғанымды жалға алған пәтерге жұмсағанымша, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді пайдаланып, алаңсыз еңбек еткенді жөн санадым. Жастар ауылдан қашпауы керек. Қазіргі аудан орталығын айтпағанда, шалғайдағы ауылдардың ахуалы жақсарған. Елдің тұрмысы да түзелген. Жыл санап инфрақұрылымдар да бой көтеруде.  Ауыл адамдары табиғатынан ақжарқын, бауырмал келетіні белгілі. Өз басым осындай шешім қабылдағаныма өкінбеймін. Өйткені, мәдениет пен тәрбиенің бәрі де ауылда. Қазіргі таңда индустриялық-инновациялық бағдарламалар жасалып жатыр.  Негізі, қай жақта жүрсең де, білімді, өз ісіңе ұқыпты болсаң, жұмыссыз қалмайсың,–дейді ол өз ойымен бөлісіп.

Аталмыш бағдарлама бойынша Жақсы ауданына келіп, қызмет етуді жөн санаған жас маман мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқандығын, соның бірі  «Ди­пломмен – ауылға!» бағдарламасы екендігін қуанышпен айтады.

– Соңғы курста-ақ біздің аудандық ауруханамен келісім-шартқа отырған болатынмын. Келгеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуға, көтерме жәрдемақы, сондай-ақ, тұрғын үйге несие алуға өтінім бердім. Сонымен қатар, маған әкімдік тарапынан көтерме жәрдемақы ретінде бір миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. 2020 жылы дәрігерлерге арналған сегіз пәтерлі тұрғын үй қайта жабдықталды. Ауданға келген жас мамандар осы үйден пәтер ала алады. Мен де осы жылдың тамыз айында бағдарлама бойынша несие алуды жоспарлап отырмын», – дейді Анжелика Васильевна.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар